Халық екі аптада бір рет моншаға барады. Ерлан Сайыров қымбатшылық туралы айтты

2001
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Amanat партиясы фракциясының халық табысын арттыру бағдарламасы талқылаған жиынында депутат Ерлан Сайыров қымбатшылық туралы айта кетті. Ол тұрғындардың әл-ауқатын жалпы ішкі өніммен өлшеу орынсыз деген пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Бұл өте маңызды мәселе. Осы өте маңызды мәселеге халық сену үшін ең бірінші біздің сөзіміз бен анау базардағы бағасы сәйкес келуі керек. Менің ойымша, осындай кездесудің алдында Үкімет мүшелері міндетті түрде базарға барып шығуы керек. Бүгінгі таңда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 3,2% өсті деп айтасыздар. Бірақ Қазақстандағы инфляция 20% өсті ғой. Көршілеріміз Қырғызстанда инфляция 14%. Өзбекстанда 12%, Ресейде 11%, - деді Ерлан Сайыров.

Депутат халықтың табысы түскенін моншаға баруынан-ақ байқауға болатынын айтты.

Мен өзім базарға «Артем» базары мен «Small»-ға барамын. Құрметті әріптестер адамдар күнде тұтынатын нан, май, макарон, күріш 80% өсіп кетті ғой. Осыны біз неге айтпаймыз? Жігіттер, мен «Керемет» деген моншаға барам. Осы кезде халық жетісіне бір емес, екі жетіде бір рет моншаға баратын болған. Өйткені халықтың табысы төмендеп кетті. Әріптестер, біз осындай әңгіме айтқанның орнына бүгінгі индкаторларды өзгерту керек. Сіздердің индикаторларыңыз дұрыс емес. Ішкі жалпы өнім Қазақстан халқының әл-ауқатының индикаторы бола алмайды. Негізгі индикатор – үй шарушалықтарының табысы, - деді депутат.

Пікірлер