Ашаршылық пен репрессия неге геноцид емес? Депутаттардың жалтақ жауабы

2858
Adyrna.kz Telegram

Өткен ғасырдағы алапат аштықты Украина секілді геноцид ретінде мойындату керек пе? Бұл сұрақты бірнеше Мәжіліс депутатына қойып, жауап алуға тырыстық. Бір қызығы депутаттар ашаршылықты геноцид деп тануға байланысты сұраққа аса сақ жауап берді. Бәрі бір ауыздан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияны еске алды.

“ГЕНОЦИДКЕ СОВЕТ ҮКІМЕТІ АЙЫПТЫ. БІРАҚ САЯСИЛАНДЫРМАЙМЫЗ…”

«Республика» партиясының төрағасы әрі Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров ең бірінші геноцид дегеннің не екенін түсінуіміз керек екенін ескертті. Оның айтуынша, бір ұлттың басқа ұлтты құртып, жоюу саясаты геноцид деп аталады.
«1917 жылдан бастап біздің төрелерімізді, сұлтандарымызды жойды. Одан кейін жұт болды. Ал 1936 жылы менің әкемнің туған атасы атылып кетті. Сондықтан да менің ойымша шынымен де біздің еліміз геноцидке ұшырады деп сенемін. Бірақ оны біреуге жүк салып, «мына ел, мына ұлт істеді» деп айту дұрыс емес. Бұл жерде Совет үкіметі айыпты және ол кезде басшылықта болған адамдардың ұлттары да әртүрлі болды. Сондықтан да Ашаршылықты бір ұлтқа жүктеп «Мына ұлт біздің ұлтты жойды» дегенді мен қолдамаймын», – деді депутат.

Сондай-ақ ол Ашаршылықты саясиландыруға байланысты сұраққа жауап берді. Депутаттың көзқарасы биліктің бұған дейін айтқан пікірімен ұқсас шықты.

«Неғұрлым біз тарихты саясиландырсақ, соғұрлым біздің ішімізде өкпе пайда болады. Ең бастысы Ашаршылықтан сабақ алуымыз керек. Біріншіден, кімнен келген ашаршылық, сол адамдар мен мемлекет туралы білуіміз керек, екіншіден, оны болдыртпас үшін іс-әрекеттер жасауымыз керек», – деді ол.

ПРЕЗИДЕНТ ПОЗИЦИЯСЫ МЕН ДЕПУТАТ МИССИЯСЫ СӘЙКЕСЕ МЕ?

Мәжіліс депутаты Асхат Айғамбетовтың көзқарасы Айдарбек Қожаназаровтың пікіріне ұқсас. Алайда тарихшы депутат әріптесі секілді Ашаршылықты геноцид деп мүлде айтпай, аса сақтық көрсетті. Экс-министр «Украина секілді ашаршылықты геноцид деп тану қажет пе?» деген нақты сұраққа жалпылама жауап берді.

«Бұл мәселе қазіргі уақытта кеңінен зерттеліп жатыр. Репрессияға ұшыраған біздің азаматтарымызды ақтау бойынша үлкен комиссия құрылып, зерттеу жүргізіліп, қазір нақты жұмыс жүріп жатыр. Мемлекет басшысы бүгін осы мәселе бойынша арнайы Twitter-де пікір білдірді. Мемлекет басшысының позициясымен толығымен келісемін. Шын мәнінде бұл біздің тарихымыздағы өте үлкен қаралы күндердің бірі болды. Оны біз біліп, айтумыз керек. Бүгін менің білуімше мектептерде дәл осы мәселе бойынша арнайы ашық сабақтар өтіп жатыр. Өткен тарихымызды есте сақтау үшін мұндай шаралардың өткені керек.

Біздің керемет элитамыз ату жазасына кесіліп, қаралы күндер болды. Сондықтан да бұл мәселеде үлкен зерттеу жұмыстары жүріп, ақтау жұмыстары жалғасуы керек. Комиссия өзінің жұмысын жалғастырып, бір тиісті шешімді ұсынады деп санаймын. Сондықтан мұны тек қана саяси көзқараспен ғана емес, еліміздің алға жылжуы үшін пайдалы қадам ретінде қарауымыз керек», – деді ол.

Асхат Қанатұлы алыстан орағытып, сұраққа нақты жауап бермеген соң «Тарихшы ретінде ашаршылықты геноцид деп бағалайсыз ба?» деп сауал қойдық. Ал депутат “Ашаршылықты ешқандай зерттеусіз, тек қана эмоционалды тұрғыда емес, нақты шараларды белгілеп, тиісті шешім қабылдау керек,-“ деп жауап берді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, депутаттар ашаршылыққа байланысты екі шоқып, бір қарағанды жөн көріп отыр.

Серік Жолдасбай

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер