Қытай бір табан жақындайды. Қазақстан сауда-cаттықтың жаңа форматын енгізбек

3753
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан тарапы сауда көркін қыздырып, Қытайға тауар сату ісін жандандырмақ. Осы мақсатта Қытаймен сауда-саттықтың жаңа форматын енгізіледі. Сауда және интеграция министрінің айтуынша, Қытайдың қазақ тауары мен өніміне деген құлшынысы жоғары. Олар Қазақстанда сауда аймағын құрып, Отандық өнімдерді Қытайға тасымалдауға ықылас танытқан, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Алыс-берістің толысқан, түрленген түрі хақында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлім етті.

«Қытай пандемия уақытында Қазақстан үшін экспорттық қызығушылық тудырған ең ірі нарықтардың біріне айналды. Көптеген шетелдік компания Қытайдан кетті, ал Қытай нарығы Қазақстан үшін өте тартымды. Біріншіден, ауыл шаруашылығы. Яғни, біздің негізгі қызығушылығымыз – қытай сатып алушыларының қажеттілігін қанағаттандыру. Қытай ет өңдеушілері қауымдастығымен кездестім. Осы кездесуде бір қызық апарат болды. Егер, әрбір қытайлық күнделікті тағам мөлшерінде ет тұтынуды 50 граммға арттырса, онда Қытайдың 1 жылдағы ет импорты 25 млн тоннаға артады», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, Қытай аумағында өңдеуші кәсіпорындар құрылысымен айналысатын компаниямен келісімшарт жасалған.

«Олар бізге Қазақстанда аймақ құруды, оған Қытайда тұтынылатын түрлі өнімдерді өндірушілерді орналастыруды, экспорт алдындағы тексеру жүргізуді ұсынады. Зертханалар, техникалық реттеу, барлық лицензиялар сол жерде болады. Яғни, Қазақстан аумағында машина не контейнер мөрленіп, Қытай аумағындағы сатып алушыларға тоқтаусыз текізіледі. Бұл сауда-саттықтың жаңа форматы. Біз оны Қытаймен тәжірибеден өткіземіз. Оларда әлемнің өзге бірде-бір еліммен мұндай жоқ. Біз соған қол жеткізе алдық. Мұны Қазақстан Үкіметі тарапынан ілгерілеушілік дер едім», - деді Қайрат Төребаев.

Орайы келгенде айта кетейік, өткенде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин бірқатар құжаттарға қол қойған еді. Құшақ-құшақ құжаттардың арасында "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім" бар.

Қазақстан азаматтарының Қытай аумағында, Қытай азаматтарының Қазақстан аумағында 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз жүруіне мүмкіндік беретін құжат қарастырылып жатқанын бұған дейін хабарлған. Ұлттық ақпарат кеңістігінде бұған деген түрлі көзқарас, ала-құла пікір қалыптасты.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер