Асхат Оралов киногерлерді неге қабылдамады?

2573
Adyrna.kz Telegram

Алматыда митинг өткізіп, айыппұл арқалаған бір топ азамат Астанаға келіп, Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловпен кездескісі келген. Әйтсе де министр мүйізі қарағайдай азаматтардың алдына шығып, мән-жайды түсіндіруді бойына шақ көрмеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін үкімет» деген саясатына Асхат Рыздықұлы неге немқұрайлы қарады?

Белгілі актер Азамат Шарғын бастаған бір топ азамат министрлік ғимаратының алдында Асхат Ораловты күтті. Алайда

«Осы жылдың 1 және 30 наурыз аралығында өткен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өткізген іріктеу конкурсының әділетсіз, өрескел заң бұзушылықпен өткен болатын. Біз соған наразы болып, бір топ киногерлер президент пен президент әкімшілігіне, мемлекеттік кеңесші, Мәдениет министріне хат жолдаған болатынбыз. Бірақ ешқандай реакция болмағаннан кейін Алматыда митингке шықтық. Митингтен кейін наразылыққа шыққан адамдардың барлығын полиция бөлімі шақырып, 70 мың мен 170 мың теңгенің аралығында айыппұл салып тастады. Ал біз айыппұл төлемейтінімізді айтып, 15 тәулікке қамуды сұрадық. Бірақ олар біржақты шешім шығарып барлығымызға айыппұл салып тастады.

«Еститін үкіметке» біздің митингке шыққаннан кейінгі шуымыз, наразылығымыз жеткен болуы керек, Мәдениет министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов әлеуметтік желіде біздің талабымыз бойынша белгісіз бір уақытқа дейін питчинг тоқтатылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол тексеріс жүргізу үшін тәуелсіз комиссия құрылатынын айтты. Біз митингке шыққан кезде тәуелсіз комиссияның құрамында кімдер болуы керек және не нәрсе тексерілуі керек дегенді жазған болатынбыз. Мысалы өткен 130 жоба мен өтпей қалған 153 жоба салыстырылып, тексерілуі керек. Өйткені өткен 130 жобаның ішінде заңсыз өткен 4 жоба нақты бар екенін дәледейтін құжаттай дәлеліміз бар. Біз мұны Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ашық айтқан болатынбыз. Міне соны талқылауға министрлікке келіп, министрмен кездесеміз деп ойладық. Алматыдан 19 күні шығып 20 күні астанаға келдік. Астанаға келгендегі мақсатымыз министрмен кездесіп, сөйлесу болатын, алайда минитср қабылдамады.

Министрлікке қарасты Мәджениет комитетінің басшысымен кездесіп, барлық жағдайды баяндадық. Ол «Тәуелсіз комиссиядан кейінгі сендердің талаптарыңды біздер шеше алмаймыз. Бірақ министрге жеткіземіз» деп айтты. Бүгін сенбі болса да министрліктің алдына келіп, министрді күтіп тұрмыз, бірақ ол келмеді», – деді Азамат Шарғын.

Киногерлер журналистерге мән-жайды түсіндіріп тұрғанда Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров кездесіп қалды. Азамат Шарғын өздерінің қандай талаппен министрлікке келгенін депутатқа түсіндіріп берді.

«Келесі аптада министрлікке мәжіліс депутаттары атынан хат жібереміз. Біріншіден мұндай мәселеде әділеттілік болуы керек. Екіншіден, біз құқықтық мемлекетте өмір сүргеннен кейін заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Бұл біздің прицптік позиция. Егер сіздер заңсыздық бар деп есептесеңіздер Бас прокуратура мен Аникорға жүгініңіздер», – деп ақыл кеңесін айтты.

«Балуан Шолақ» фильмінің режиссеры Нұргелді Садығұлов өздерінің ортақ әділеттілік үшін күресіп жүргенін айтады. Сондықтан да ол барлық киногерлердің ортақ позицияда жұмыс істеуге шақырды.

«Нұрғиса Дәуешов «құжаттарды тексертеміз» деп жатыр ғой. Біздің әу бастағы ұстанымымыз осындағы 5-6 жігіттің жобасын өткізіп берсін деген талап емес. Бұл жерде ортақ әділеттілік болуы керек. Олар осы 5-6 жігіттің жобасын өткізіп жіберейік деп ойлауы мүмкін. Ол жоба одан ары өте ме, өтпей ме, ол жағы тағы белгісіз. Өкінішке қарай киногерлердің арасында «олар өз жобалары үшін жүгіріп жүр» деген түсінбеушілік болып жатыр. Жоқ, біз бұл жерде әділеттілік үшін жүгіріп жүрміз. Егер осы 5-6 киногерлердің жобасын өткізіп жіберейік деген әңгіме болса, ол дұрыс нәрсе емес. Бұл жерде мен өз әріптестеріме біз ортақ әділеттілік үшін күресіп жатқанымызды баса айтқым келеді. Біздің әу бастағы талабымыз еш өзгерген жоқ. Мәселеміз жартылай шешіліп жатыр, бірақ та талаптарымыз түбегейлі шешіліп жатқан жоқ. Министрмен кездесудегі мақсатымыз қазір болып жатқан жағдайды дұрыс шешу үшін министрлікке көмектескіміз келеді», – деді ол.

Министрліктің алдына жиналған азаматтардың ішінде елге етене таныс азаматтар. Мысалы Азамат Шарғын әр түрлі сериалдарға түсіп жүрген азамат. Сондай-ақ киногерлердің арасында Шона Смаханұлы секілді елге белгілі ақынның ұлы Жансерік Шонаұлы бар. Асхат Оралов осындай елге белгілі азаматтардың алдына шықпаса, қарапайым халықты мүлде көзге ілмейді ғой. Мұндай шенеуніктерге президент «Жерге түсіңдер» деп айтты емес пе?

Серік Жолдасбай

Пікірлер