Елена Рыбакина Рим мастерс турнирінің чемпионы атанды

4911
Adyrna.kz Telegram
Фото: ҚР теннис федерациясы
Фото: ҚР теннис федерациясы

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Рим WTA 1000 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Елена Рыбакина финалда әлемнің 47-ракеткасы, украиналық Ангелина Калининамен бас жүлдені сарапқа салды.

Қарсыластар осыған дейін өзара бір рет жолығып, онда украиналық теннисші жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы Ангелина Калинина матчты бірден брейкпен бастады – 2:0. Дегенмен Елена таразы басын теңестіріп, өзі алға шықты – 4:3. Сосын бір сағатқа жуық уақытқа созылған сетті брейкпен бітірді – 6:4.

Екінші партия басында есеп 0:1 болғанда, украиналық теннисші бәсекені жалғастырудан бас тартты.

Бір сағат 3 минутқа созылған матч барысында Елена Рыбакина 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) шектелді.

Осылайша, Елена Рыбакина өз спорттық жолында алғаш рет Рим мастерс турнирінің чемпионы атанды.

Алдағы дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік рейтингіде қазақстандық теннисші 4-орынға көтеріледі.

Пікірлер