Диас Нұрақын: Білімге бөлінген мемлекеттің қаржысын сүлікше сору барлық жерде бар сияқты

2167
Adyrna.kz Telegram

Журналист 940 млн теңгемен ұсталған Талдықорған қалалық білім бөлімінің бухгалтеріне таң қалудың қажеті жоқ деп есептейді.

"Мәселен, Астанадағы М. Жұмабаев атындағы халықаралық колледжде 700 оқушы мемлекеттік грантпен оқиды екен. Бірақ соның тең жартысы мүлде сабаққа келмейді дейді мұғалімдер. Тіпті колледж табалдырығын аттап көрмегендер бар екен. Соған қарамастан сол студенттердің сабағы төрт пен беске жабылып, бәрі ай сайын стипендия алып отыр дейді арызданушылар. Колледждегі кураторлар жылдар бойы төбе көрсетпеген сутденттеріне хабарласып, не үшін сабаққа келмей жүргенін сұраған. Сөйтсе олар: «ойбай, мен разве колледжде оқушы ма едім? Астанаға мүлде барып көрмегем. Шымкентте, Түркістанда, Таразда тұрамын деп ашығын айтыпты шетінен. Демек, мемлекеттік грантпен оқып жатқанын студенттердің өздері де білмейді. Оларды бәз-біреулер сыртынан оқуға түсіріп, сабағын 4-5-ке жауып, стипендиясын өздері алып отыр деген сөз. Сосын осы колледждегі жағдайы төмен, әл-ауқаты нашар оқушылар ыстық тамақпен қамтылады екен. Алайда тізімде бар, сабақта жоқ оқушылардың тамаққа бөлінген ақшасы біреулердің қалтасына кетіп жатыр дейді мұғалімдер", - дейді Диас Нұрақын.

Расында білім ордасында осындай былық болып жатқанын колледж басшылары білмеуі мүмкін емес.

"Колледж мұғалімдері де мемлекеттің миллиондары астыртын ұрланып жатқанын айтып Антикорға, Оқу-ағарту министрлігіне және Астана қалалық білім бөліміне, прокуратураға арызданған. Алайда, ешқайсысы селт етпеген. Осындай арыз-шағымға дер кезінде назар аудармаудың кесірінен, Талдықорғандық бухгалтерлер түйені түгімен жұтып жатқан жоқ па?", - деп алаңдаулы журналист.

Пікірлер