Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ақордада ауызашар берілді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Баршаңызды қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын. Ораза қабыл болсын! Рамазан айы – күллі мұсылман қауымы үшін ерекше уақыт. Жамағат осы айда ізгі амалдар жасап, мол сауапқа кенеледі. Біз былтыр Ақордада алғаш рет арнайы дастарқан жайып, ауызашар бердік. Бұл бастама өз жалғасын табуда. Бүгін менің атымнан әрбір облыста жұртшылыққа ауызашар беріліп жатыр»,—деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиын барысында ел басшысы ұлт мәдениетінің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Жалпы, ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты.
Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн. Қазіргі таңда зиялы қауымның қоғамдағы рөлі аса маңызды. Мәдениет қайраткерлері халыққа, ең алдымен, өз туындыларымен танымал болуы керек, қоғамға, әсіресе, жастарға жол көрсетіп, үлгі-өнеге болуы қажет. Жұртымыз зиялы қауымнан сабырлықты, парасаттылықты күтеді»,—деді Тоқаев.
Президент бір жылдың ішінде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болған айтулы оқиғаларға арнайы тоқталды.
«Жалпыұлттық референдум арқылы Конституцияға өзгерістер енгізілді. Еліміз үшін аса маңызды бірнеше саяси науқан өткізілді. Соның ішінде Президент сайлауы және жуырда болған Парламент пен мәслихаттар сайлауы бар. Бір сөзбен айтсақ, қысқа мерзімде өте ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміз жаңа дәуірге қадам басты, Әділетті Қазақстанды құра бастадық. Қазақстан – өз геосаяси аймағында осындай ауқымды реформалар жасап жатқан бірден-бір ел. Жаңартылған Конституция және елімізде болып жатқан өзгерістер – осының айқын дәлелі. Біз осы реформаларды, жалпы айтқанда, осы саясатты міндетті түрде жалғастырамыз»,— деп қосты ол.
«Ақорда» резиденциясында Мемлекет басшысының атынан берілген ауызашарға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, мәдениет қайраткерлері, құтқарушылар, еңбек адамдары қатысты.