Мемлекеттік қызмет саласында ана тіліміз ресми тілдің тасасында қалып отыр

2381
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде өткізілетін тестілеуде қазақ тілі есепке алынатын норма енгізу қажет. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Самат Мұсабаев айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

«Бүгінгі өзекті мәселе, ол – мемлекеттік қызмет саласындағы қазақ тілінің жағдайы. Заңмен бекітілген биік мәртебесіне қарамастан, бүгінгі күнге дейін мемлекеттік қызмет саласында ана тіліміздің ресми тілдің тасасында қалып отырғаны жасырын емес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы №40 бұйрығына сәйкес, мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін білуге арналған тестілеуден өту үшін - мән белгіленбейді» деп жазылған. Демек бұл, мемлекеттік қызметке өту барысындағы тапсырылатын тестілеуде қазақ тілінің қажеттілігі жоқ екенін білдіреді», - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының атына депутаттық сауал жолдаған Самат Мұсабаев.

Мысалы оның дерегінше, «Б» корпусының мемлекеттік қызметке өту сынағында 9 нормативтік-құқықтық актілер бойынша қамтылған 130 сұрақтың белгілі бір межесі көрсетілген.

Ал қазақ тілінен өту межесі айқындалмаған. Бұл ана тілге деген құрметтің мүлдем жоқтығын көрсетеді.

«Бізге түсініксіздігі, мемлекеттік қызметке өткен азаматтарға берілетін сертификатта «Үміткер Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеуден сәтті өтті» деп жазылады. Бұл анық көз бояшылық емес пе? Осыған орай біздің ұсынысымыз мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде өткізілетін тестілеу кезінде қазақ тілі есепке алынып, үміткер 100 пайыз мемлекеттік тілден оң нәтиже шығару керек деген нормалар енгізілсін», - деді Мәжіліс депутаты.

Пікірлер