Алматыда "Мәліктің рухы халықпен" атты танымдық-тағылымдық экспедиция ұйымдастырылды

2426
Adyrna.kz Telegram

Мәлік Ғабдуллин музейінің қызметкерлері Алматы қаласында "Мәліктің рухы халықпен" атты танымдық-тағылымдық экспедиция ұйымдастырды, деп жазады “Адырна” ұлттық порталы.

Іс-сапардың алғашқы күні экспедиция мүшелері М.Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығын, қос батырдың ерлік жолы мен достық қарым-қатынасын жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында Бауыржан Момышұлы атындағы "Жас Ұлан" республикалық мектебінде "Ағалы-інілі қос батыр, қияметтік дос батыр" атты кеш өткізді.


Экспедициялық топ мүшелерін "Жас ұлан" республикалық мектебінің басшысы подполковник Нұрлыхан Сатбайұлы жылы шыраймен қарсы алды. Сондай-ақ мектеп клубының басшысы Қажымұқан Мағазбекұлы мектептің тыныс-тіршілігі, Бауыржан Момышұлының тұлғасы дәріптелетін мектеп мұражайымен таныстырды.

Кеш барысында М.Ғабдуллиннің өнегелі өмір жолынан сыр шертетін "Ғажайып өмір баспалдақтары" атты жылжымалы көрме таныстырылып, "Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлы арасындағы рухани байланыс кезеңдері" тақырыбында дәріс оқылды. Көпшілік қауымға Мәлік батырдың "Қазақ баласы" қолжазбасы туралы баяндалды.


Осылайша Көкшетаудағы Мәлік батыр музейінде "Жұлдызсыз батыр" атанған Бауыржанның тұлғасы қалай насихатталса, бүгін Алматының төрінде қос батырдың ерлігі мен достығын теңдей насихаттаудың сәті түсті. Республикалық мектептің түлектері Бауыржан Момышұлының да тұлғалық образын көтеріп жүрген музей қызметкерлерінің еңбектеріне көздері қуанып, көңілдері сүйсінді.

Іс-шара соңында мектеп мұражайына естелік сыйлықтар табысталды. Мектеп ұжымы Бауыржан Момышұлының да тұлғалық образын көтеріп жүрген музей қызметкерлерінің еңбегіне ризашылықтарын білдірді.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер