«Ақбөкенді қорғаймын деп, мерт болдың-ау, құлыным!»
30 ҚАҢТАР - АҚБӨКЕНДЕРДІ ҚОРҒАУ ЖОЛЫНДА МЕРТ БОЛЫП, ЕЛ-ЖҰРТЫ «ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» АТАҒЫНА ҰСЫНҒАН ҚАЗАҚТЫҢ ҚАҺАРМАН ҰЛЫ, «ОХОТЗООПРОМНЫҢ» ИНСПЕКТОРЫ ЕРЛАН БАЛҒАБЕКҰЛЫ НҰРҒАЛИЕВТІҢ ТУҒАН КҮНІ. МАРҚҰМ ОСЫДАН 17 КҮН БҰРЫН БРАКОНЬЕРЛЕРДІҢ ҚОЛЫНАН ҚАЗА ТАПТЫ.
(Екі аяқты айуандармен арпалыс - 8)
Бірер күн бұрын «Ерланның әке-шешесі Астанаға келіпті» деген хабарды естіп, 83 жастағы әкесі – Балғабек ата мен 82 жастағы анасы – Бәкен апаға көңіл айта барып, аз-кем әңгімелескен едім. Бір сағатқа жуық сыр-сұхбатымыздың ұзын-ырғасы төмендегідей болып шықты.
Еліктің лағындай еркелеп өсіп еді...
(әкесі Балғабек Нұрғалиевтің әңгімесі)
-Қазақта ер бала туғанда: «Ұл туғанға – күн туар» дейді. Ерландай қаһарман ұлдың қайда, қандай отбасында туғанын білгіміз келеді. Балалық шағы қалай өтті?
-Өзім атадан жетім өстім. Әкем соғыстан оралмады. Әке тәрбиесін көрмей, анамның аялы алақанында ержеттім. Күллі саналы ғұмырымды бала оқытуға арнадым. Ертедегі бір данышпаннан: «Үш тірегі бар адам бақытты болады. Біріншісі – өмірлік серігі, екіншісі – өрбіген ұрпағы, үшіншісі – үлгілі шәкірті бар адам» деген қанатты сөз қалыпты. Аллаға шүкір ететінім, адал өмірлік серігім, Құдай берген 7 (5 қыз, 2 ұл) балам бар. Азды-көпті еңбегім сіңген, үлгілі шәкірттерім бар. Өзімді бақытты адаммын деп санаймын. Балаларым өсті, ержетті. Әр баланың өз жолы, өз тағдыры бар. Ерланым туралы айтсам, үш қыздан кейін дүниеге келді. Қаршадайынан шешемнің тәрбиесінде болды. Ол кісі қатты жақсы көретін. «Атадан жалғыз едің, міне серігің келді» деп отыратын. Шешейдің қолында еркелеп өсті. Бетінен қаққан жоқпыз. Бала күнінде аяғыма оратылып, күресіп ойнаушы еді. Күллі еркелігін көтеретінбіз. Ерланым 1966 жылы 30 қаңтарда Қорғалжын ауданының орталығында туды. Мектепте орыс сыныбында оқыды. Қорғалжын совхозында 6-шы сыныпты бітірген соң, жұмыстың ретімен Баршынға көштік. Ол кезде қойшылардан комсомол жастар бригадасын құратын. Ерлан сонда комсорг болды. Өзі бір жұмысты істегісі келіп, құлшынып тұратын-ды. Жас кезінен-ақ дос, бауырға, туысқа, елге адал, қайырымды болып өсті. Ештеңеден қорқу дегенді білмейтін.
-Ел ішінде Ерланның жасаған ерліктерін жыр қылып айтатынын білеміз. Сіздің есіңізде қалған қандай ерлігі бар?
-Иә, ерлігі көп. Баршындағы аудандық полиция бөлімінде инспектор, кейінірек бастығы болып қызмет істеді. Ең бастысы, өз жұмысына адал болып, жан-тәнімен беріліп істейтін. Жұмыс десе, қандай қауіптен болса да тартынбайтын. 1986 жылғы бір оқиға есімде. Ол уақытта ескі Баршын мен жаңа Баршынның арасында көпір болатын. Сол бұзылып, орнына сым арқан тартып қойды. Бір мезгіл ұшақ ұшып, адамдарды өткізетін. Бір күні ескі Баршында тұратын өзге ұлттың өкілін қазақтың қызын зорлағаны үшін түрмеге жапқан. Ол түрмеден қашып кетеді. «Баршындағы бір үйдің шөп аранында тығылып жатыр екен» деген хабар Ерланның құлағына тиеді. Хабар жетісімен Ерлан сым арқанмен арғы жаққа өтеді. Аранның жан-жағы тегіс жабық, тек төбесінде тесік болыпты. Сол тесіктен түсіп, қылмыс жасаған адамды ұстайды. Кейін мен: «Әй, балам, байқамайсың ба? Жазым қылса қайтесің?» десем: «Ол маған не істейді дейсіз? Міне, тұрмын ғой алдыңызда!» деп күлетін.
-Ерланның артында ұлы, екі немересі бар деп естідік. Ұлы Медеттің жұбайы – Айнаш келінінің ай-күні жақындап отырған көрінеді. Олардың қал-жағдайы қалай?
-Ерланымның қоғам, ел үшін жасаған ерлік істеріне қуанамыз, мақтанамыз. Бірақ жүрегімізде бір ауырлықпен қабылдайтын жағдайымыз, өкінішіміз бар. Ол – Ерланның адами арманына жете алмағаны. Жалғыз ұлы – Медеттің бір қыз, бір ұлы бар. Үлкені – Ақнұр, кішісі – Төре. Үшінші балаға жүкті болып, келініміз ауруханада жатыр. Дәрігерлер сәби Ерланның туған күні – 30 қаңтарда дүниеге келеді, ұл туады дегенді айтыпты. Соған балаша мәз болған Ерлан жұмысына кетердің алдында екі үйге малын сойып, дайындығын жасап кетіпті. «Туған күніме керемет сыйлық болады» деп жан-жүрегімен қуанған. Кезекшілікке шығардың алдында бір түнде келіп, ертеңіне Ақнұрдың шырша тойына қатысыпты.
-Ата, өзіңіз бұл іс немен бітеді деп ойлайсыз? Ұлыңызға «Халық қаһарманы» атағын беру туралы ел болып ұсыныс айтып жатыр. Тергеу әділ жүргізіліп, жауыздар қатаң жазасын ала ма? Оларға қандай жаза беру керек?
- Ең алдымен, біз Ерланға әкелік, аналық көңілімізден ризамыз. Оның ел алдындағы еңбегін, жасаған ерлігін әділ бағалағанын қалаймыз. Бірақ... сол атақты «Қайтсең де бер!» дей алмаймын ғой. Жоғарыдағы бауырларым өздері шешер. Баламыздың ерлігін ескеріп, сондай жоғары атаққа ұсынып жатқанының өзі бізге қуаныш. Былайша айтқанда, күш-жігер береді. «Қылмыстық іс әділ жүргізіледі» деп министрлердің өздері айтып жатыр ғой. Соларға сенемін. Басқа не айта аламын?!.
Жануарларды жанындай жақсы көруші еді...
(анасы Бәкен Есхожинаның әңгімесі)
-Апа, Ерланның кішкентай күніндегі қылықтарының бәрі есіңізде шығар...
-Әрине, тәтті қылықтары, істеген істері түгел есімде. Кішкентай кезінен өзі жан-жануарларды жанындай жақсы көретін. 1-ші сыныпта оқып жүргенде бір мысығы болған. Соңынан қалмайтын. Сонда балалар қатар-қатар жатып, ұйықтайды. Әлгі мысық балаларды иіскеп жүріп, Ерланды тауып алатын. Сөйтіп жанына жатады, Ерлан ұйықтап жатса да, оны баласы сияқты құшақтап алып, басынан сипай беретін. Ана мысық қойнына тұмсығын тығып алып ұйықтайды. Итке де жаны құмар еді. Бірде ит асырадық. Бір елі жанынан қалмайды. Ерлан мектепке барар жолда қалтасына рафинад қантты толтырып алып, жеткенше алдына тастайды. Қайтқанша иті күтіп жатады. Бір күні жолдасымыздың біреуі үйге келсе, ит кіргізбеген. Тас лақтырады. Таяқпен ұрады. Бірақ үйге кіре алмай, кері қайтады. Ерлан – мектепте, біз – жұмыстамыз, ештеңе білмейміз. Содан балам мектептен келсе, ит есіктің алдында жатыр. Іле-шала итіне қарап: «Бұған кім тиісті? Маған қарап жылап жатыр!» деп үйге құшақтап алып кіргізді. «Мама, мен итімді далаға шығармаймын. Үйде жатады» деп қояды. Мен болсам: «Ойбай-ау, оны қайтесің үйге кіргізіп? Дәлізге апар» деп ұрсып жүрмін. Бірақ шығармады. Түні бойы төсегінің астына жатқызып, иттің көзіне қарап жұбатумен болды. Арасында бізге: «Әне қараңдаршы, маған қарап жылап жатыр!» деп қояды. «Сен оның жылағанын қайдан білдің?» десем: «Әнеки, көзінен жас ағып жатыр!» дейді. Мұндай қылықтары өте көп болатын! (Анасы еңкілдеп жылап отыр) Жануарлар десе жаны ашып, жан-жүрегімен елжіреп тұратын. Қорғалжын совхозынан Баршынға көшкенімізде де күшігін қолынан тастамағаны есімнен кетпейді. Жеткенше алдына отырғызып, баласы сияқты құшақтап отырды. Сөйтіп жүретін құлыным-ай! Ақыры міне, даланың ақбөкендерін қорғаймын деп, қаныпезерлердің қолынан қаза болдың! (Тағы көз жасына ерік берді)
-Апа, сабыр етіңіз! «Ердің туы - намыс» депті Бауыржан Момышұлы атамыз. Әрбір ержүрек, шыншыл адам өз Отанына абырой әкеледі. Ерланыңыз сондай ержүрек жандардың бірі. Тек мемлекет Ерланның ерлігін әділ бағалап, «Халық қаһарманы» атағын беруі керек. Ел-жұрттың тілегі – осы.
-Әрине, өлмектің артынан өлмек жоқ. Көңілімізге медеу болатыны – халқы үшін, ұлтының мүддесі үшін көз жұмды. Баламыздың қазасына күллі қазақ қайғырды. Халыққа деген аналық алғысым шексіз! Көңілімізге медеу болатыны – артында бауырлары, баласы, немерелері қалды. Жаратқаннан солардың амандығын тілеймін! Келініміз аман-есен аяқ-қолын бауырына алып, Ерланымның немересін дүниеге әкелсін! Аналық бар тілегім осы!
-Алла-Тағала дұға-тілектеріңізді қабыл етсін!
Төлен ТІЛЕУБАЙ