Шаңғы жарысынан Қазақстанның әйелдер құрамасы АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан қысқы Универсиадада 3х5 шақырымдық эстафетада қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы “Zakon.kz”-ке сілтеме жасап.
Мәреге бірінші болып Финляндия спортшылары жетті. Екінші орынды Норвегия құрамасы иеленді. Қазақстандық Айша Рақышева, Ксения Шалыгина және Надежда Степашкина үшінші орын алды. Бұл туралы prosports.kz хабарлады.
Қазір Қазақстан құрамасында 3 алтын және 2 қола медаль бар, еліміз медаль есебі бойынша 8-орында тұр.
Жапония 18 алтын, 14 күміс және 5 қола медальмен көш бастап тұр. Екінші орында Оңтүстік Корея - 7 алтын, 5 күміс, 5 қола. Үшінші орында Полша тұр. Бұл ел Универсиаданың 4 алтынын, 5 күмісін, 6 қоласын иеленді.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өтіп жатқан Қысқы универсиадада биатлоншылар Вадим Куралес пен Бекентай Тұрлыбеков және шаңғымен секіруден Данил Васильев чемпион атанған еді.
“Адырна” ұлттық порталы