Көктемде сайлау бола ма?

2839
Adyrna.kz Telegram

Кезектен тыс сайлау немесе кадрлық дағдарыс

Соңғы уақытта жұрт «сайлау болады екен» деген гу-гу әңгімені жиі айта бастады. Саясаткерлер де сайлаудың сөзсіз болатынына болжам жасайды. Бүгін сол сайлау һәм саяси кадр мәселесін қаузаймыз...

Кезектен тыс Президент сайлауы бола ма?

Президенттің қазіргі өкілеті 2020 жылы аяқталады. Оған да көп қалған жоқ. Әне-міне дегенше болады. Дегенмен бізде қалай? Сайлау жақындағанда белгілі бір қоғамдық ұйым (ол партия немесе ассамблея болуы мүмкін), жиын өткізіп, Президентке қайрыла сөйлеп, қиылып сұрайды. Нені сұрайды демеңіз, сайлауды кезексіз, мерзімінен бұрын өткізіп, «тәуекел, тағы да бір көш бастаңыз» дейді. Көнбесіне болмайды. Сөйтіп, кезексіз сайлау болады, Президент өзге қарсыластарынан әлдеқайда басым дауыспен жеңіп шығады. Сенбесеңіз, міне, көріңіз...

1991 жылғы сайлау. Н.Назарбаев 98 пайыз дауыс жинады.

1999 жылғы сайлау. Н.Назарбаев 91 пайыз дауыс жинады.

2005 жылғы сайлау. Н.Назарбаев 91,15 пайыз дауыс жинады.

2011 жылғы сайлау. Н.Назарбаев 95,55 пайыз дауыс жинады.

2015 жылғы сайлау. Н.Назарбаев 97,75 пайыз дауыс жинады.

Мұны ойдан алып, қырдан құрастырып отырғанымыз жоқ. Осыған дейінгі көргенімізді айттық.

Сайлау демекші, жуырда биліктегі «Нұр Отан» партиясы кезекті сьезін өткізетінін хабарлады. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Facebook-тегі» жеке парақшасында жазды. Сьезд биылғы жылдың 27-ақпанында өтеді.  Құрылғалы бері атауы неше мәрте өзгерген биліктегі «Нұр Отан» партиясына биыл 20 жыл екен. Сьезді соған орай шақырыпты. Сьезд шақыру туралы қаулыға төраға Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған.

Бәлкім, жаңағы кезексіз сайлау өткізу туралы дәл осы жиында сөз болуы ықтимал деген болжам да жоқ емес.

Ауыс-түйіс һәм кадр тапшылығы

Айтпақшы, сайлау жақындаған сайын Ақорданың ауыс-түйісі де жиілей бастайтын қалыпты жағдай бар. Бұл жолы да сол салттан айныған жоқпыз.  Астанадағы ақ жағалылар өз ішінде ауыс-түйіс жасасты.

Жалпы соңғы 10-15 жылдың шегінде кадрлық ауыс-түйіс жаңа ойыншыларсыз өтетініне елдің де, Елбасының да көзі үйренген.

Ақордадағы кадрлық дағдарыстың басталғанына біраз уақыт болды. Сондықтан ауыс-түйіс те өзара орынтақ алмасумен ғана шектеліп жүр. Бұл жолы да солай болды. Кресло ауыстырды, кеңсе ауыстырды, міндет ауыстырды. Болды, осымен бітті. Бәлкім әзірше...

Сондай саяси рокривкалық ауыс-түйістің бірі Сыртқы істер министрлігінде орын алды. Күні кеше ғана емес әрине. 2018 жылдың 26-желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев су жаңа Сыртқы істер министрін тағайындау туралы бұйрыққа қол қойды.

Қайратты қызметсіз қалдыра ма?

Сөйтіп екі жыл бойы аталған министрліктің екі тізгін, бір шылбырын қолында ұстаған Қайрат Әбдірахманов қызметінен босатылды.

Ал, Қайрат Құдайбергенұлы босатқан креслоға осыған дейін ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарған Бейбіт Атамқұлов жайғасты.

Мемлекет басшысы қол қойған жарлықта Қайрат Әбдірахманов басқа қызметке ауысуына байланысты министрлік қызметінен босатылды делінген. Дегенмен, Қайрат Құдайбергенұлының қандай қызметке тағайындалғанын естіп-білмедік.

Көп жұрт күтпеген тағайындау не үшін керек болғанын қазір дәп басып айту қиындау. Себебі, Сыртқы істер министрлігі сынға қалатындай қателік жасай қойған жоқ. Қайрат Әбдірахманов бастаған ведомство өндіріп жұмыс істемесе де, өкпе артатындай кемшілік те жасаған жоқ.

Енді екі-үш күнде Қайрат Құдайбергенұлы қызметінен алынғанына тұп-тура бір ай болады. Қайрат Құдайбергенұлы осыдан тура екі жыл алдында министр болып тағайындалғанда елең етпеген ел-жұрт, ол кісі орнын босатқанда да бүлік еткен жоқ.

Баста айтқанымыздай Елбасы жарлығында Қайрат Әбдірахманов басқа қызметке ауысуына байланысты министрлік қызметінен босатылды делінген.  Алайда қандай қызметке ауысқаны туралы ресми ақпарат берілген жоқ. Бір айға жуық уақыт болса да Әбдірахманов әлі жаңа креслосын таппаған секілді.

Салыстырмалы түрде айтқанда үкіметтегі жас кадр саналатын Әбдірахмановты қызметсіз қоймайтыны сөзсіз.

Жас кадр дедік қой...Қайрат Құдайбергенұлы 54 жаста. Қазақстанның онышны Сырты істер министрі.  «Құрмет», «Парасат» ордендерін, бірнеше меркелік медальдерді кеудесіне таққан. Израил, Австрия, Словения секілді бірқатар мемлекетте елші болған.

Осыған дейін үлкен лауазымды қызметтер атқарған басшының жаңа міндетке тағайындалар уақыты жақын деп білеміз. Осыдан екі жыл бұрын Ерлан Ыдырысов та Сыртқы істер министрі қызметінен желтоқсан айынның соңында босатылған.

Содан екі айдай жұмыссыз жатқан  Ерлан Әбілфайызұлы ақпан айының ортасында Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалған болатын.

Осы қисынға қарасақ, Қайрат Әбдірахманов та жақын күндері елшілік қызметке кірісуі мүмкін.

Түйін. Сонымен сайлау туралы сыбыс қаншалықты рас сөз? Сайлау бола ма? Болса ол қандай сайлау болмақ? Көптің көңіліндегі сауал осы. Енді әне-міне дегенде, бұл сұрақтардың да жауабы айтылып қалар... Ақорда жаққа құлағымыз елеңдеулі...

«Адырна»  ұлттық порталы

Пікірлер