Серік Ерғали: “Елді егемендікке бастаған Жас Тұлпар және Мұрат Әуезов”

3546
Adyrna.kz Telegram

“Мұрат Мұхтарұлы ӘУЕЗ - ХХ-ғасырдың екінші жартысындағы ұлттық "Жас Тұлпар" қозғалысының баскері ғой. Бұл қозғалыс елге үлкен дүмпу әкелді. Саясаттан гөрі рухани-мәдени салаларда жаппай серпіліс туғызуға септік еткен қозғалыс” деді қоғам қайраткері Серік Ерғали. “Адырна” ұлттық порталы қаламгердің Мұрат Әуезовке арнаған жазбасын жариялайды.

Қазақ халқы өз жерінде ұлт екенін сезініп, өз тағдырын өзі қолға алуға бекінген сәт, осы "Жас Тұлпардан" басталды. Бұны әлі күнге саясаттанушылар,тарихшылар ресми-ғылыми түрде жазбай, зерттемей, бағаламай отыр.

Бұл қозғалыс қызыл империяның 2-әлемдік соғыстан кейінгі қазақты кезекті отарлауына деген қарсы ішкі бұлқыныс болатын.
ЖасТұлпардан кейін "Дос-Мұқасандар", "Гүлдер" сықылды өнерпаз топтар жастарды дүр сілкіндірді, одан әрі ақын-жазушылар түледі. Ұлттық рухы самсап шыға келді. Әсіресе, бұл серпілістің рухани шыңы Олжас Сүлейменовтың "Аз и Я" кітабы. Бұл енді қызыл империяға рухани түрде "Біз енді бұдан әрі отар болудан бас тартамыз!" тұрғыдан берілген жауап еді.
1989 жылы құрылған "Невада-Семей" антиядеролық қозғалысын Олжекең басқарып, оған орынбасарлық еткен Мұрат Мұхтарұлының тандемі жақсы еді. Сол жылы мамыр айында Алматыда үлкен жиын болып, арты Семейге, Қарауылға ондаған автобустармен барған жастардың ішінде болдық.
Сонда көп бастаманы Мұрат ағамызбен шешіп едік. Ылғи 28-30-дағы жастар Семейде, Олжас ағамызбен кездесуді шешкенбіз. Содан сол ойды Мұрат ағамызға айтып едік, ол кісі оны 1 сағаттың ішінде шешіп, екеуі қонақүйдегі кең бөлмеде оншақты жігітті қабылдап, сағаттан астам әңгімелескеніміз бар. Кейін сол жігіттер бұдан рухтанып, өз өңірлерімізде қозғалыс құрып кеттік - мен Ақтөбеде "Жем" антиядролық қозғалысын, Alikhan Baimen "Ұлытау" қозғалысын құрды, басқа да жігіттер дүр ете түсті. Кейін бәріміз де елдің азаттығына кірісіп кеттік. Мұрат ағамыздың іске дегенде шығармашыл адамға тән ырғалмай-жырғалмай-ақ кірісіп кететін әбжіл мінезі барын, дәл әрі тап басатынын сонда көргем. Кейін ол авторитаризмге қарсы тұрған ең алғашқы оппозицияны басқарды - "Азамат" партиясын құрды! Осының бәрі аға ұрпақ тарапынан тарихтағы босалқы дүниені толтыратын қайраткерліктер!
ЖасТұлпардың басында тұрған Мұрат Мұхтарұлы Әуездің 80 жасы осындай ұлттық серпіліске толы, финалы - Азаттық әрине!
Ақсақалымызға денсаулық пен амандық тілейміз!
Елдің шынайы көгергенін көргенін қалаймыз.
Аман болыңыз, Мұрат аға! Жасай беріңіз! - деді автор Серік Ерғали.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер