«Тараз» футболының түлегі, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бақтияр Зайнутдинов ресейлік "Ростов" клубының ойыншысы атанды.
2017 жылы чемпионаттың үздік ойыншысы атанған Бақтияр сол жылы 25 қарашада "Тараздан" «Астанаға» ауысты. 2018 жылы 23 наурызда Қазақстан құрамасының жейдесінде тұңғыш рет алаңға шықты. Венгрияға қарсы сол жолдастық кездесуде гол соққан болатын. Былтырғы УЕФА Еуропа Лигасында да атой салып, 6 ойында, 1 гол соқты. Ұлттық құрама үшін Бақтияр УЕФА аясындағы Ұлттар Лигасында 6 матчқа қатысты. Зайнутдинов «Астана» үшін 35 ойынға қатысқан.
"Ростов" клубының Президенті Арташес Арутюнянц пен бас бапкері Валерий Карпин бүгін ресми түрде Бақтиярды құттықтап, сәттілік тіледі.
Ресейлік "Уфа" клубында тағы бір отандасымыз Еркебұлан Сейдахмет доп тебеді. Тараздық қос ойыншының Ресей жеріндегі "жекпе-жегін" жақында көріп қалуымыз әбден мүмкін.
"Адырна" ұлттық порталы