Эйсебио («Қошқармен қоштасу» топтамасынан)

4115
Adyrna.kz Telegram

Бала күнімде қиялыма қанат бітіріп, ләззатқа батырған, сөйтіп көзімді жыпық етіп қойған кітап оқудан, ара-тұра қаламды таң асырудан кейінгі менің (жалпы бұрынғы ауыл балаларының) үлкен бір ермегім – доп ойнау.

Менің деп айтайыншы, футболмен әуестігім ауыл сыртында құр доп қуалап келумен тынбайтын. Ол Александр Кикнадзенің «Окинь противника взглядом», Сейдахмет Бердіқұловтың «Жұмыр жерде теңбіл доп» сияқты футбол өнері жайлы кітаптарды оқумен өрелес жүретін. Сонымен бірге, жылма-жыл тәтеме айтып жаздырып алатын «Советский спорт» газетіне, оның апталық «Футбол – хоккей» қосымшасына қадағалап, қадалып отырамын. Алдыңғысы дәстүрлі А2 қалыбындағы терліктей газет (әлі де бар), қосымшасы кішірек, А4 қалыбындағы таблоид. «СС» спорт жаңалықтарын жазып, түрлі проблемалық мақалалар, интервьюлер жарияланса, «ФХ»-да футбол мен хоккейдің жілігін шағып, майын ішкен мамандар спорттың осы түрлерінің теориялық мәселелерін қозғап, кездесулерге терең ғылыми талдаулар беріп отырады. Қысқасы, солардың арқасында Пеленің Эдсон Арантис ду Насименту деген арқандай шұбатылған аты-жөнін мүдіріссіз соғудан бастап, голкипер (қақпашы), стоппер (қорғаушы), хавбек (жартылай қорғаушы), форвард (шабуылшы), диспетчер (ойынды ұйымдастырушы) тәрізді ағылшынша сөздердің мағынасын ажыратып, тіпті ойын тактикасын талдауға талаптанып отыратынмын.

Зердемде қалып қойған еміс-еміс көріністер...

«Мен өте елгезек адаммын, әсіресе көкмойнақтардың бірін-бірі бүйірден түртіп ойнағандағы күлкісін естісем» деп Есақаң (Есенжол Қыстаубаев) айтпақшы, біз, ауыл балалары, даусын естісе тойдан қайтқан шешесін көргендей елгезектенетін бір нәрсе болды. Ол – көшеде электр бағанына іліп қойған сұрғылт түсті қауға радио. Әлгі репродуктордан жиі-жиі футбол кездесулерінің репортаждары беріледі. Қайсыбір үлкендердің көңіл ашар қызығы да сол репортаждар, бірақ ағаларымыз бүгінде жоқ үйдегі бес сомның радиосынан, не қазір арық қойдан бағасы төмен болып қалған радиоқабылдағыш-транзистордан тыңдайды. Ауылдың футбол жанкүйерлері үшін «Пожарный ауылда» орналасқан радиотораптың бастығы Бөлекбай Қазиевтың беделі кәсіпшілік директорынан яки парторг, профкомнан бір де кем емес.

Құланаяқ балалар, футбол репортажының хабары шығысымен баған түбінен табыламыз. Матч алдында ойналатын Матвей Блантердің атақты «Футбол маршының» алғашқы аккордтарын жүрегіміз лүпілдей күтіп отырғанымыз.

Ол кезде коллаборация: спорт репортаждары радиоға да, теледидарға да арнап, ортақ жүргізіледі (КСРО Радио және телехабар тарату комитетінің атында радионың алдымен тұруын, радиоға осылайша бірінші кезектегі маңыз берілгенін кейін білдік қой). Жалпы, аяқдоп өнер ретінде қанатын кең жайған 1970-інші жылдар – футбол репортаждарына да соныдан тыныс берген кезең. Сейдахмет Бердіқұловтың сөзінше жіберсек, бұл жылдары Мексикада Фернандес, ағылшында Фрэнк Лоутон, Бразилияда футбол маманы, журналист, комментатор ретінде де атағы аспандаған Салданья, грузин Котэ Махарадзе сияқты спортшолушыларының ұлт мақтанышына айналғанын көрдік. «Комментшілдік» кейін, теледидар дендеп енген соң спорт комментаторларына жоғарыдан тасталған деседі: яғни, қақпа алдында қарбаласып жатқанда шолушы ойын өрнегіне, жаңағы қарбаласқа тактикалық талдау жасап отыруы керек – алаңдағы қимыл-әрекетті көрермен өзі де көріп отыр ғой деген қисын. Ал ертеректе, репортаж радиоға арнап қоса жүргізілетіндіктен, комментаторға алаңдағы ойынды бажайлап айтып, көзапара көз алдыңа алып келу міндет еді, солай болғандықтан ол кездің спорттық репортаж жанрына ойыннан ауытқып кету, тіл жеткенше мақтау, көмейсіз шешендік таныту, артық бәдіздеу тән емес-тұғын. Әлбетте, тілге едәуір көңіл қойылады, бірақ ол ыңғай стандартты тілдік бірліктерге, экспрессивті тіл орамдарына бағындырылған. Мысалы, кеңестік спорттық радиорепортаж мектебінің негізін салушы деп саналатын Вадим Синявскийдің тікелей репортажын бастайтын кездегі «Говорит Москва. Наши микрофоны установлены на Центральном стадионе «Динамо» деген салтанатты дауысын естіген кезде денеңе еріксіз құс етің шығады. Синявскийдің шәкірті Николай Озеров болса репортаждарын артисше, саңлақтанып жүргізеді (ГИТИС бітірген кәнігі артист). Кей тұстарда көріктемей сөйлей алмайтын жазушы сияқты, ол негізінен тыңдаушының көңілін біздің Ермұхамет Мәулен секілді асыға-аптыққан, тез, өте эмоционалды жүргізуімен баурайды. Құдды стадионда өзі ойнап жүргендей (кейін білдік қой, латинос, итало және түрік комментаторлар репортажды дәл солай, жылдам, аса қызу леппен жүргізеді екен және бұл елдерде әліге дейін радиорепортаж жасау сақталған). Спорттық репортаж жанрының бір заңы: тәуір футбол комментаторы болу дегеніміз ойын тәртібін, ойынның ұңғыл-шұңғылын бес саусағыңдай білу емес, тоқсан минут бойы тыңдаушының/көрерменнің назарын алаңнан аудармай ұстап отыратын артистік қабілет. Әйтпесе тыңдаушыға/көрерменге футболшылардың алаңдағы бүткіл қимыл-қозғалысын, орын ауыстыруларын әсте қисындап бере алмайсың ғой. Рас, кейінірек бүгінгі біздің Жандос Айтбайұлы сияқты ойын өрнегін зерделеп отыратын Маслаченкодай (ол кәсіпқой футболшы – қақпашы-тұғын) талдамашы комментаторлар да болды, бірақ, не десе де, солардың репортаждары Синявский мен Озеровтағы футболдың әдемілігі мен романтикасын жоғалтып алғандай көрінуші еді. Ал енді Котэ Махарадзе осы екеуінің тең ортасын ұстанды. Батоне Котэ де драма артисі еді, сөйтсе-дағы ол репортажын баритон даусымен, асығып-аптықпай, қою бояулы баяндаулармен жүргізетін. «Анзор Кавазашвили, өзіне қарай ұшып келе жатқан допты шірене тепті, доп әуеде қалықтап жүр, ал біз ойыншылар құрамымен танысып алайық», – дейтін жарықтық. Күлмей гөр, тыңдамай гөр осыдан кейін!

1960-ыншы жылдардың аяқ шені содан бұрынғы «алтын күректің» инерциясымен қазақ руханиятының кезекті бір көтерілу, серпілу кезеңін бастан кешіп жатқан кез еді. «Мәскеу үшін шайқас», «Үлкен Түркістанның күйреуі (екеуі де 1967 ж. жарық көрді) сияқты жаңа жанрлы шығармалар шығып, киноэкранға «Қыз Жібек» лентасы (1969 жыл) жолдама алған шақ. Ашық космосқа адам шығып, Айға кеңестік ровер қонып жатқан уақыт. Магомаев тұңғыш советтік твист – «Лучший город на свете» әнін шырқап, «Дос-Мұқасан» ұлттық фолк-рок стилін әкеліп, солардың әуенімен ағаларымыз бен әпкелеріміз той мен кештің көрігін басқан ойхой-дәурен. Батыста хиппилік-революцияшылдық қозғалыстың орнына келген есірткішіл 1970-інші жылдардың ізашары «Битлз» біздегі өмірді де енді түзелместей етіп өзгерістерге түсірген. Он жерден екі араға домбауыл дуал орнатылса да, жалпыласу заманы қазақтың сардаласын да бірсін-бірсін орай түскен, үлкен өзгерістердің алдында сана сілкінткен уақыт еді бұл.

Спорт бұл жалпыласу үдерісінен тыс қала алмады. Әлгі «күнде базар Күндебай» сұр репродуктордан («Қалпақты радио» дейді) бүкілодақтық жарыстармен қатар, әлемдік футбол біріншіліктерінен де репортаждар беріліп тұрады. Баған басынан қаңғыр-күңгір шығып, екі сордың аралығына қыстырылған аядай ауылға түгел тарап жататын комментатор дауысымен бірге, электр діңгегі түбінде құлағымыз қалқиып, демімізді ішімізге тартып отырған қарасирақ біз жер шарын ойша аралап, талай жердің «дәмін» татып қайтамыз. Гран-Қошқардың аржағында үлкен бір әлем – доп сияқты дөңгелек дүние жатқанын ет-жүрегімізбен түйсініп, ораламыз. Сол сапарларда ат-есіміне тілің әрең-пәрең келетін спортшылар жүрек төрінен енді кетпестей болып орын алып, көкірегіңде жазулы хаттай сызылып қалады. Әсіресе, 1970 жылғы әлем біріншілігінде жеңімпаз атанып, қатты дүмпу тудырған бразилиялық «жұлдызды» құрам – Пеле, Жаирзиньо, Тостао, Ривелино, Зигало, Жеррес, Карлос Альберто есімдері. Десе де, үш футболшының – Пеле, испан Альфредо ди Стефано, португал Эйсебионың есімі айрықша аталатын. Бүгінде біз Пелені көбірек айтамыз ғой, ал ол кезде жасыл алаңға енді шыға бастаған бразилиялық «жас періден» гөрі аты онымен қатар шыққан Эйсебио нағыз аңыз еді. Ғаламат ойын өрнегімен шідерін үзіп тұрған бұл футболшы жөнінде «Когда Эйсебио не играет, он «вырубает», сплюнув, радио» деген бейнелі сөз айтылатын.

Сонымен, футбол даңғазасының дүрмегімен тоқ бағанның түбінен жүзің жайнап, жігерің тасып тұрасың. Күн сәкінің үстіне түскен кезде, баланың кенжесі болуым себепті бір үйдің еркесі де, серкесі де өзім түскі асты асығыс қабылдаймын. Біздің жақтың шай пәмдеуі ерекше болып келеді. Жез самаурынға болса қақтың, болмаса тұндырылған кранның суын құйып, төрт елі түсіріп әңкілдете қайнатады да, үндінің сайлон, не №36-ыншы аралас грузин шайын бөлек аққұманда демдейді. Жайпақ табаққа шымшуырмен салған оттың шоғындағы қырық жамау аққұман иіс жара ызылдай қайнап, қоламтаға түкірініп тұрады. Маңайды ғажап бір хош иіс жайлайды – бұл өзінің наркологиялық күші жағынан кофеңнен қалыспайтын, ішіне ақ түйіршіктер – қалампыр салынған, ал қауіпсіздігі жағынан кофеден ілгері нағыз аққұйрық шай даяр болды деген сөз. Оны маяның сүтін қатып, нәлі кесеге жұғардай қып, күрең қасқалап, шақпақ секер тістеп ішпек керек, сонда маңдайың жіпсіп, жонарқаң терлеп, жұлынтұтамыңның бой-бойы шығып, айрықша уаз кешесің. Оның үстіне шайды кесе тарымен – Ойылдың ақ тарысын салып ішетінім бар-ды. Футболдың хабары шыққанда осынау пәмдеп шай ішу салтанаты өзінен өзі кейінге ысырылады – емен күбішелекте беті быршып, шырт-шырт сынып тұрған ашулы шұбатты үлкен зеренге толтыра құйып басып аласың да, соңынан ашытқысыз, күмпитіп пісірген таба нанды қарбыта екі-үш асап, сыртқа атыла шығасың. Онда сені командаң күтіп тұр, онда сені біздің субуртало, біздің work-out алаңша күтіп жатыр.

Субурталомыз, шындығында, бетке түскен жалатпадай ақтаңдақ сордың жағасында, ақ гүл жарған адыраспанды даланың бір пұшпағын ала жайғасқан майлақы сары топырақты алаң. Промсылдың дәнекерлеушілері үш тұрбаның басын біріктіріп пісіріп берген қос қақпасы демесең, сырт қараған адамға стадион екендігі де білінбейді. Бірінші қазақ ауылдың шетіндегі, Мойна жақтағы үшбу «көкалалы жылқы жусаған көлге» шілдесі қара тасты терлететін Атыраудың аңызақ ыстығында Орыс ауылдың, Шешен ауылдың, «Пожарный» ауылдың және Екінші қазақ ауылдың балалары жиналып, жарты күн доп қуалаймыз. Үстіңде – қолтығы салбыраған кең мәйкі, бұтта – қара сәтен дамбал не тоқыма көк трико, аяқта – қытайы, бірақ аса шыдамды қарала кеды.

х  х  х

«Кім айтты саған, қара ешкі мүжіген ағаш қайтадан гүлдемейді деп?!» демекші, кім айтты саған ауыл баласы футбол өнерін білмейді деп?! Қайшылап тебу, допты аяқтың ұшымен, сыртымен қиып дөңгелету, корпуспен ойнау, қабырға жасап уақ пас беріп, допты алға шығару... бізден қалған. Қапталдан қапталға көлбеу ауыстыру, қапталдан айып алаңына әуелете асыру, қапталдан ортаға тастау, қаққан допты іліп алудың не екенін білеміз. Қарсыласыңа аяқты тіке қойып қарсы шабуға болмайды, доп өзіңе қарай туралап ұшқан кезде қолыңды жинап, денеңе жапсырып алуың керек. Төреші жоқ, «фол» деген сөзді де көп кейін естідік қой, дегенмен, өзіміз белгілеп алатын айып добы бар, ойыннан тыс қалу жоқ, дегенмен допты алаң жиегінен сыртқа шығаруға тыйым бар. Әрине, мұның бәрін бізге ешкім арнайы үйретпеген – бұл біздің өз түйсігімізбен, бала кездегі айрықша аңғарымпаздығымызбен танып-білгеніміз; әрине, бұл біздің ағаларымыздың ойындарынан көргеніміз және, әлбетте, қауға радио көз алдымызға көзапара әкелген визуалдану. «Қотыр қолдан, таз тақиядан жұғады» демекші, құлағымыздан азып, репродуктордан қармаған «диагональный пас», «проброс», «подбор», «игра корпусом», «накладка», «прижатая рука», «игра в стенку», «аут», «офсайд»... сөздерін ойша ассоциациялап, айтақырда өзімізше жүзеге асырамыз. Әзірлік-жаттығудан жұрдаймыз, есесіне балалық ғаламат рефлексия бар.

Бүгінгі футбол өнері негізінен позицияларға (ойыншы амплуасына) құрылады. Яғни алаңда әр ойыншы өзінің орнын білетін тактикалық қатарластыру. Мұның өзі ойын өрнегінің сағатша сыртылдап жүйелі өтуі және команда болып ойнау, қорғаныс пен шабуыл қатарының теңбе-теңдігін сақтау үшін қажет. Негізгі тактикалық схемаға өткен ғасырдың ортасына таман енгізілген 3-2-2-3 жүйесі алынған, қалғаны осыдан туындаған түр-түзілімдер. Яғни, голкипер (қақпашы), қорғаушылар (бұрын стоппер, қазір – дефендер), жартылай қорғаушылар (бұрын хавбек, бүгінде – мидфилдер) және шабуылшылар (форвард). Қорғаныс жүйесі іштей орталық қорғаушылар (центрбек, жарқын үлгісі – «Барсадағы» Жерар Пике, бойшаң, ірі ойыншылар), бостан қорғаушы (либеро, қорғаныстағылардың қатесін түзететін сыдыра тазартқыш, үлгісі – Франц Беккенбауэр) болып екіге бөлінеді. Жартылай қорғаушылар тірек ойыншы (шаршамайтын, допты жұлып алатын тип, үлгісі – «Челсидегі» Н’Голо Канте), әмбебап орталық хавбек (қорғанысқа да, шабуылға да қатысады, мысалы, «Челсидегі» Фрэнк Лэмпард), сол жақ ең шеткі хавбек (жылдам, қапталдан пас тастайтын әрі дриблингке шебер ойыншы, үлгісі – «Ювентустағы» Павел Недвез) және шабуылдаушы хавбек (шебер алдап өтеді, пас шығаруы, допты тартып алуы ересен және соққысы күшті ойыншы, мысалы, «Реалдағы» Лука Модрич). Бұдан басқа алаң жиегімен ойнайтын латераль (бұл қорғанысқа да, шабуылға да бірдей қатыса береді, жарқын үлгісі – бразил Кафу). Шабуыл өтінде одан басқа үнемі алғы шептен көрінетін екі ойыншы болады, біреуі орталық бөлікте, екіншісі – вингер, оның міндеті қапталдан жылдам өтіп, ортаға доп асыру.

Осының бірде-бірін құтарып көрмеген кішкентай ауыл футболшылары жоғарыдағы ойын тактикасы, позициялық ойын, командалық ойын... дегеніңе ұрады да қол қояды. Біздің ойында тактикалық орналасу атымен болмайды. Қазіргі үлкен футболға ұқсас бір ғана жері бар, ол – біздің әрқайсымыз бүгінгі Лионель Месси сықылды «еркін сүгіретшіміз». Яғни позиция болмаудың өзі позицияны білдіреді, екінші сөзбен айтқанда, шабуыл өтінде жүрсек қана көңілде алаң басылып, шабыт бұлты ашылады. Қазіргі футболда мұндай артықшылық ілуде біреу, ал біздің алаңда өткізген әр күніміз сондай еркіндікке толы-тын: соңға бұтынан доп өтіп кететін, не доп тебем деп жіліншігіңді тебетін «костоломдарды» яки доппен қамтамасыз етіп тұрады-ау деген бірді-екілі баланы қалдырамыз да, қалған жеті-сегізіміз қарсы қақпаға қарай лап қоямыз. Қорғаныста жатып алу деген ұғым мүлде жоқ, тек қана шабуыл. Алға, Қазақстан, тек алға! «Форвардтың басты миссиясы – гол соғу» демеді ме Николай Озеров, бүгін ғана. Тіпті, соның алдында, көптің күштеуімен қақпаға әрең барып тұрған киперіміздің де аяғы гол соққысы кеп қышып тұрады және солар бүгінгі «Бавариядағы» Мануэль Нойер сияқты шетінен доп тепкіш, доп қуалағыш-ақ.

Арада бес ондық жыл өтуі себепті мен осы айтылмыш естелік-тақырыпқа біраз ойқастап келдім ғой. Десе де, завуч Кенже Тайышевтың Серік, Ерік дейтін қос ұлының, бізден бір класс жоғары оқыған Саламат, Сапи деген балалардың, өзіміз «Шөміш» дейтін Жұмабай Киізбасаровтың, «Шүберек» дейтін Мүбәрактың, Ашықауыз Нұрланның және сыйдиған арық, ұзынтұра Санаққали Құлжығаровтардың «ойын өрнектері» мидың бір бұрышында қалып қойыпты. Қазір ғой алаңға шыға қалсаң денеңді сүйретіп жүретінің, ал ол шақта стадионда құстай ұшып қана жүресің. Қазіргі үлкен футболдағы түртіп кетсе жалп етіп құлай салу, жазатайым құлай қалсаң бір жеріңді ұстап, өтірік домаланып жату – арымызға сын. Төреші жоқ, War ноу, сосын да тактикалық һәм бейтактикалық фолдың әкесін танытасың. Есіл-дертің – қарсы қақпаға тез және тиімді түрде жетіп, гол енгізу. Содан да шетінен шабуылшымыз, шетінен хедлайнерміз. Бізде іркілу, қаймығу, ұнжырғаң түсу деген болмайды. Ол кезде біз, қазіргі комментаторлар айтатындай, «айламызды асырып» кетпейтінбіз – біз жеңетінбіз, «есе жіберіп алмайтынбыз» – біз жеңілетінбіз, соның өзінде де біз үшін жеңіліп жатып камбэк жасап кету шайға бата қайырғанмен бірдей. Екінші дем, үшінші тыныс ашуды мойындамайтын, бір деммен, бір тыныспен, Баянына ұмтылған Қозыдай, қақпаға үш құлап, үш тұрып ұмтылатын жансебіл ойын. Міне, Санақ допты көкпардай іліп әкетіп, кәнігі плеймейкерше ұзын сирағымен ортаға асырды. Оның соңынан Шөміш шарқайрақтай зуылдады. Ерік – жапырақ жебе, қақпаға қарай қалқып ұшты. Оң жақ қанаттан Жұмабай бөлем жай тасындай қырланды. Ендігі жерде басқаға пас тастау, голға доп шығарып беру, ассист жасау деген болмайды. Өмірден де қымбат мақсат – Ашықауыз Нұрлан қорғаған қақпаның құлпын ашу. Көсем офсайд, бәсең офсайд – енді ол есеп емес. Есеп – алдыңнан қаздай тізіліп шыға келетін әлгі бірді-екілі «жіліншік сындырғышты» қапы қалдырып, он бір қадамдық межеге жақындап келу. Мұның бір ғана жолы бар – орысша «обхитрить», ағылшынша – дриблинг жасау. Біздің тілде – алдап өту. Ойынымыздың ең хит жері. Одан арғысы қиын емес: ышқынтып тұрып тебу. Ол кезде біз қазіргі комментаторлар айта беретіндей, «соққы жасамайтынбыз» яки «соққы бағыттамайтынбыз» – біз допты тебетінбіз. Ыңғайсыз позициялардан да тебе береміз, бұл да ауыл футболының үлкен бір ерекшелігі...

Әнес Тәжімұратов деген кісі жасырақ уағында футбол ойнаған. Ол кім десеңіз, Әнес Сарайдың лұғатымен айтайын, ол – көкеңнің көкесі, яғни менің әкем. О кісі бізге өзінің үлкен ағасын «бапа», өзін «тәте», ал інісін «тәтешім» дегізген. Марқұм радиодан зәуімде Санжар Жандосовтың атын естісе елеңдеп, «Қосшағылда бізбен бірге футбол ойнаған Санжар ғой» деп отыратын (Ораз Жандосовтың ортаншы ұлы Санжар анасы Фатимамен 1940-ыншы жылдардың басынан 1956 жылға дейін Жылойда спецпоселениемен тұрған). Сөйтіп футбол маған қанмен берілген. Ислам бойынша бала анасын белгілі бір уақыт шамасында ғана емеді, ал ғылым баланы ана сүтімен ұзағырақ, екіге келгенше тамақтандыруды құптайды. Мен бұл жоспарды асыра орындағанмын – тура бес жасыма дейін арда еміппін (содан болуы керек, әйтеуір бала болып сүйегім шағылып көрмеді). Және күніге бірнеше рет емшектейді екем. Сіміріп алып, доп ойнауға жөнелемін. Аяқта – қара калош, қызылмай боп ойнап келіп, «суатыма» қайта бас қоямын.

Солақай тебемін. Қол да солақай екен, бірақ балабақшада тәрбиешілер бала құқын аяқ асты етіп, асқан қатыгездікпен сол қолымды отырғышқа таңып тастап, асты оң қолыммен ішуге (соңыра жазуға) мәжбүрлепті. Бағыма қарай, солақай аяғыма  мән бермеген. Үйдегілер де. Жалпы Батыс қазағы «Оңқайға сорпа жоқ, солақайға дым да жоқ» деп, солақайға домбыра ұстатпаған екен, соған қарағанда біздің жақтан солақайлар, – соның ішінде солақай өнерпаз, – көп шыққан сияқты. Әлі күнге әріптерді қосып жазуым қиын (аграфия деген құбылыс), сондай-ақ сол жақ пен оң жақты біраз кідіріп барып ажыратамын (диалексия, шығармашылық адамдарында кездесетін ауытқу). Үйде жалғыз менің ғана солақай болып тууым да, сірә, осы соңғы, ой еңбегімен байланысты болуы әбден мүмкін. Бұған мысал аз емес. Мәселенки, белгілі мультипликатор Леонид Шварцманды да (Чебурашка мен қолтырауын Генаның авторы) бала кезінде қайта тәрбиелеу арқылы оңқай қылғанымен, сүгіретті сол қолымен сала берген ғой. Дәл сол сияқты, қолымды күштеп оңқайға ауыстырғанымен, мен допты сол аяқпен тебетін күйімде қалдым. Бейнелеп айтқанда, солақай аяқтың «оригиналы» Ривелинода, ал көшірмесі менде болатын. Футбол тарихында «Сиқырлы сол аяқтың» иегері атанған жалғыз Ривелино емес.  Марадона да өзінің сол аяғын бек мақтаныш көреді. Лионель Месси де тумысынан солақай бола тұрып, кейін оң аяқпен ойнау деңгейін соған деңгейлестірсе де, ең мықты, ең әдемі голдарын солақай соғады. Венгр Ференц Пускач, швейцариялық Шакири, уэльштік Гарет Бейль, француз Килиан Мбаппе, бельгиялық Лукаку да осы қатарда. Көбісі денелі, ірі жігіттер ғой, содан да сол аяқпен допты зеңбірекше атқан кезде қақпаның торын қақыратып жібере жаздайды, ал Лионель екеумізге не жорық?!

Уызға мейлінше жари тұра, аурушаң, шынжау болып өстім. Ол жылдары поселкелік дүкенде терісі сыпырылған, бас-сирағын, іш құрылысын ақтармалаған, сорпалық қана еті бар қой ұшасы (тушка) сатылатын. Үйдегілердің соған теңеп, маған қойған аты: «Тоқсан тиынның төшкісі». Енді сол жүдеубас төшкіңіз жасыл... кешіріңіз, айтақыр алаңда тепкен добын жұлдыздай ағып, жалғыз қуып келеді. «Бір дана кісі айтпақшы, адам болашаққа қарай ұшу керек, ал ұшу үшін жеңіл (қанатты емес, жеңіл) болуы керек қой, ойбай-ау», – деп қойып, ұшып келеді. Қас-қағым дриблинг... көз ілеспес жылдамдық... және сен қос «костоломды» артқа тастап, сытылып шыға бересің. Енді артта да, алда да сені тоқтатар күш жоқ – мен мұны көзім шүйдеге біткендей, қарамай-ақ білемін. Енді, «жұмыс істемейтін» оң аяқпен демеп, допты сол жағыма ыңғайлап алу ғана қалды. Одан әрі, секундтар... Тоқтаусыз жұмыс істеген ми... Астынан қақырата тебесің бе? Үсітті аяқпен шірене тартсаң ше? Қиып тұрып тастайын ба? Әлде допты шоршытып, аяқтың көтеріңкі үстін кенет, қысқа тигізе тартып алып, екпінді соққы жасаған дұрыс па? Дік, дік еткізіп... Доптың қақпаға қарай нысаналап ұшуы осы техникаларға байланысты – не орақша иіліп айналып түседі, немесе садақтың жебесі сияқты бұлғаңдап, доғаланып барып кіреді, жә болмаса «тоғыздыққа» жүздік шегеше дірілдеп барып, қатып қалады.

Жә, «құдық сыртындағының бәрі батыр», жоғарыдағы сөздерді кейін іс біткесін ғой сымға тартқандай етіп әдемілеп жазып отырғанымыз. Сәтті дриблингтен соңғы қас-қағым сәт сенің ойша бірнеше нұсқа саптап, жұптап тұруыңа жарты минут те уақыт қалдырмайды. Тіпті секундтар да болмайды-ау. Сынық секундтар... Міне, осылай десе дұрыс. Бас қаңғып, көз тұнып, құлақ тарс бітіп, ақыл-сана өшіп, ғайыптан дару боп ене қалған асқан ұшқыр түйсігіңмен сарт еткізе соғып кеп жібересің. Дәл осы қас-қағым сәтте астрал сыңарың жердің тартылыс күшінен ажырап, айтақыр алаңнан көтеріліңкіреп, қақпаны бетке алып ұшып бара жатқан добыңды көзімен ұзатып тұрады. Тамаша голдар тек осылай соғылады. «Я школу прогулял на стадионах, / Идя в толпе чугунной на прорыв. / Я помню по воротам каждый промах, / Все остальные промахи забыв», – дейді ғой Валентин Гафт, десе де, шешімі сынық секундтарда қабылданған ғажайып голдарда «промах» болмайды. Міне, Ашықауыз Нұрлан, сирағы сыйдиып, қолдары шілбиіп, қабырғасы ырсиған «тоқсан тиынның төшкісінің» Пускачша сол аяқпен тоғыздыққа тоғытып жібермек боп зеңбірекше атқан добын әуел десе ауызы ашылып, қолтық еті дірілдеп, көзбен ұзатып салған күйі, бір орында қалшиып қалған. Теңбіл доп «қақпашының сүйікті құрбысы» – бағанға дүңк етіп соғылды, әйткенмен кейін қайтпай, қақпаның жоғарғы, көлденең белдеуінің тура астына тиіп, одан серпіліп барып жерді ұрды да, әртаман торда тулап жатты... Жоқ, өтірік айтам. Біздің футбол – қақпасында тор болмаған 1891 жылға дейінгі футбол ғой. Доп та теңбіл де, алабауыр да емес, жұлым-жұлымы шыққан ақжем резеңке және ол тор болмауы себепті міндетті түрде лағып барып сорға түседі. Нұрлан суын сорғалатып алып кеп, ортаға ышқынта бір тебеді.

Ойын әбден қызады. Бір мезгілде кедыны лақтырып тастап, жалаңаяқ ойқастайсың. Нағыз фейрплэй – клубтық ойынға да, құрама команда ойынына да ұқсамайтын еркін футбол басталады. Әркім өзінше ойнайды. Әркім одан басқаша ойнай алмайды. Десе де, бәрімізді ортақ бірлікке келтіріп тұратын бір нәрсе болады, ол – көше футболы. Өз рақатың үшін ғана ойнайтын ауылдың аяқдоп өнері. Ия, дәл осылай – спорт емес, өнер. Ұжымның қатаң ойын тәртібіне бағынатын еуропалық футболға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әдемі, жылдам, креативті өнер. Бұл жағынан біздің ауылдық аяқдобымыз бразилиялық көше футболы – джинго стиліне ұқсайтын. Және де Гарринча мен Пеле сынды шебер дриблерлердің, әсіресе шойнақ Гарринча сияқты жеті-сегіз баланы еркін алдап өтіп, қақпа маңынан бір-ақ табылатын шойнақ балалардың ойынын көрмей қайда жүрсіз?! Екіншіден, біздің Қошқар-ginqa ойыншылардан әмбебаптықты талап ететін заманауи футболды да толығымен қанағаттандыратын: ойын барысындағы жағдайға қарай тактикалық схемамыз  сәт сайын құлпыра өзгеріп жатушы еді. 1970-інші жылдар басында «ұшқыр голландтар» енгізген нағыз тоталдық футбол, бірақ сол тотал одан бұрынырақ, 1960-ыншы жылдардың аяқ шенінде, ауыл айтақырларында басталған десек, асыра айтқандық бола қояр  ма екен!?

Осылайша, бразилдер сияқты, футболда ұжым болып доп домалату аздық ететіндігін дәлелдеп жүрген біздің, дегенмен, екі түрлі кемшілігіміз бар еді. Біріншіден, біздегі дара-дара ойын өрнегін көрсету Бразилиядағыдай бір жерге кеп сарқып, ортақ пазл құрай алмайтын. Екіншіден, алдыратын жеріміз – допты тоқтату (қабылдау) және алып жүру. Бразилдер сияқты кішкенесінен манго жемісін аяқтың қырымен, өкшемен ойната тебуге жаттықпағандықтан, допты алып жүруге және финттер жасауға үйретілмегендіктен допты тәп-тәуір қабылдап ала тұрып, өзімізден ұзатып аламыз. Ойын алаңында бұлайша келіп тұрған доптан айрылып қалу – үлкен кемшілік және оның соңы өз қақпаңа гол соғылумен аяқталуы әбден мүмкін.

Біздің еркімізге қатыссыз тағы бір жағдай болды.

Ойнап жүргенімізде мал ұстайтын қазақ ауылдың балаларының бір көзі оқта, бір көзі шоқта жүреді. Шоқ дегеніміз – арғы Гран-Қошқар, бергі Бірінші промсыл тұсынан, орыс, шешен молалары жанындағы дамбы көпір арқылы кешкілік өрістен қайтатын мал. Санақтардың аяғы допта, көзі әлгі көпірде. Одан шаңдата түсіп, құмалағын шашып маңырап келе жатқан қойды, ботасын іздеп боздаған түйені алдымен көрмек керек. Өз малыңды дамбының аузынан ұстап алып, үйге қарай айдамасаң, малың корпус ауылға кіріп кетеді, оның соңында үйде сені ұлы да ірі айқай күтіп тұрады. «Бір бес минут ойнай қояйыншы, тағы бір он мүйнет...» деп жүргеніңде жамандатқырлар өтіп кетеді ғой. Санақ сонда ғана ойынды тастап шығып, әркімнің қорасын адақтайды. Бірақ енді кеш. «Бақа болғыр!», «Шешек шыққыр!», «Тобанаяқ келгір!»... секілді ащы сөздер ештеңе емес, өкпең өшіп, шаршап-шалдығып, сіңіріңе ілініп әрең жеткеніңде үйде күтіп тұрар өткір қамшыны айтсайшы бәрінен де. Белгілі  мақам ғой: «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, көтен жеген озар»...

Бір күні, 1968 жылдың қараша айында «Ислам Әбілғазиев жаңадан дүниеге келген ер баласының атын Эйсебио деп қойыпты» деген тосын хабар дүңк ете қалды. Аядай Қошқар айран-асыр. Ауылдың қатындары беттерін жыртты: ойбуй-й, қай бетімді шымшиын... Есебі дей ме... қой, Есей шығар. Бірақ «ҚошқарТудей» ақпарат агенттігі бие сауым кешкілік уақыттағы лентасында бүкіл құлақты елерткен әлгі жаңалықтың растығын қуаттады: Ислам ұлын атақты португал футболшысы Эйсебионың құрметіне солай деп атаған. Қатындар әуелім бұған сенбеді, бірақ алдарына кішкентай Есебіге ат болып тағылған адамның сүгіреті бар «Советский спорт» газетінің нөмірі әкелінген соң барып шанбасқа амалдары қалмады. Газет бетінен оларға Лабрадордың... пардон, Самарқанның көк тасынан қашалғандай сом денелі, антрацитті бір «қара бала» қарап тұрды. Ол не десе, Эузебиу да Сильва Феррейраның (өмірде Эузебиу, Эйсебио) ресімі екен ғой...

Бұрынғы КСРО-да футбол соғыстан соңғы жылдары, Сталиннің өзі көріп, жаратқаннан кейін халықтық спорт түріне айналған. Қошқардағы сенсациялық жаңалықтан тура он жыл бұрын, 1958 жылы Мәскеуде «Спартактың» ойынын көруге келген жұрт лап беріп, машинаны тапап өткен-ді. Бұл – адамзат тарихындағы авто адамды емес, адамдар машинаны басып өткен жалғыз уақиға. Ол кезде «футбол фанаты» деген сөз жоқ, бірақ ұғым бар. Белгілі бір командаға есі-дерті кетіп, жаны күйетіндерді «жанкүйер» деп атаған ұғым. Бірақ кеңестік жанкүйерлер азған Батыстың фанаттарына ұқсамауы тиіс деген идеологиялық жосын бойынша трибунада айқай-шу шығаратын тым белсенділерін милиция ұстап әкетіп, жүгендеп отыратын (бұл репрессия 1980-інші жылдары ғана тыйылды). Ал үлкен дүниеден бір бөлек жатқан Қошқарға идеологиялық полицияның қолы жете бермейтін, солай болғасын да Қошқардың жанкүйерлері Қошқардың джингосы сияқты өз алдына бір құбылыс-тұғын. Алматының политехін бітіргесін өзі туған мұнай кәсіпшілігіне жас маман ретінде келген Ислам ағамыз сол бөлекше әлемнің айқын бір өкілі-тын. Футболдың майын қалқып ішкен ол ретті-ретсіз жерде өзгелермен шеке тамыры шодырайғанша айтысып та қалады. Кумир таңдауы да әдеттен тыс: шөбі топ-ойыншылардың арасынан сол кезде әлемнің үздік шеберлері есебінен ғаламшардағы ең таңдаулы команда жасақтаған бразилдерге емес, португалға, оның ішінде шалапортугалданған африкалық ойыншыға түскен.

«Біреу қайқыны сүйеді, біреу дүңкіні сүйеді» деген осы да. Оның үстіне 1966 жылғы әлем біріншілігінде өз тарихында алғаш рет қола жүлдегер атанған Португалия құрамасына осы жүлдені сөздің тура мағынасында алып берген (финалдық кезеңдегі алты кездесуде тоғыз гол соққан және бұл рекордын әліге дейін ешкім жаңалай алмай келе жатқан) Эйсебио арада өткен екі жылда жоғарыдағыдай ерен көрсеткішін қайталамағанымен, голиадор ретіндегі сапа қасиетін, асқан жылдамдыққа (жүз метрді 10,8 секундта жүгіріп өткен) және күшті, мығым соққыға негізделген алабөтен ойын өрнегін бірте-бірте шыңдап, керқайзаң нағыз шағына қадам басып тұр еді. Дәл Ислам ағамыз баласын атықтыратын 1967 жылы Эйсебио Еуропалық чемпиондар кубогының үздік мергені және «Алтын будсы» иегері атанған. Африкада (Мозамбикте) дүниеге келген алғашқы ұлы футболшы ретінде МФФИИС және World Soccer нұсқалары бойынша ХХ ғасырдың атақты футболшыларының алғашқы ондығына ілігіп, шашасына шаң жұқтырмай жүрген кемел шағы-тын. Негізінде Эузебио – католиктерде жиі кездесетін ат, көне грек тілінде «иманды, тақуа адам» дегенді білдіреді. Сондықтан футболшылар арасында жиі ұшырасатын бұл есімнің бәрі бірдей мозамбиктік «қара маржанның» құрметіне берілген десек қателесеміз, мәселенки, 1950 жылы әлем чемпионы атанған уругвайлық Эусебио Рамон Техераны, перулік қақпашы Эусебио Альфредо Коланды, испандық жартылай қорғаушы Эусебио Сакристан Менаны және итальян футболшысы Эузебио ди Франческоны бұл қатарға жатқызуға болмайды. Дегенмен, есімі «Мозамбик антрацитінің» құрметіне қойылған бір белгілі футболшы бар, ол – Польша құрамасында ойнаған шабуылшы Эйзебиуш («Эби») Смолярек. 1981 жылы Эби дүние есігін ашқанда оған бұл есімді кезінде поляк құрамасында өнер көрсеткен әкесі – Влодзимеж Смолярек таңдаған екен. Футбол тарихы бұдан басқа жағдайды тіркемеген, яғни Влодзимежден көп бұрын, алыс Қошқарда ұлына әлгі есімді еншілеткен Ислам Әбілғазиевті қария тарих асқан менмендікпен қағыс қалдырған. Қалдырмас па еді, қайтер еді, егер бір жағдай орын алмаса.

Қазақтың балаға ат қою жосыны жатқан ілім ғой. Құдаға қонақ боп келген күннің кешіне туған баланың атын Құдабай деп қоя салады. Бір қора үлкен кісінің алдында іңгәласа – Төрткемпірбіршал. Ыңғай қыз туа берсе – Жаңыл, Жаңылсын, бала тұрмаса – Тұрсын, Тұрған. Оған да қарамай шетіней берсе, тіл-көз тиген деп, ұйқастырып қояды, тіпті орыстың атын береді – Александр, Сергей, Светлана. Сондай «шатақ» аттың көкесі Ренат (революция + наука + труд), не Рэм (революция + электрофикация + мир). Олимпиада, Индира, Беназир, телехикаялардан алынған Салидад. Ойбай-ау, тым құрыса осылардың біреуін ат қып тағындырса да әбестігі болмас еді ғой! Немесе, осы Қошқардағы орта мектептің завхозы Шамбала сияқты балаларын сол күні қоймаға түскен керек-жараққа қарай Кітап, Қалам, Қағаз, Сыя... атандырса, зиялылықтың, оқымыстылықтың лебін естірер еді-ау Исламжан...

Бірақ, жасынан өздік пікірмен ауызданған, біреудің пікірін малдану, мойынсал болу дегенді білмейтін һәм шеркеш ұрқынан болуы себепті әлемдік масштабта ойлайтын Ислам ағамыз ілгерідегі сөздердің біреуіне де қыңбады – Эйсебио, демек, Эйсебио. Мүмкін осы атқа лайық, мүмкін лайықсыз, оны уақыт көрсетеді.

Бір ғана жағдайды ескермеген екен.

Ислам ағамыз Қошқардағы Қилыбаев Төлептің Сақыш дейтін қызын алған. Одан кейінгі Ақышқа біздің сыныптас Рамазанның нағашы ағасы Ілес үйленген. Исекеңнің әкесі Тұрсынғали мен шешесі Сарқыт ертерек қайтыс болып кеткен. Кішкентай Эйсебио үйдің еркек баладан тұңғышы болғандықтан, енесі суалған құлыншақты еркек балалары тұрмай өліп қала берген нағашы атасы Төлеп пен әжесі Айжан бауырларына салып, өздері өсіріп-тәрбиелейді. Төкең (Төлеп) – ит пәшеспен төрт жыл үздіксіз соғысып келген кісі, «қан көрген», үнемі оқтаулы тұратын қосауыз мылтығы бар, басына ешкімді шығармайтын, жел айналып жүретін есерлеу тау. Оның үстіне жан дүниесі футболды қабылдамайтын, «Бәрі жабылып бір допты қуалағанша әрқайсысы бір доптан алып қуаламай ма?!» деп кіжініп отыратын шалдардың сұрпынан. Күйеу баласы еліккенге желігіп, Эйсебио деп қоям дегенде алатын арыстандай, қақпалы көкірегі ашумен ісіп-кепсе де, жиенге ат қою шаруасына тікелей араласа алмай, дымы құрыған еді. Енді бала қолға келді, туған әке-шешесін «тәте», «апа», ал бұларды «бапа», «мама» дейтін болды, міне, осы бір қиракезік, өліара уақытта Төкең Эйсебио дейтін басқатырғышты жиірек айналдыратын әдет тапты. Осы, шеттен енген сөздің де бірқатарын қазақша тұлғалай саласың ғой, мәселен, Есенинді Есен, Есей, Федорды Шодыр, Иванды Иман деген сияқты. Не болмаса, Еркектананы Еркетаң деп өзгерте саласың. Ал мына Эйсебионы қалай тұлғаламақсың, күн ұзақ сарғайып бататын жақтағыдай Эсеби, Эйсебито, Эби, Себито, Чебо, Чебито, Эйсеб деп шұбыртсаң, оны кім түсініп-қабылдайды? Себ, Себек, Себошок дейтін кішірейтінділері де бар екен, бірақ, олай етсе, қылышкестен шеркеш мұны беріштің себегіне апарып теліп жүрер, құрсын...

Осылайша түнімен тоғыз төңкеріліп, он аунақшып жүргенде Төкеңе бір білгіш отырып: «Төке, баланың атын қазақша қойсаң өліп қалуы мүмкін» дегесін қарт іркілді. Эйсебио мектепке баратын қарсаңда, мектеп баланың дүкіметін талап еткенде ғана бір тоқтамға келді: беті қазақ, аты жабропа бала мектеп табалдырығын қалайда ата-ананың үш хаққысының бірі – ұнасымды атпен аттауы тиіс. Ойланып-толғанып отыруға уақыт жоқ, сондағы Төкеңнің ойына жиірек түсе бергені – Болат дейтұғын есім. Португалдығынан құтылып, ендігі жерде қазақтығына болаттай берік болсын деп, қой сойып, молда алдыртып, жиен немеренің есімін бір күнде азан шақыртып, өзгертті де жіберді. Метриканы да солай деп алды. Содан Эби енді «Болат-Боленка» атанды...

Бұл тарих дегенді қойсайшы. Алыстағы Польшада кішкене Эби футболшы әкесінің тілегін орнына келтіріп, танымал аяқдопшыға айналды, тіпті заманында ұлығ аттасы намысын қорғаған Португалия қақпасына доп енгізіп жіберген, сөйтіп жиырма жылдан соң осы құраманың қақпа құлпын ашқан бірден-бір поляк футболшысы атанған. 1992 жылы, Ресейдің 1-інші президенті Ельцин билік басына келгенде алыс Коста-Рикада дүние есігін ашып, Ельцин дейтін атты тағынған Техеда да осы елдің футбол құрама командасында ойнады. Ал Қошқардың Эйсебиосына қатысты түрде «Жақыптың көруі, Жүсіптің жоруы» келмеді. Кереғар дүние-ай, нағашы ата-әжесінің қолында ақ құйрық маймен сыланып, ерке, тентек болып өскен, тәрбие-тағылымды басты ақпарат көзі – атасынан алып жетілген Эби-Болат ақыры футболшы болмады. Негізі, бұрындары қазақ ауылдарында доп теппей өсетін бала некен-саяқ еді, біздің Эбидің де аяғы бірде жерде жатқан таскесекке, бірде доптың тап өзіне тиген, алайда, не десе де, есте ерекше тұтылып қалатын алғашқы атына опасыздық жасалғанның соңында ол ойыннан кейін жейдесін жанкүйерлерге жыртып-жыртып беретін Эйсебио түгілі қатардағы жай футболшы да атана алмады. Бүгінде Болат Әбілғазиев Доссор кәсіпшілігінде білдей бір слесарь, екі баланың әкесі, Төлеп атасы да, Ислам тәтесі де қайтқан, Сақыш әжесі ғана бар. Әрине, адамның өз еркі, шыңға шыға ма, шымға қона ма, әрбердесін кәсібіңмен, отбасымен, доспен, ағайынмен болашағыңа тірек тауып кетудің өзі аз олжа емес қой.

Сонда да... Бүгінде көп адамның есінен шығып кеткен, бір кезде аядай ауылды дүрбелеңге салған жоғарыдағы экстра-жаңалықты ойға оралтқан сайын іште бір гәп өзінен-өзі қозғала береді. Сонда деймін-ау, кішкентай Эби «Қайратым» деп мен жүрмін, қайратсыз боп сен жүрсің» қиын шақта кішкентай Дико (болашақ Пеле) сияқты әкесіне «Тәте, мен өскесін қазақ атынан Әлем кубогын жеңіп алуға уәде етемін!» деп, шақпақ тастың отындай неге жарқылдамады екен, сөйтіп әке арманын неге алмадай әуелетпеді екен, ал атасы мен әжесі бір кездегі Пеленің ассенизатор әкесі мен үй шаруасындағы анасы секілді болам деген баланың бетінен қақпай, белін неге бумады екен, ал Мақаттың түбіндегі Қошқар неге Прес-Корасойнс іргесіндегі Бауру бола алмады... деген ойларға тіреле бересің. Жуан Рамос ду Насименту мен Селеста Арантис ырым қылып, тұңғыш перзентін атақты өнертапқыш Эдисонның атымен атықтырғанда, Төкеңнің дәл осындай атақты адамның есімін мансоқ қылғаны баланың алдағы тағдыр жолына әсер етпеді ме екен деген пәндәуи ойға да бой алдыратынымыз бар. Баламен бірге баланың балалық арманын үкілемеу, дұрысы, соған сене алмау, сірә да, біздің бойымыздағы балтамен шауып тастарлық міннің бірі, тіпті үлкені десе боларлық. Үлкендердің, қазақ ауылындағы жағдайдың кесірінен марқұм Ислам ағамыздың ішінде өз Эйсебиосын көру орындалмаған бір арман болып кетсе керек. Сол сияқты Эйсебио болу арманы – өзіміздің де ішімізде кетіп бара жатқан ұлы арман. Адамзат осы күнге дейін ойлап тапқан өнертабыстардың бір ғажайыбы – футбол өнерінде өз Эйсебиосының болмауы, үлкен есеппен келгенде, қазақтың ішінде кетіп бара жатқан арман десек, адаса қояр ма екенбіз. Мұндайда «Неге?» деген шоқпар бас сұрақтардың қоршауында қалуымыз заңды.

Неге бұлай болғанына мен толық гәп айта алмаймын. Бар білетінім – кішкенеңнен ойыңа орнығып, миыңа сіңіскен, дағды-машық алған нәрсе ғана мәңгі серігің болып қалатыны. Мойны озық елдер баланы сүйегі қатпай тұрып өнерге, спортқа береді. Кешегі кеңестік жүйе үздік үш үлгі жасап кетті: жоспарлы экономика, атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану және бұқаралық спорт. Ол кезде бұқаралық спортқа, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер спортына аса көңіл бөлінетін. Балалар спорт мектептері мен секциялары тегін, қазіргідей қаңырап тұратын зәулім ФОК-тардың орнына ықшам спорт мектептері (ДЮСШ) ашылған, олардың директорлары бөлінген қаржыны талан-таражға салмайды. Егер өңірлердегі спорт мектептерінің тиімділігін олардың тығыздығымен есептесек, халық сирек қоныстанған Атырау атырабы жағдайында аудан басы бір-бір ДЮСШ және Гурьевтің өз басындағы спорт мектептері аздық етпейді-ақ. Жан саны төрт миллионға да жетпейтін Хорватия футболдан анадай үздік құрама беріп отырғанын ескерсек, Қазақстанның батысындағы халқы сол шаманы құрайтын үш облыс бірігіп, хорваттарға жетеғабыл бір команда шығаруы тиіс еді, ықтималдылық қисынымен келсек. Олай болмады, болмай да отыр. Меніңше, бұл жердегі гәпті аудан-облыс орталықтарында спорттық мектеп-интернаттардың болмауымен байланыстыру керек сияқты. Ғажап емес пе, Атырау – еліміздегі әлі күнге спорттық бағыттағы мектеп-интернаты жоқ үш облыстың бірі (қалған екеуі – Маңғыстау мен Қостанай). Осының кесірінен ауылдарда көше футболынан өсіп шыққан талай жас талант одан әрі өспей, өскелеңдемей қалды. Солар кейін қалаға келген соң, өз беттерімен мектеп-секцияға жазылып, аяқдоппен арнайы айналысқанымен жасырақ пубертата кезеңін өткізіп алғандықтан күткендегідей нәтиже көрсете алмайтын. Жалпы спортта, соның ішінде футболда буын қатпай тұрып дағды-машық қалыптастыратын пубертата үлкен маңызға ие. Баландин бассейнге бара алмағасын жүзуді одан тыс жерде, Денис Тен сырғанауды сауда орталығында үйренген деп қабағат қайран қалып жатамыз, бірақ дәл мұнда оқыс таңданарлық ештеңе жоқ – Дмитрий де, Денис те бар болғаны спортпен айналысуды дер шағында, пубертато кезеңінде бастаған. Олардың бағы – қалалы жерде туып-өскендері және кәсіби клубтар бар дәуірде жасағандары. Біздің кезімізде бұқаралық спортқа ғана мән беріліп, кәсіпқой клубтық жүйе дамымағандықтан сапа емес, сан қуған бапкерлер тума талант іздеп, алыс ауылдарды аралай бермейтін. Әкесімен бірге газет қиындыларын нығыздап толтырған шұлық доппен ойнап өскен Пеле бұрынғы футболшы Валдемар де Бритоның көзіне түспегенде, футбол әліппесін дәл әлгіндей доппен ашқан Эйсебио бразил бапкері Жозе Бауэрдің назарына ілікпегенде бүгінгі аяқдоп өнерінің тарихы «Футбол королі» мен «Қара қабыланды» білер ме еді, білмес пе еді?! Брито мен Бауэр көше футболының арасынан суырылып, қара үзіп шығып келе жатқан бұл хас таланттарды жазбай танып қана қоймай, ондайларды өз стильдерінен – аула, көше футболы стилінен уақытынан бұрын айырмауды да ескерген. Пас беруге негізделетін, қатаң ұжымдық тәртіпті ұстанатын еуропалық футбол дәстүрін – стандартты ойынды әлгі көше таланттарына үйреншікті ойын стилімен ұштастырып отырған. Пеленің өзге бразил «жұлдыздарының» арасынан бірден үздік шығу себебі әлгі екі стильдің ара-жігінде өзіне ұнасымды үлгі пішуінде. Одан таланты бір де кем түспеген Гарринчаның Пеленің тасасында қалғаны да осы үйлесімді ескермеуінен. Бүгінгі Неймардың кемшілігі де осында – осы бір айқын таланттың дара ойыны, футболдағы романтикасы көбінесе бапкерлік штабтың тактикалық жоспарына шалыс түсетіндіктен бағы жанбай жүр. Осы жерде соңғы жиырма жылда Бразилия құрама командасының мундиалдарда қайта-қайта жолы болмауының елеулі бір себебін жоғарыдағы жағдаймен байланыстыруға болар еді.

Мен қазақ футболының сәтсіздіктерін де осымен байланыстырар едім: күрес пен бокс сияқты ұлттық футболдың қайнар көзі де ауылдарда жатыр, алайда қазақ балалары бразилдар тәрізді сәби, инфант, яғни олар күшке салып ойнай алмайды. Қазақ та жаны рақат алатын еркін, құмбыл футболды сүйеді. Содан да бразил аяқдоп шеберлерінің Еуропада абдырап, мәнерлерінен жаңылысып қалатыны секілді, үлкен футболға келген қазақ жігіттері де бұл жерде тактикалық және ұйымдасқан батыстық стандарттың қалыбына қатырылғандықтан баяғы табиғи талантын жоғалтып алады. Бұл жайды біздің бапкерлер ескермей жүр. Осыдан келіп, ауылда туған талай таланттың бұлақ көзі ауылда өскендіктен емес, өнерінің табиғи тамырынан ажырап қалғандықтан ашылмай жүр. Бізге Қазақ-ginqo керек.

х  х  х

Жөңкіліп жылдар өтіп, «аққу ұшып көлге, ақсұңқар ұшып шөлге» кеттік. Өлі қолтықтан су кетіп, Қошқардан ел көшіп, бүгінде балалығымыз бұлдырап қалған сол бір аядай ауыл жермен-жексен етілді. Шүметектің басымен қоштасқан, орнына ақ жапаның күлі тиген қайран Қошқардың аты бұл күнде карталардан да өшірілген. Елден алысырақ кеткеннен кейін сағыныш табы қалыңдау, сағыныш лебі шексіздеу бола ма екен, әйтеуір, қат-қабат естелік пен еске алулардың ала-шоласында бала кезді ойша саралап, кім болғың келгенін және қазір кім екеніңді байыптауға да тырысады екенсің. Бала кезімнен футболшы болуды армандап едім десем, өтірік болады. Мен, – бәлкім айтақырда бірге ойқастаған Санақтар мен Еріктер де, – алдарына ондай мақсат қоймаған болуы. Бірақ, осы жерде ескеретін бір нәрсе бар: қайткенде де футболдың бізге пайдасы көп тиген екен. Бері қойғанда, спорт бізді жасөспірім кезде болатын проблемалардан аулақ ұстапты. Бозбала шақтың қалай келгенін сезбей де қаласың ғой: бір жазда бойың  серейіп, даусың зорайып шыға келеді, артынша асау сезіммен алыса бастайсың. Міне, осындай сын шақта басы бүтін спортпен айналысқан біз қызбен айналыспадық, соның арқасында бозбаланың «жынды көбелек» кезі бізді айналып өтті. Гарвард университетінің зерттеушілері бертін ашқан бұл жаңалықты біз әлдеқашан, өз тәжірибемізде дәлелдеп қойғанбыз. Бұл – бір.

Екіншіден, футбол біздің  таным көкжиегімізді кеңейтті, ой қуатымызды арттырды. Үшіншіден, футболмен, жалпы спортпен шұғылдану біздің дене күшімізді нығайтып, өзіңе деген сенімді күшейтті. Ең соңында, футбол философиясы дегеніміз – күрес философиясы деуге аузым барады.

Спортпен айналысуды ұмытпаңыздар!

х  х  х

Осы күндері Катарда өтіп жатқан футболдан 22-інші әлем біріншілігінде мен әрдайым жанкүйер команда – Криштиану мен Пепе, Силва мен Фернандеш бастаған жігіттер жартылай финалға өте алмай қалды. Есесіне плей-офф кезеңінің осы бір межесін алу үшін жасыл алаңға Эйсебиомен бір құрлықтан шыққан Марокко командасы шығады. Негізгі құрамын афрофранцуздар құрайтын Франция құрамасын да осы қатарға қосуға әбден болады. Демек, Африка құрлығынан шыққан тұңғыш ұлығ футболшы – Эйсебио есімімен тығыз байланысты біздің қошқарлық жанкүйерлер жасыл алаңда жасындай жарқылдайтын «эйсебиоларды» атой сала қолдап, жеңісті сәттер тілеуіне толық хақылы.

Алға, Ашраф Хакими, Хаким Зиеш, Софьян Буфаль бастаған және құрамында Кильян Мбаппе, Усман Дембеле, Кингсли Коман, Юссуф Фофана, Дайо Упамекано, Аксель Дисаси, Ибраима Конате, Жуль Кунде, Вильям Салиба, Эдуарду Камавинга, Орельен Тчуамени ойқастаған сайыпқыран жігіттер!

Алға, Қошқар!

Алға, Қазақстан!

12.12.2022

Қаскелең шатқалы, Сарқора            

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер