Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Біріккен Араб Әмірліктерінде джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды.
Аңсар Несіпқали, Кабир Әлімханов, Айат Маманов алтын, күміс, қола медальдарын жеңіп алды.
Ашық чемпионат Абу-Дабиде өтті. Үздік атағына әлемнің түкпір-түкпірінен бес мыңнан астам спортшы күресті.
5-сынып оқушысы Аңсар Несіпқали үшін мұндай ауқымдағы чемпионат бірінші емес. Аңсар жеңіске жететіне еш күмәнданбады. Жас спортшы өткен жылы Мәскеуде де өнер көрсетіп үлгерді.
Мен джиу-джитсумен төртінші жыл айналысамын, түрлі жарыстарға қатысып келемін. Бұл белдесуде бес жекпе-жек өткіздім. Менің бәсекелестерім Әзірбайжан, Иран, БАӘ елдерінен келген джитсерлер болды. Бәрін де жеңіп, алтын медальға қол жеткіздім, – дейді Аңсар чемпионымыз.
4-сынып оқушысы Кабир Әлімханов күміс медальмен оралды. Халықаралық чемпионатқа алғаш рет қатысып, үздік үштікке енді.
Мен ұмытылмас эмоцияларды бастан өткердім. Осы жеңісімді, қуанышымды анама арнаймын. Бізді дайындаған бапкерлеріме үлкен алғысымды айтамын. Қатты тырыстым, келесі жылы бұдан да жақсы нәтиже көрсетемін деген үміттемін, - дейді сұхбатында джитсер Кабир.
Жетістіктер қазынасына Назарбаев Зияткерлік мектебінің тағы бір 4-сынып оқушысы Айат Маманов өз үлесін қосты. Айат осы чемпионатта қола жүлдегер атанды.
Біздің оқушылардың халықаралық аренадағы өнері қазірдің өзінде үлкен жетістік деп есептеймін. Әріптесім Ернұр Нұрмұханов екеуміз барынша үздік нәтижеге ұмтыламыз. Сондықтан, джиу-джитсудан мектептегі дайындықпен қатар, балалар аптасына екі рет қаланың спорт секцияларында жаттығады. Бұл чемпионатта біздің жігіттер баға жетпес тәжірибе мен болашақ жеңістерге мотивация алды деп ойлаймын, - мектеп жаттықтырушысы Айдос Дүйсентаев өз пікірімен бөлісті.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің джиу-джитсу үйірмесі 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде талай оқушылар халықаралық, республикалық жарыстарда чемпион атанды. Жарқын мысал ретінде «Astana Open» халықаралық грэпплинг турнирінің жеңімпаздары, қазір мектеп түлектері Ернар Өмірзақов пен Владимир Канды айтуға болады. Енді эстафета кезегі НЗМ-нің ғана емес, әлем чемпионы атанған Аңсарға, Кабирге, Айатқа тапсырылды.