"Ешкімге табынған емеспін": Бүгін Рахымжан Отарбаевтың туған күні

5651
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Рахымжан аға Отарбаевтың туған күні. Оқырманға Отарбаев күнделігінен үзік жазба бөлісейін:

***

Ешкімге табынған емеспін. Бірақ тәлім алған аға жазушыла­рым аз емес. Ә.Нұрпейісовтың өз шығармаларына өгей көзбен қарайтын қатыгездігі, Ә.Ке­кіл­баев­тың әр сөйлемінен менмұн­далап тұратын жан шуағы, Д.Иса­бековтың сәтті юморы, Т.Нұрмағанбетовтың оқиға ой­натуы, М.Байғұттың әдемі баян­дау тәсілі, Н.Дәутаевтың өткір ойлары кейінгі толқынның қайсысына болса да үлгі болар­лық. Мен де шама-шарқымша солардан сөз мәнерін алған шы­ғар­мын. Бірақ әркімнің өзіндік ойлау жүйесі, ой нәрі болары хақ. Менің шығарма­ла­рымда нәзік көңіл-күй мен астаң-кестең асау толқын жаға­ласып жатса, бәлкім туынды табиғаты соған сұранып тұрған шығар. Мінезім де бірде – қатты, бірде – тәтті-ау деймін. Жалпы, авантюристік қанымда бар. Қай­бір жетіскеннен дейсің…

***

Жаныңды келіге салып жаза­сың. Сөз байлау, образ жасау, та­биғат дірілі, уақыт мөлшері, бәрі-бәрі қиялыңнан туып жатса, азап емей немене? «Шыңғыс хан­ның көз жасы» хикаятын жазу үстінде әлгі айтқан азапты анық сезіндім. Қарама-қайшылығы көп тұлғаның соңғы дем үзер шақ­­тағы ойы, өкініші не болды ек­ен? Ал, толған! Қаламыңның ұш­ынан сәуле шашырап, суреттеп көр!

***

Ылғи саяқтау жүремін. Сондай шақта жолыққан біреу: – Жалғыз келе жатырсың ғой, – деген. – Жоқ, – дедім. – Жан-жағымнан кейіпкерлерім қаптап еріп келеді…

***

Сөз – кие. Оны аса қастерлеп ұстамасаң, орнымен қолданбасаң бола ма? «Киесі ұрады» дейтін еді ғой атам қазақ. Дүниені мызғыт­пай сөз ұстап тұр. Ұнамды, ұнам­сызы болар. Бәрібір – сөз! Сон­дықтан қадірін қашырып алудан қорқам. Қорқып сыйлау деген бар. Әне, құрмет тұтудың ең кө­кесі – сол! Сондықтан сөзбен ойлау керек. Ойнау – күнә! Бірақ күнә, сауапты мына бұлағай заманда кім ескеріп жатыр? Жұрт әдебиеттен, жалпы өнер атаулы­дан алшақтап кетті. Бір күні кө­шеде, базарда, бизнес орталы­ғында, әуежайда жұрттың сөзін бақтым. Бар-жоғы 30-40 сөздің аясында тіл қатысады екен. Қоры сол! Сонымен қарым-қатынас жасайды, тірлік кешеді, бала өсі­реді, той жасайды, келіседі, кеті­седі… Жағамды ұста­дым! Қа­ның­ды ерітіп, сүйегіңді бал­қыт­қан қазақтың мәйекті тілі қай­да кетті? Жыланқарағы жоқ сұрқай сөздерге күніміз қарап қалғаны ма? Әлде шынайы өмір тілі бір басқа, әдеби тіл басқа ма?

***

Қалың роман жазсам, бұр­қы­ратып көп томдығымды шығар­сам қадірім артады деп ойлай­тыңдар баршылық. Кешірерсіз, ол тек өз халқыңның аудитория­сындағы қажеттілік. Ал, әлем әдебиеті үшін сіз ешкім де емес­сіз. Ендеше еңсе көтеріңіз. Көп дауысты хорға өз үніңізді қо­сыңыз. Бір шығарма­ңызбен болса да күллі оқырманның ойын сиқырлаңыз. Таңдайына тәттінің сөлі тепкендей тамсан­сын. «Паһ, шіркін қатарынан оза шапқан мына қазақты-ай!» – десе ұлтқа мерей емес пе? Ол үшін шығар­ма­ның қалыңы, жұқасы қажет емес. Ең басты өлшем –көркемдік және айтар ойда! Мысалы, Нобель сыйлығын алған Хемингуэйдің «Шал мен теңізі» бар-жоғы 40-50 беттік туын­ды. Алып бара жатқан оқиға жоқ. Теңізден балық аулаған шал. Қармаққа іліккен олжа. Алыс жағалау. Азапты жетек. Ақыры не болды? Діттеген жерге жеткенде үлкен балықтың қаңқасы ғана қалған. Ұсақ жыртқыштар бар тәтті етін талап жеген… Адам өмірі де сол ғой. Жас кезде бәрі менікі дейсің. Ақыры ар­ма­ныңнан да, алға қойған мақса­тың­нан да ажырап, жағалауға қаңқа сүйреп шығасың.

***

Қазақты жақсы көрем десем, сенбейсің. Жек көрем десем, күнәһар болам.

Qaragoz Simadil ФБ парақшасынан

Пікірлер