Шекарашылар Ауған соғысы арагерлерімен кездесті

2751
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің "Азаматтық борыш" жобасының аясында Ауған соғысы ардагерлері қатысқан кездесу шекарашылар бөлімінде өтті.

Бөлімшенің қатардағы жауынгерлері мен сардарлары жиналған үлкен залда Ауған соғысының ардагерлері жас жауынерлерге өздерінің жауынгерлік тәжіриесі туралы айтып берді. Өз өмірінде қауіпке тола соғыс туралы көрген-түйгенімен бөлісті. Болат Құрамысов соғыс жағдайындағы әуежайдың маңыздылығын қызықты оқиғалармен әрлей отырып баядады. Ауған соғысында дәрігер болған Рахимжан Юсупов та түрлі жағдайлар туралы айтты. Матадан жасалған шатырда түрлі күрделі оталарды қалай жасағанын. Кейбірде электр шамының өшіп қалатынын, жараланған жауынгерлермен қатар жергілікті халық өкілдерін де емдегендерін қызықты етіп айтып берді.

Кездесудің тағы бір қонағы тосқауылда бірншеше күн болғандарын, тамақтың таусылғанын, бәрақ шепті тастап етуге болмайтынын баяндай отырып жастарды жақсылап шынығуға шақырды.

Мәдениеттанушы Бердалы Оспан, қазақ халқы батыр да қайсар ұлт екенін дәлеледейтін тарихи мысалдар келтіре отырып қызғылықты әңгіме қозғады.

Жауынгерлік борышын өтеп жатқан жас жауынгер ұрпаққа бұндай әңгімелер ауадай қажет-ақ.

Қонақтар сол кезгі басқа елдегі соғыс жағдайындағы өмірмен бүгінгі Қазақстандағы бейбіт өмірді салыстыра отырып жастарды Қазақстанның егемендігі ең қымбат қазынамыз екенін айтты. Жауынгерлерге егемен еліміздің шекарасын көздерінің қарашығындай сақтауды өтінді.

«Азаматтық борыш» жобасының жетекшісі Дос Сымағұл өз кезегінде бөлімше бастығына жауынгерлердің жақсы дайындығы үшін алғысын білдірді.

Пікірлер