«SHYMKENT TOWER» сауда-іскерлік орталығы бой көтермек

1033
Adyrna.kz Telegram

Бүгін қала әкімі М.Әйтенов Қонаев даңғылы бойында бой тіктейтін «Shymkent Tower» сауда-іскерлік орталығының құрылысының басталуына орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысты.

Бұл жобаның негізгі инвесторы “САУТС-Ойл” компаниясы, ал құрылысын салушы бас мердігер «Koç Construction».

“Алдағы 5 жыл ішінде қалаға 5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту міндетін қойдық. Ал бүгін Шымкент қаласы үшін бірегей жоба бастау алады. Бастамаға сәттілік тілеймін. Жалпы қазіргі кезде мегаполисте тұрғын үйге деген сұраныс артқан, агломерациясы дамыған шаһарымызға келушілер мен үй алып қоюға ниеттілер көбейген. Сондықтан кәсіпкерлерді Шымкентке инвестиция салуға шақырамын,”-деді шаһар басшысы М.Әйтенов.

С.Сейтжанов жаңа нысанның салынуы - экономика мен қала көркіне көрік қосатынына сенім білдіре келе, "Бүгінгі шараға арнайы келіп қатысқаныңыз үшін алғыс білдіремін, құрметті Мұрат Дүйсенбекұлы! Осы күнге дейін әкімдікпен тығыз жұмыс істеп келеміз, алдағы уақытта да қаламыздың дамуы жолында бірге көптеген жобаларды жүзеге асыратын боламыз",-деді.

Ал «Koç Construction» - халықаралық құрылыс саласындағы тәжірибелі компания. Жарты ғасырлық тарихы бар. 1959 жылдан бері 3 материкте құрылыс салып, әлемнің 9 елінде ірі-ірі жобалардың жүзеге асуына атсалысқан.

Солардың бірі - көрші Өзбекстан елінің ең маңызды жобасы саналған “Ташкент Сити” құрылысының негізгі басым бөлігін жүргізіп, қазіргі таңда 3,5 млн2 м шамасындағы нысанның құрылысын салуда. Сонымен қоса «Hilton» қонақ үйінің құрылысын да аталмыш компания жүргізген. Бұдан басқа да жетістіктерін айтып өткен компания директоры Омер Сарикоч “Орта Азиядағы аумағы ең үлкен болып табылатын бауырлас еліміз - Қазақстанда алғашқы инвестициялауды миллионды қала - Шымкенттен бастағанымызға өте қуаныштымыз. Бұл ғимарат прогрестің, дамудың, яғни алға қарай ұмтылудың негізгі символы болады. Шым шаһарға алдағы уақытта да басқа салалар бойынша инвестиция салуға дайынбыз”-деп атап өтті.

Жалпы Шымкент қаласы 2020 жылы негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемінің өсу көрсеткіші бойынша республикада екінші орында болған болса, 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан өңірлерінің рейтингісінде тұрақты түрде көш бастап келеді.

Айтып өтейік, «Shymkent Tower» сауда-іскерлік орталығын салу барысында 200 тұрақты және 1250 уақытша жұмыс орны ашылмақ.

 

Пікірлер