Рим папасы елімізге келіп, кедейлік проблемасын төтесінен қойды! - Саиров

3715
Adyrna.kz Telegram

"Елімізге келіп, Абайды бізге европалық қырдан ашып бергендей болды. Кедейлік проблемасын төтесінен қойды". ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Рим папасы Франциск туралы пікірін білдірді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

"Мейірімді, кіршіксіз жан. Маған бұл тұлғаның қарапайымдылығы ұнайды. Бет-әлпетінде керемет адамсүйгіштік бар. Елімізге келіп, Абайды бізге европалық қырдан ашып бергендей болды. Кедейлік проблемасын төтесінен қойды. Әлемдегі химиялық элементтердің бәрі бар елдің халқы кедей. Рухани әлемімізді байыта отырып, өзара көмек, ықпалдастығымызды арттырудың маңызы айтылды. Қазақстан мәдениет пен адамдардың "кездесетін" орны. Бұл рухани миссия және дипломатиялық артықшылық. Плюрализм мен сан салалы пікірсайыс жасай отырып, рухани тұғырымыз, мемлекеттік бірлік тұжырымын да ұмытпау маңызды", - деп жазды депутат өзінің фейсбук парақшасында.

Депутаттың айтуынша, қазір өркениеттердің бейбіт диалогын орнату өте маңызды.

"Кеше Франциск біздің елімізге, қасиетті халқымызға, мәртебелі қоғамға бірлік, ынтымақ, ықпалдастыққа бағытталған батасын беріп кетті. Кезінде, соғыс кезінде, бір кездесуде Сталинге "Рим папасы келіспей жатыр" деген екен. Сонда Сталин "Рим папасының қанша дивизиясы бар?" деп қарсы сұрақ қойыпты. Ал бүгін заман өзгерген, адамзат, әлем рухани жетіспеушілікті, жаһандық шиеленіс мәселесін бастан кешіруде. Қазір бейбітшіл, өркениеттер диалогы, өзара төзім мәселесін уағыздайтын күштер өте қажет. Сондықтан, мәртебелі тұлғаға "Рахмет, айтқаныңыз келсін, Қазақстанда бейбітшіл болып, халқымыздың бірлігі артып, әлемде келісім орнасын демекпіз, - дейді Ерлан Саиров.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер