Махатма Ганди халықаралық Хинди университетінің сертификаттары үндітанушы студенттерге табыс етілді

2561
Adyrna.kz Telegram

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Шығыстану факультетінің үндітанушы ұстаздары мен студенттері 2022 жылдың 9 қыркүйегінде Қазақстандағы Свами Вивекананда атындағы үнді мәдени орталығының директоры Санджай Веди мырзамен кездесті.

Іс-шараны Шығыстану факультетінің деканы міндетін атқарушы Ем Н.Б. құттықтау сөзімен ашып, екі ел арасындағы мығым достықтың көпірін нығайту мақсатында елге үнді тілін, мәдениетін, тарихын, әдебиетін терең меңгерген мамандардың қажеттілігін назарға ала отырып, соның ішінде әл-Фараби ҚазҰУ бұл салада белсене еңбек етіп, өзіндік үлестерін қосып келе жатқан үндітанушы мамандарды даярлайтын бірден бір жоғары оқу орны болып табылатынын атап өтті.

Свами Вивекананда үнді мәдени орталығының директоры Санджай Веди мырза бұл қызметте әлі күнге дейін айтарлықтай ұзақ уақыт болмаса да әл-Фараби ҚазҰУ Шығыстану факультетіне үшінші рет іс-сапармен келіп, жан-жақты келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Аталған келіссөздер негізінде Үндітану бөлімінің оқытушылары мен студенттері Үндістанға біліктілігін арттыруға арналған тағылымдамаларға жіберілетіндерін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының Елшілігі жақын арада әл-Фараби Қазақ Ұлттық Университетінде бірлескен халықаралық ғылыми конференциялар өткізуге қолдау білдіретінін еске салды. Сонымен бірге Санджай Веди мырза 2020-2021 жж. Үндістанда тілдік тағылымдамадан өтіп, бірақ пандемияға байланысты дипломдарын уақытында ала алмаған Үндітану бөлімінің түлектері Кизбаева Нәзира, Орынбай Аида, Хамитова Балжан, Еслямгариев Алмас, Муратбеков Әділетке ресми түрде Махатма Ганди халықаралық хинди университетінің дипломдарын табыстады.

Кездесу барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті мен Свами Вивекананда атындағы Үнді мәдени орталығы арасындағы білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастық бойынша бірқатар жаңа мүмкіндіктер талқыланды.

Кездесу соңында Шығыстану факультетінің деканы міндетін атқарушы Ем Н.Б. Қазақстан мен Үндістан арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға, атап айтқанда әл-Фараби ҚазҰУ Шығыстану факультеті, оның ішінде үндітану бөлімі мен Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының Елшілігі арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту үшін аянбай қызмет атқарып келе жатқан Санджай Веди мырза «Алғыс хатпен» марапаттады.

Меруерт Пернекулова
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы,
үндітану бөлімінің меңгерушісі
Шығыстану факультеті

Пікірлер