Рух мүсіні

4205
Adyrna.kz Telegram
Көзі ұшында салуалы, байсалды көш найқалып,
Болмысынан сөз бүрлеп, самайынан ой тамып.
Отыр төрде қазақтың рухын артқан алғадай,
Өту қандай мәртебе қазақпын деп айта алып!
Қабағында суық сұс, көздерінде алып кек,
Отыр төрде һас ұзан шұғылалы жарық боп.
Әр сөзіне қарауыл қойып сөйлер ділуар,
Айтса Ақаңды жарасар бір өзін – бір халық деп.
Күйі жұпар бойлауық Сарыарқаның самалы,
Әні жусан бұрқырап, қом сулардай қоғалы,
Кеудесі – ұлы сахара үстіндегі күмбездер,
Иықтары – өр таулар, хан Кененің қамалы.
Уақыт – оның ішінде,
Дала – оның жадында,
Намысы – алмас көк сүңгі найзасының сабында!
Көкте Күнге,
Жерде елге
қанбай өткен мейірі,
Бір көш тоқтап тұрғандай Иманақтың маңында...
Кеңістікке сүйеген алып басы – алып төр,
Алып төрдің алдына аласармай барып көр.
Ақаң сүрген дәуренді
сүре алсаң ер сүріп көр,
Ақаң салған "Дәурен-ай"
шамаң жетсе салып көр!
Отырысы – бір дәуір,
отырысы – бір ғалам,
Еңкеймеген,
Шөкпеген,
мұқалмаған,
сынбаған,
Отыр ұлттың ұстыны терең ойдың қойынында,
Шиыр-шиыр әжімі – қазақ өткен шырғалаң.
Отыр ардың айнасы,
отыр рухтың мүсіні,
Ойы зіл де сөзі мір,
ізі тура,
ісі ірі.
Отыр абыз,
кемеңгер,
отыр батыр,
қамшыгер,
Жеп қоярдай мысымен қарапайым кісіні.
Сөздерінің сәні ою мәнге қанық әр өрнек,
Жан – мәңгілік,
Діл – азат,
өлсе ғапыл тән өлмек...
Сөз алғалы отыр ол шығу үшін мінберге,
Бар адамзат қазақтан тарайтынын дәлелдеп!
Мирас АСАН,
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер