Түркістан: Биыл шитті мақтаның бағасы 400 теңге болады деп болжанып отыр

2532
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысында жиын-терім науқаны жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар барысы мен өзекті мәселелер Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы жиын-терім кезеңінде жұмыстарды сапалы атқарып, шаруаларға қолдау көрсетуді тапсырды.

– Биыл ауыл шаруашылығы саласында көрсеткіш жоғары. Жетістіктер жылы болып тұр. Көп жұмыс атқарылды. Бұл – осы саладағы азаматтардың, халықтың еңбегінің жемісі. Енді осы жетістікке жету жолын үйрету үшін шаруаларды жинап, семинар өткізу керек. Көкөніс, бидайға қатысты семинар өткізіп, тәжірибемен бөліскен жөн. Егістік басына апарып, техникалар мен технологияларды көрсету арқылы жұртшылықты ауыл шаруашылығына қызықтыра аламыз, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Оспановтың айтуынша, биыл облыста мақта дақылы 126,3 мың гектарға егілген. Жалпы 345 мың тонна шитті мақта жиналып, өткен жылғы көрсеткіштен артады деп жоспарланып отыр.


Мақта бағасы биыл 400 теңге көлемінде болады деп күтілуде. 2021 жылы бір келісінің бағасы 320-380 теңге аралығында болған.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 859,9 мың гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 14,4 мың гектарға артып отыр. Оның ішінде дәнді дақылдар 313 мың гектарға егілсе, көкөніс, бақша, картоп 119,4 мың гектарға егілген.

Бүгінгі күнге 254 мың гектарға егілген астықты ору науқаны аяқталды. Гектар түсімділігі 19 центнерді құрап, өткен жылдан 8,7 центнерге артып, 471,3 мың тонна өнім жиналды. Көкөніс пен бақша бойынша 2,8 млн. тонна өнім жиналса, 112,6 мың тонна жеміс-жидек жиналған.

Облыс әкімінің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша биыл 8,4 мың гектарда 3000 жоба іске асырылды, бірінші, екінші өнімнен 230 мың тонна көкөніс өнімі жиналып, жұмыстар жалғасуда. 85,5 гектарға жаңа жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 1552 гектарды құрады. Бүгінгі күнге жылыжайлар есебінен 118 мың тонна өнім өндірілген.

Жалпы биыл мемлекет тарапынан күзгі жиын - терім жұмыстарына 48 мың тонна жанар-жағар май бөлініп, агроқұрылымдарға литрі 200-202 теңгеден беріліп жатыр. Бұл — нарықтық бағадан 15-20% төмен. 522 түрлі минералды тыңайтқыштардың құнын 50%-ын субсидиялауға бюджеттен қаржы бөлінді.

Пікірлер