Мәслихат депутаттарын сайлау басталды

587
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/il6IOv2uNwZBwXPn07g1xNrjiMF1pQ8aEhmYga5E.webp

Бүгін, 29 қарашада, Қазақстанның барлық өңірінде аудандық, қалалық және облыстық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтуде. Саяси науқан аясында 3 447 депутаттық мандат сарапқа салынып, оған 10 мыңнан астам кандидат қатысып жатыр.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауға барлығы 10 971 кандидат тіркелген. Олардың 1 219-ы партиялық тізімге енгізілсе, 9 752-сі бірмандатты сайлау округтері бойынша ұсынылған. Осылайша, әрбір депутаттық орынға орта есеппен үш үміткерден келеді.

Сайлау қорытындысы бойынша 20 облыстық мәслихатқа 668 депутат, 38 қалалық мәслихатқа 626 депутат және 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайланады. Жаңадан сайланған халық қалаулыларының өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.

Бұл жолғы саяси науқанға жеті партия қатысып отыр. Олар – «Ақ жол», «Ауыл», «Әділет», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы және Respublica.

Еліміз бойынша сайлаушыларға арналған 10 338 учаске ашылған. Оның 9 782-сі азаматтардың тұрғылықты жері бойынша орналасса, қалған 556 учаске ауруханаларда, әскери бөлімдерде және өзге де арнайы мекемелерде жұмыс істейді.

Негізгі сайлау учаскелерінде дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталып, кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Ал заңнамада қарастырылған жағдайларға байланысты 101 учаске жұмысын сағат 06:00-де бастаған.

Орталық сайлау комиссиясының дерегіне сәйкес, сайлаушылар тізіміне 12 679 459 азамат енгізілген. Дауыс беруге келген тұрғындар жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі керек.

Азаматтар өздерінің қай сайлау учаскесіне тіркелгенін gov.kz платформасындағы арнайы онлайн-сервис арқылы анықтай алады. Сондай-ақ бұл қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді.

Бұдан бөлек, сайлаушыларға учаскенің орналасқан жері туралы ақпарат алу үшін SMS-хабарламалар мен банк қосымшалары арқылы арнайы сілтемелер жолданған.

Сайлау кезінде дауыс беру деңгейіне қарай бюллетеньдердің бірнеше түсі қолданылады. Атап айтқанда:

  • Көгілдір бюллетень партиялық тізім бойынша дауыс беруге арналған;
  • Жасыл бюллетень бірмандатты сайлау округіндегі кандидатқа дауыс беру үшін беріледі;
  • Күлгін бюллетень облыстық маңызы бар қала мәслихатының депутаттарын сайлауға арналған;
  • Қызғылт сары бюллетень аудандық мәслихат депутаттарын сайлау кезінде пайдаланылады.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау нәтижелері дауыс беру күнінен кейін бес күннен кешіктірілмей жариялануы тиіс. Осыған сәйкес, мәслихат депутаттарын сайлаудың қорытындысы 4 желтоқсанға дейін белгілі болады.

Айта кетейік, 12 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Саяси науқан қарсаңында Бас прокуратура да азаматтарға үндеу жасап, сайлау заңнамасын сақтау қажеттігін еске салды.

Пікірлер