Алматыда жасөспірімдердің 9 жастағы баланы ұрып-соққаны айтылды

529
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/t4s6YnIY7vkhtwbjZze8Efz8CPIDgnx0KjjuHtbj.jpg

Алматыда балалар алаңында 9 жастағы бала соққыға жығылған. Қалалық полиция департаменті ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Зардап шегуші баланың анасы оқиғаның 10 қарашада болғанын айтты. Оның сөзінше, балалардың бірі ұлын ұстап тұрған, ал екіншісі басынан тепкен. Бала ерні жарылып, үйіне жүгіріп келген. Әйел аулаға шыққанда, шабуылдың әлі де жалғасып жатқанын көріп, араша түскенін айтады.

«Жасөспірімдердің ата-аналары полицияға арыз жазып, оған менің ұлымды қорғап жатқан сәтім ғана түсірілген видеоны тіркеген. Баланы ұрып-соғу сәті видеоға түспеген. 11 қарашада балаларыммен бірге Алатау аудандық полиция басқармасында шамамен алты сағат болдық. Полиция қызметкерлері тарапынан дөрекілікке, психологиялық қысым мен қоқан-лоқыға тап болдым. Ұлымды бөгде адамдардың көзінше бірнеше рет сұрақтың астына алды. Өз ұстанымымды толық жеткізуіме мүмкіндік бермеді», – деп жазды баланың анасы.

Сондай-ақ әйел қарсы арыз түсіргенін хабарлады.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

«Кәмелетке толмаған баланы ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.

Тергеу нәтижесі бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатыны айтылды.

Пікірлер