«Адырна» порталы YouTube арнасының кезекті қонағы – жазушы, тарихшы Қойшығара Салғараұлы. Әңгіме барысында қаламгер тарихты танудың маңызы, ұлттық сана, қазақ қоғамының өткені мен бүгіні, ұрпақ тәрбиесі және елдің өркендеу жолы туралы ой қозғады.
Сұхбатта ол өзінің өмір жолына тоқталып, қой бағып жүрген бала кезінен бастап, Қазақ радиосының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі болған кезеңіне дейінгі естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының ауылынан шыққанын, алайда бала кезінде ұлт ұстазының кім екенін білмегенін әңгімеледі.
Сұхбат барысында жапон халқының даму тәжірибесі, ұлттық дәстүр мен еуропалық білімді ұштастыру, бала тәрбиесіндегі қоғамдық ортаның рөлі де сөз болды. Сонымен қатар Қойшығара Салғараұлы түркі өркениетінің әлемдік тарихтағы орнына тоқталып, қазақ тарихына қатысты қалыптасқан кейбір көзқарастарды талқылады.
Тарихшы Кенесары ханның қырғыздармен қарым-қатынасы, қазақ халқының қалыптасуы және Ыбырай Алтынсариннің өміріне қатысты сауалдарға да жауап берді. Әңгіме соңында жастарға ақыл-кеңесін айтып, адамдық қасиетті сақтап, елге пайдалы азамат болудың маңызын атап өтті.
Толық сұхбатты «Адырна» порталының YouTube арнасынан көре аласыз.
