Түркияда 15-ке толмаған балаға желіні пайдалануға тыйым салынады

325
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/lEhuHRnlWt25cnidifl5nZExiT5dWp3roYmI6a0K.jpg

Фото: ашық дереккөзден

Түркияда балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты жаңа шектеулер енгізілуде. Жаңа ережелерге сәйкес, 15 жасқа толмаған пайдаланушыларға цифрлық платформалардың қызметін пайдалануға рұқсат берілмейді, деп хабарлайды "Адырна".

TRT Haber телеарнасының хабарлауынша, жаңа талаптар әлеуметтік желілерде бұрыннан тіркелген аккаунттарға да қатысты болады. Пайдаланушылар өздерінің жасын 2027 жылғы 31 наурызға дейін растауы тиіс. Ал 15 жасқа толмаған балалардың аккаунттары жабылады.

Сонымен қатар 15 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін де бірқатар шектеу қарастырылған. Атап айтқанда, олардың әлеуметтік желідегі парақшалары әдепкі режимде жабық болуы керек. Сондай-ақ жеке хабарламалар алмасу және жазылушылар тізімін көру мүмкіндіктері шектеледі.

Бұдан бөлек, аталған жас санатындағы пайдаланушыларға тікелей эфир жүргізуге және жекелендірілген жарнама көрсетуге тыйым салынады.

Жаңа талаптар аясында әлеуметтік желі платформалары ата-аналарға арналған бақылау құралдарын да ұсынуға міндеттеледі. Бұл құралдар арқылы ата-аналар балаларының аккаунт баптауларын басқарып, әлеуметтік желілерді пайдалану уақытын шектей алады. Сондай-ақ ақылы операцияларды бақылау мүмкіндігі қарастырылады.

Жаңа шектеулер балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың әлеуметтік желілерді пайдалануын бақылауды күшейтуге бағытталған.

Пікірлер