"Самарқанд – парсы өркениетінің бір бөлігі..." Иран елшісі дауға қалды

354
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JmCVnppJ0w9SvyRRQyiNwUuFhpmWWJon13k3bjJz.jpg

Фото: Уикипедия

Өзбекстан Иранның Армениядағы елшілігі Самарқандты «парсы өркениеті мен сәулетінің бір бөлігі» деп сипаттаған жарияланымына байланысты наразылық білдірді. 23 қазанда Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Иран елшісі Мұхаммад Әли Искандариді шақырып, оған ресми наразылық нотасын тапсырды. Бұл туралы Өзбекстан СІМ хабарлады, деп жазады “Адырна”.

Дипломатиялық наразылыққа Иранның Армениядағы елшілігінің X әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасы себеп болған. Онда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Самарқандқа сапары туралы хабарламаға түсініктеме беріліп, қала «парсы өркениеті мен сәулетінің бір бөлігі» ретінде сипатталған.

Өзбекстанның сыртқы саяси ведомствосы мұндай тұжырым Самарқандтың тарихи-мәдени мұрасын біржақты түсіндіреді және оны саяси мақсатта пайдалануға жол ашады деп санайды.

Министрлік мәлімдемесінде Самарқанд, Бұхара, Хиуа және басқа да тарихи қалалардың Өзбекстанның ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасының ажырамас бөлігі екені атап өтілді. Сондай-ақ Самарқандтың сәулеттік келбеті өзбек халқының тарихын, мемлекеттілік дәстүрлері мен мәдени дамуын бейнелейтіні айтылды.

Осыған байланысты Өзбекстан тарапы дипломатиялық өкілдіктердің әлеуметтік желілердегі парақшаларынан даулы жарияланымдарды өшіруді және мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылдауды талап етті.

Сонымен бірге Өзбекстан СІМ Иранмен өзара құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынасты бағалайтынын мәлімдеді. Алайда тарихи-мәдени мұраға қатысты мәселелерде елдің ұлттық ұстанымы табанды түрде қорғалатынын жеткізді.

Пікірлер