Бүгін, 19 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқару саласы қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Құтқарушы» сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. «Құтқару» – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға. Әрине, құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет. Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды»,– деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай саласының қызметкерлері ешқандай қауіп-қатерден тайсалмайтын, сын-сағатта жедел шешім қабылдай алатын, арнайы даярлықтан өткен нағыз кәсіби мамандар деп есептейтінін айтты.
«Құтқарушылардың еңбегі қашанда еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Төтенше жағдайға түскен адамдарға жәрдем беріп, оларды қиындықтан құтқару үшін қажымай қызмет етесіздер. Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін, өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – нағыз құтқарушыға тән батырлық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын»,– деді ол.
Сондай-ақ президент құтқарушыларға марапат табыстады. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаев пен Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марат Күлдіков марапатталды.
Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» ордені Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Данияр Анриге және Ақмола облысындағы Азаматтық қорғау академиясы бөлімінің бастығы Алексей Цурканға табысталды.
Ал «Құрмет» орденіне үш азамат лайық деп танылды. Олардың қатарында «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС бас директоры Тимирлан Дзауров, Төтенше жағдайлар министрлігі департаменті директорының орынбасары Ерік Есмаханов және министрліктің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің бас маманы Елена Нарзиева бар.
«Ерлігі үшін» медалі төрт азаматқа берілді. Марапат иелерінің қатарында «Барыс» республикалық құтқару қызметінің бас құтқарушысы Дархан Байдекенов, Қызылорда қаласындағы №6 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Нұрсұлтан Жалғасов, Алматы қаласындағы Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушысы Дархан Рысбаев және «Бурундайавиа» әуе компаниясының әуе кемесінің командирі Александр Чеботкин бар.
Сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін» медалі Қызылорда облысындағы «Оңталап» шаруа қожалығының директоры Әбдіхамит Аралбаев пен Абай облысындағы «Ағайынды» шаруа қожалығының директоры Жанат Ибрагимовке табысталды.
