Борттағы шабуыл. Flydubai капитаны екінші ұшқыштың балтамен шабуыл жасағанын айтты

271
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gmn8oun7NzlttMUli2FeX7WemGneePjqccPZY3eK.jpg

Flydubai әуе компаниясының ұшағында болған оқиғадан аман қалған капитан жағдайдың қалай өрбігенін баяндады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі РБК-ға сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, Смит Маччхар The National газетіне берген сұхбатында екінші ұшқыштың өзіне бірнеше рет балтамен соққы жасап, ұшақты төмен қарай бағыттағанын айтқан.

Маччхардың сөзінше, екінші ұшқыш екі сағат бойы оның жанында отырып, ешқандай күдік тудырмаған. Алайда кенеттен оған шабуыл жасай бастаған. Сол сәтте ұшақ бір минутқа жетпейтін уақыт ішінде 17 мың фут биіктігін жоғалтқан.

«Қолымнан келгенше соққылардан қорғануға тырыстым. Әріптестерімді көмекке шақырып айқайладым. Ақыры етпетімнен құладым», – деді Маччхар.

Капитанның айтуынша, алғашында басына тиген соққыны ұшақ жабдығының бір бөлігі құлап кеткеннен болды деп ойлаған. Алайда артынша соққылар жалғаса берген.

«Алғаш рет соққы тигенде ұшақтың құрылымында ақау болып, бір бөлшек басыма құлаған шығар деп ойладым. Рөлге құлап кете жаздадым. Бірнеше секундтан кейін соққылар жалғасқанда, маған басқа адамның – өзім экипаж мүшесі деп санаған адамның шабуыл жасап жатқанын түсіндім», – деді ол.

Маччхар алдымен қауіпсіздік белдігін шешіп, басына бағытталған соққылардан қорғануға тырысқанын жеткізді.

«Алғашқы соққылардан кейін көру қабілетім қатты нашарлап, айналамды анық көре алмай қалдым. Тек заттардың сұлбасын ғана ажырата алдым», – деді капитан.

Ол оқиғалардың нақты ретін және олардың арасында қанша уақыт өткенін анық есіне түсіре алмайтынын айтты. Соған қарамастан, бірнеше рет әрекеттенгеннен кейін, көп қан жоғалтып, есінен танып қала жаздаса да, ұшқыштар кабинасының есігін ашқан.

Капитанның сөзінше, шабуыл жасаған ұшқыш ұшақты төмен қарай бағыттаған кезде есін жиған. Осы уақытта экипаж мүшелері мен жолаушылар кабинаның арғы жағынан есікті ұра бастаған.

«Ең қорқыныштысы – қозғалтқыштардың қуаты азая бастағанын сезгенім. Қозғалтқыштардың дыбысы да өзгерді. Толық қуатпен жұмыс істеп тұрған кездегі үннен ұшудың осы кезеңінде мүлде күтпейтін деңгейге дейін бәсеңдеді. Сондай-ақ ұшақтың күрт төмен қарай құлдилағанын сездім. Сол сәтте аман қалмайтынымды түсіндім. Есікті іздеуді тоқтатпадым. Оған жетуге тырыстым. Есікті итердім… Одан кейін есімде қалғаны – етпетімнен жатқаным және, Құдайға шүкір, кабина есігінің ашық болғаны», – деп еске алды Маччхар.

Оқиға кезінде жолаушылардың арасында болған әрі зардап шеккен ұшқышқа көмек көрсеткен тіс дәрігері Шота Мусаевтың айтуынша, Маччхардың басы мен сол қолынан қатты қан кеткен.

Еске салайық, 30 қыркүйекте БАҚ-та Boeing 737 жолаушылар ұшағы Сауд Арабиясының үстімен бұрылып ұшып бара жатқанда төтенше жағдай туралы белгі бергені жөнінде ақпарат тараған еді. Ұшақ 7500 кодын жіберген. Бұл код әуе кемесінің басып алынғанын немесе оған заңсыз араласу болғанын білдіреді. Осыдан кейін Израиль әскери-әуе күштерінің жойғыш ұшақтары әуе лайнеріне қарай көтерілгені хабарланды.

Кейін ұшақтың Сауд Арабиясына қонғаны белгілі болды. БАҚ мәліметінше, Дубай – Тель-Авив бағытындағы рейс кезінде ұшқыштар арасында төбелес болған. Осыдан кейін ұшақтың ішінен түсірілген алғашқы фото мен бейнежазбалар жарияланды. Кейін зардап шеккен ұшқыштың Үндістан азаматы Смит Маччхар екені анықталды.

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац ұшақ бортында болған жағдайды теракт жасау әрекеті деп атады. Сондай-ақ теракт жасауға әрекеттенді деген күдікке ілінген ұшқыштың аты-жөні мен азаматтығы белгілі болды. Біріккен Араб Әмірліктерінің Бас прокуратурасы да бұл оқиғаны теракт жасау әрекеті деп таныды. Бұдан бөлек, Израиль тарапы Flydubai ұшағының ұшқышы лайнерді Тель-Авив әуежайында апатқа ұшыратуды көздегенін мәлімдеді.

Пікірлер