Қайрат Нұртас концертіне қатысты күдікті үйқамаққа алынды

76
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OA4DEfUrjyFbU5I9b8s0phT1afbBdOoo8TzPEDpj.jpg

Шымкентте Қайрат Нұртас концерті кезіндегі адамдардың жаппай қысылуына байланысты ұсталған ұйымдастырушы екі ай мерзімге үйқамаққа алынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қала прокуратурасы тергеу сотының шешімімен келіспей, оған наразылық білдірмек. Бұған дейін күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алайда тергеу соты оны қамауда ұстауға санкция бермей, екі айға үйқамаққа жіберу туралы шешім қабылдаған.

Прокуратура сот қаулысына наразылық енгізетінін айтты.

Қайрат Нұртас концерті 10 қазанда Шымкенттегі Қ.Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен. Концертке жиналған көрермендер кіреберісте қысылып, оқиға бейнеленген видеолар әлеуметтік желілерде тараған. Алдын ала мәлімет бойынша, ұйымдастырушылар стадионның сыйымдылығынан көп билет сатқан болуы мүмкін. Осыған байланысты адамдардың қауіпсіздігіне қатер төнген.

Қазір бұл дерек бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 306-бабының 2-бөлігі, яғни қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Адамдардың қысылуы салдарынан 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы оның жағдайын тұрақты ауыр деп бағалаған.

Жалпы медициналық көмекке сегіз адам жүгінген. Олардың жетеуі тексеруден кейін үйлеріне жіберілген.

Полиция оқиға кезінде адам қаза тапқаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Ресми мәлімет бойынша, қаза тапқандар жоқ.

Қазір тергеу жалғасып жатыр.

Пікірлер