Плазмалық материяны бағындырған ғалым

267
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/h5tCmuXG96fkhbfxYpM0nb5Az7RlmQRKgQYYImJA.jpg

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы 

Ұлттық ғылым академиясының академигі

Тілекқабыл Сәбитұлы Рамазановтың 65 жылдығына орай

Бөлшектері идеал газдың қарапайым үлгісіне бағынбайтын, ал әрбір қозғалысы ұжымдық өріс пен кванттық әсерлерге тәуелді затты қалай сипаттауға болады? Академик Тілекқабыл Рамазанов үшін бұл сауал бүкіл ғұмырын арнаған ғылыми бағдарламаға айналды. Оның ғылыми мектебі идеал емес және тозаңды плазманың күрделі әлемін есептеуге, бақылауға және жаңа технологияларда қолдануға жол ашу үшін теорияны, компьютерлік модельдеуді және экспериментті тоғыстырды.

Көршілерін «есте сақтайтын» материя

Плазманы көбіне заттың төртінші күйі деп атайды. Алайда бұл анықтама оның жалпы сипатын ғана анықтайды. Газ иондалып, онда еркін электрондар мен иондар пайда болады, ал электр өрістері бөлшектердің қозғалысына әсер ете бастайды. Сұйытылған әрі ыстық плазмада дербес бөлшектердің өзара әрекеттесуін салыстырмалы түрде  көптеген есептерде әлсіз деп санаған. Ал идеал емес плазмада мұндай қарапайым әрекеттесу жойылады. Өзара әрекеттесу энергиясы жылу энергиясымен шамалас, бір бөлшектің қозғалыс айналасын өзгертеді, ал қоршаған орта өз кезегінде оның траекториясына ықпал етеді.

Физиканың дәл осы саласы Тілекқабыл Сәбитұлы Рамазанов зерттеулерінің басты нысанына айналды. Идеал емес плазма планеталар мен жұлдыздардың қойнауында, лазерлік импульспен қыздырылған тығыз затта, инерциялық термоядролық синтез міндеттерінде және зертханалық газ разрядтарында кездеседі. Оның қасиеттерін білу қысым мен энергия тасымалын, электрөткізгіштікті, бөлшектердің соқтығысуын және жылулық тепе-теңдіктің орнау жылдамдығын есептеу үшін қажет. Микроскопиялық деңгейдегі өзара әрекеттесуді сипаттауда кеткен қате кейін бүкіл жүйе моделінің қатесіне ұласады.

Тілекқабыл Сәбитұлы 1961 жылғы 28 мамырда Атырау облысы Құрманғазы ауданының Ганюшкино ауылында дүниеге келді. 1983 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін «Теориялық физика» мамандығы бойынша үздік бітіріп, кейін күндізгі аспирантурада оқуын жалғастырды. Диссертациялық зерттеуін Мәскеу облысының Троицк қаласындағы Курчатов атындағы Атом энергиясы институтында орындады. Оның кәсіби жолы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланысты. Университетте инженер және кіші ғылыми қызметкерден профессорға, ғылыми бөлімдердің басшысы мен проректорға дейінгі қызметтерді атқарды.

1988 жылы жас зерттеуші тығыз плазманың жылу-физикалық және электр-физикалық қасиеттерін цифрлық модельдеуге арналған кандидаттық диссертациясын қорғады. 1995 жылы Ресей ғылым академиясының Жоғары температуралар біріккен институтында псевдопотенциалдық модельдер негізінде идеал емес плазманы теориялық және компьютерлік модельдеуге арналған докторлық диссертациясын қорғады. Ол Қазақстанда «Плазма физикасы» мамандығы бойынша физика-математика ғылымдарының докторы атанған тұңғыш ғалым болды. 1996 жылы оған профессор ғылыми атағы берілді

Шексіздіктің орнына формула

Плазма физикасының өзекті қиындықтарының бірі кулондық өзара әрекеттесуге байланысты. Зарядталған бөлшектер бір-біріне алыс қашықтықтан әсер етеді, ал нүктелік зарядтарға арналған қарапайым формуланы кейбір есептерде қолдану энергияның шексіз үлкен мәндеріне математикалық алшақтықтарға әкеледі. Нақты плазманың өзі бұл әрекеттесуді өзгертеді: айналадағы зарядтар өрісті экрандайды, ал қысқа қашықтықта бөлшектердің толқын табиғаты байқалады. Рамазанов 1988 жылғы кандидаттық диссертациясында студент кезінен бастаған идеясын аяқтап, псевдопотенциал негізінде тығыз плазмадағы N бөлшектің бір мезгілдегі корреляциясын сипаттайтын жалпыланған Пуассон–Больцман теңдеуін қорытып шығарды.

Псевдопотенциал немесе тиімді потенциал мұндай өзара әрекеттесуді бір жұмыс формуласымен сипаттауға мүмкіндік береді. Бұл шартты алмастыру немесе математикалық айла емес, жұптық әрекеттесуге ортаның ықпалын, көпбөлшекті корреляцияларды және бөлшектердің кванттық табиғатын енгізу тәсілі. 1995 жылы беделді Physics Letters ғылыми журналында жарияланған мақалада ол ұстазы, академик Фазылхан Байымбетовпен бірге ұжымдық құбылыстарды ескеретін классикалық идеал емес плазманың жаңа псевдопотенциалдық моделін әзірледі. Бұл еңбек кейін жүйелі түрде кеңейген ірі әрі келешегі зор бағыттың негізін қалады.

2002 жылы Тілекқабыл Рамазанов шәкірттерімен бірге күшті байланысқан жартылай классикалық плазма үшін қысқа қашықтықтағы кванттық-механикалық дифракцияны да, алыс қашықтықтағы заряд өрістерінің экрандалуын да қатар ескеретін экрандалған тиімді потенциалдарды алғаш рет алды. Ғылыми күрделі процесті көпшілік оқырманға түсінікті болу үшін танымдық сипатта түсіндіре кетсек. Ғалымдар қарапайым кулондық формула жеткіліксіз болатын қашықтықтың барша ауқымында бөлшектер арасындағы күштің дұрыс «бейнесін» жасады.

Келесі қадам электрондар мен иондардың қатарында бейтарап атомдарда сақталатын ішінара иондалған плазмаға қатысты жасалды. 2005 жылғы жұмыста дифракция мен экрандалуды ескеретін «заряд–атом» поляризациялық өзара әрекеттесу моделі қорытылды. Мұндай модельдер тығыз плазманың тасымалдық және оптикалық қасиеттерін есептеу үшін қажет, өйткені электронның атоммен соқтығысуы жүйенің өткізгіштігі мен құрамына әсер етеді.

2016 жылы Тілекқабыл Рамазанов пен оның шәкірттері мультипольдік жіктеу әдісін классикалық және кванттық плазмадағы күрделі бөлшектерге қолданды. Олар «диполь–диполь», «заряд–диполь», «заряд–атом» және «атом–атом» жұптары үшін потенциалдар алды. Бұл әдіс ортаның жеке заряд өрісін қалай өзгертетіні белгілі болса, одан құрама нысандардың өзара әрекеттесуін дәйекті түрде шығаруға болатынын көрсетті. Осылайша бір математикалық идея тозаңды плазма, жылы тығыз зат және конденсацияланған күй физикасының міндеттерін өзара байланыстырады.

Тығыз плазмаға арналған компьютерлік эксперимент

Формула негізінде материяның өлшенетін қасиетін есептеуге мүмкіндік бергенде ғана шынайы күшке ие болады. 2006 жылғы жұмыста Тілекқабыл Рамазанов неміс әріптестерімен бірге тығыз квазиклассикалық сутегі плазмасының микроскопиялық сипаттамалары мен электрөткізгіштігін зерттеу үшін молекулалық динамика әдісін қолданды. Есептеу экспериментінде бөлшектер берілген күштердің әсерімен қозғалады, ал зерттеуші көптеген траекториялардан ұжымдық мінез-құлықтың қалай қалыптасатынын бақылайды.

Бұл тәсіл қарапайым жуықтау сенімсіз бола бастағанда, ал толық кванттық есептеу аса күрделі аралық параметрлер аймағында ерекше маңызды. Компьютерлік модельдеу аналитикалық теория мен физикалық экспериментті жалғайтын буынға айналады. Ол өзара әрекеттесу потенциалын тексеруге, корреляциялық функцияларды алуға және астрофизикалық нысандар мен басқарылатын синтез зерттеулеріне тән жағдайларда заряд тасымалын бағалауға мүмкіндік береді.

Росток университеті мен Лос-Анджелестегі Калифорния университетіндегі әріптестерімен бірлесіп орындалған 2010 жылғы халықаралық зерттеу ішінара иондалған сутегі плазмасының күй теңдеуіне арналды. Авторлар электрон–атом өзара әрекеттесуінің үлесін шашырау жөніндегі эксперименттік деректермен байланыстырып, қысымды, химиялық потенциалды және құрамды температура мен тығыздыққа қарай есептеді. Алынған нәтижелер неғұрлым жуық модельдерді тексеруге арналған бағдар болды.

Кейін ғылыми топ бұл тәсілді асыл газдардың тығыз плазмасына таратты. 2022 жылғы жарияланымдарда электронның гелий және басқа асыл газ атомдарымен өзара әрекеттесуінің тиімді оптикалық потенциалдары құрылды. Экрандалу, дифракция, поляризациялық және алмасу үлестерін бір мезгілде ескеру әр әсерді жеке есептегенмен салыстырғанда шашырау сипаттамаларын едәуір өзгертті. Бұл — маңызды әдіснамалық қорытынды, яғни тығыз ортада физикалық механизмдерді тексерусіз бір-біріне тәуелсіз түзетулер ретінде қоса салуға болмайды.

2024 жылғы зерттеуде Тілекқабыл Рамазанов пен әріптестері бериллийдің тығыз ыстық плазмасындағы температуралық релаксациясын қарастырды. Есептеу иондық өзекшенің шекті өлшемі мен ішкі құрылымы электрон–ион соқтығысуларының тасымалдық қимасына, соқтығысу жиілігіне және температуралардың теңелу жылдамдығына әсер ететінін көрсетті. Лазермен индукцияланған плазма мен инерциялық термоядролық синтезді модельдеу үшін бұл принципті мәселе. Электрондар мен иондар арасындағы энергия алмасу уақыты бүкіл жүйенің эволюциясын айқындайды.

Бөлшектері кристалл түзетін плазма

2000 жылдардың басында академик Тілекқабыл Рамазановтың жетекшілігімен Қазақстанда жаңа бағыт - тозаңды немесе кешенді плазма физикасы дами бастады. Кәдімгі газ разрядына қатты заттың микробөлшектері енгізіледі. Олар бетіне электрондарды жинап, үлкен теріс зарядқа ие болады да, өзара күшті әрекеттесе бастайды. Белгілі бір жағдайда бөлшектер кристалдық торға ұқсайтын реттелген құрылым түзеді. Мұндай нысан плазмалық кристалл деп аталады.

Физик үшін бұл жүйенің артықшылығы - оның көрнекілігінде. Кәдімгі кристалл атомдарын нақты уақытта жай көзбен бақылау мүмкін емес, ал плазмадағы микробөлшектерді камера арқылы көруге болады. Зерттеуші реттіліктің қалай пайда болатынын, толқындардың таралуын, ақаулардың түзілуін және фазалық ауысулардың жүруін бақылайды. Кешенді плазма көпбөлшекті статистикалық физиканың модельдік зертханасына айналады.

2005 жылы ҚазҰУ-дағы бірегей эксперименттік қондырғыда Қазақстанда алғаш рет плазмалық кристалл алынды. Бұл нәтиже жеке эксперимент ретінде ғана маңызды болған жоқ. Қондырғының айналасында тиімді потенциалдар теориясы газ разрядының диагностикасымен және микробөлшектерді тікелей бақылаумен ұштасқан зерттеу бағдарламасы қалыптасты.

2008 жылғы жұмыс разрядтың көзге көрінетін көрінісін де аса сақтықпен түсіндіру керектігін көрсетті. Қабатталған солғын разрядта жарқыраған қабаттардың орны электр өрісінің максимумдарымен сәйкес келмеді. Цифрлық модель мен эксперимент тозаң бөлшектерінің стратаның «күтпеген» жағында қалықтау парадоксын түсіндірді. Электрондық құрамдас бөліктегі бейлокал үдерістер салдарынан оптикалық жарқырау өріске қатысты кеңістікте ығысқан болып шықты.

2014 жылы топ электрлік зонд маңындағы тозаңсыз аймақтың ені бойынша плазманы диагностикалаудың балама әдісін ұсынды. Модель сол аймақтың өлшенген көлемі арқылы электрондардың температурасы мен концентрациясын анықтауға мүмкіндік берді. Нәтижелер Ленгмюр зондымен жүргізілген классикалық диагностикамен сәйкес келді. Мұндай әдіс стандартты зондтың дұрыс вольт-амперлік сипаттамасын алу қиын болғанда пайдалы.

2015 жылғы зерттеу зертханалық эксперимент пен тозаң бұлтының ортасындағы бос аймақ - войдтың түзілу есебін біріктірді. Бұл аймақты иондық ілестіру күшінің радиал құраушысы қалыптастыратыны көрсетілді. Разряд тогы неғұрлым жоғары болса, войд соғұрлым кең болады. Есептеу ірі бөлшектер мен газ қысымы төмен жағдайда бос аймақтардың айқынырақ болатынын да болжады. Зерттеу нәтижесінде микрогравитация жағдайындағы кешенді плазмаға арналған кейінгі эксперименттер үшін тексеруге болатын болжам ұсынылды.

Жердегі зертханадан ғарышқа дейін

Гравитация микробөлшектерден үлкен үшөлшемді құрылымдардың түзілуіне кедергі келтіреді. Жерде оларды электр немесе магнит өрісімен ұстап тұру қажет. Микрогравитацияда бұл фактор жойылып, жүйеде жер үсті экспериментіне қолжетімсіз режимдер ашылады. Сондықтан күрделі кулондық жүйелерді зерттеу заңды түрде орбитаға шықты.

2016 жылы құрамында Тілекқабыл Рамазанов жетекшілік жасаған Халықаралық ғарыш станциясының бортындағы жаңғыртылған «Кулондық кристалдар» қондырғысында жүргізілген эксперименттер сериясының нәтижелерін жариялады. Магниттік тұзақта зарядталған және зарядталмаған диамагниттік бөлшектер шоғырының түзілуі, оның тербелістерінің қозуы мен өшуі, сондай-ақ күшті электр өрісінде құрылымның бұзылуы бақыланды. Бөлшектердің заряды олардың шоғырдан ұшу жылдамдығы бойынша бағаланды.

Зерттеу авторларының қатарында қазақстандық ғарышкерлер Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов болды. Бұл жұмыста ұғымдарды дәл ажырату қажет. Жердегі плазмалық кристалдар плазмалық ортадағы зарядталған тозаңнан түзілсе, орбиталық эксперимент кәдімгі плазмалық экрандалу болмайтын магниттік тұзақтағы диамагниттік бөлшектердің кулондық шоғырларын зерттеді. Екі бағытқа ортақ өзек - күшті әрекеттесетін бөлшектер мен өзін-өзі ұйымдастыру физикасы.

Орбиталық эксперимент академик Рамазанов мектебіне тән бір ерекшелікті айқын көрсетеді. Теория формула шеңберінде қалып қоймайды. Тиімді өзара әрекеттесу алдымен компьютерлік модельде, кейін зертханалық қондырғыда, ары қарай микрогравитация жағдайында тексерілді. Осындай цикл іргелі тақырыпты тұрақты зерттеу бағдарламасына айналдырды.

Қолданылу шегі айқын кванттық гидродинамика

Зерттеулердің тағы бір бағыты кванттық гидродинамикамен байланысты. Ол электрондардың ұжымдық қозғалысын сұйықтық қозғалысына ұқсатып сипаттап, кәдімгі теңдеулерді кванттық түзетулермен толықтырады. Әдістің тартымдылығы күрделі көпбөлшекті есепті тығыздық, жылдамдық және тиімді потенциалдар арқылы өрнектеуге болатындығында. Бірақ бұл қолайлылық модельді дәлдік шегінен тыс қолдану қаупін туғызады.

2018 жылғы шолу сипатындағы теориялық еңбекте шекті температурадағы плазма үшін кванттық гидродинамика теңдеулері дәйекті түрде шығарылып, белгілі нәтижелер нақтыланды. Бом потенциалының бейлокал түрі ұсынылды және тәсілдің қолданылу аймақтары жеке талқыланды. Мақаланың маңызы алынған формулалармен ғана емес, ғылыми тәртіппен де өлшенеді. Авторлар ықшам модельдің негізінде қандай жуықтаулар жатқанын және оған қандай жағдайда сенуге болатынын анық көрсетті.

Мұндай ұстаным академиктің бүкіл зерттеу бағытына тән. Тиімді модель есепті қандай да бір жолмен оңайлатқаны үшін емес, шешуші физикалық механизмдерді сақтап, тексерілетін шектерге ие болғаны үшін құнды.  

Бұл зерттеулер Қазақстанға не берді?

Тілекқабыл Рамазанов пен оның ғылыми мектебінің зерттеулері Қазақстан үшін бірнеше маңызды нәтиже берді. Ең алдымен, елде идеал емес және тозаңды плазма физикасының дербес бағыты қалыптасты. Отандық теориялық модельдер, компьютерлік әдістер мен эксперименттік қондырғылар әзірленді. Соның арқасында қазақстандық ғалымдар шетелдік әзірлемелерді зерттеп қана қоймай, өз шешімдерін ұсынуға, нәтижелерін жетекші халықаралық журналдарда жариялауға және ірі бірлескен жобаларға қатысуға мүмкіндік алды.

Қазақстанда тозаңды плазманы зерттеуге арналған эксперименттік базаның құрылуы ерекше маңызды. 2005 жылы ҚазҰУ-да елімізде тұңғыш рет плазмалық кристалл алынды. Жасалған қондырғылар зарядталған микробөлшектердің қозғалысын бақылауға, реттелген құрылымдардың түзілуін зерттеуге және теориялық есептерді зертханада тексеруге мүмкіндік берді. Бұл жұмыстар Қазақстанның заманауи плазма физикасындағы орнын нығайтып, жас зерттеушілерді даярлауға жол ашты.

Мектептің нәтижелері плазмалық технологияларды дамыту үшін де маңызды. Зарядталған бөлшектердің өзара әрекеттесуін, газ разрядтарын және микробөлшектері бар плазманы зерттеу жаңа материалдарды алу мен өңдеу, жабындар жасау, нанобөлшектер мен нанокластерлер синтезі және плазмалық үдерістерді диагностикалау технологияларының ғылыми негізін қалайды. Әңгіме, ең алдымен, болашақ технологиялардың іргелі негізі жайлы болып отыр. Ғылыми модельден өнеркәсіптік қолданысқа көшу үшін қосымша сынақтар мен инженерлік әзірлемелер қажет.

Қазақстандық ғалымдардың ғарыш зерттеулеріне қатысуы да  үлкен жетістік. Халықаралық ғарыш станциясының бортындағы эксперименттер зарядталған бөлшектердің микрогравитация жағдайындағы сипатын зерттеуге мүмкіндік берді. Жұмысқа қазақстандық ғарышкерлер Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов қатысты. Осылайша Қазақстан өз ғарышкерлерін орбитаға ұшырған ел ретінде ғана емес, ғарыш экспериментін жүргізген, ғылыми бағдарламаның қатысушысы ретінде танылды.

Академиктің жетекшілігімен теориялық физика, компьютерлік модельдеу және эксперименттік плазма физикасы саласында ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD докторлары даярлануда. Ол негізін салған ғылыми мектеп Қазақстандағы зерттеулерді жалғастырып, жетекші шетелдік орталықтармен ынтымақтасығы артуда.  Сондықтан академиктің еңбегі жарияланған мақалалар санымен ғана емес, ғылыми бағыттың, зертханалық базаның және ғалымдардың жаңа буынының қалыптасуымен өлшенеді.

Идеяны жалғастырған ғылыми мектеп

Академик Рамазановтың ғылыми еңбектерінде тақырып қайталанбайды, әдістерге ізденіске түрен салынады.  Физикалық тұрғыдан негізделген өзара әрекеттесуді анықтау, оны есепте тексеру, экспериментпен салыстыру және модельді жүйелердің жаңа класына тарату. Сондықтан оның есімімен қатар тығыз сутегі, бериллий плазмасы, асыл газдар, тозаң бұлттары, плазмалық және кулондық кристалдар сияқты әртүрлі нысандар аталады. Оларды корреляцияланған бөлшектер физикасы біріктіреді.

1992–2011 жылдары ғалым ҚазҰУ-дың Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтында плазма үдерістерін математикалық модельдеу, тозаңды плазма және плазмалық технологиялар зертханаларын басқарды. 2011 жылдан бері институттың Плазма физикасы бөлімін басқарады. Оның жетекшілігімен бір докторлық, жиырма кандидаттық және он алты PhD диссертациясы қорғалды. Бұл сандар тәлімгерліктің ауқымын көрсетеді. Академиктің шәкірттері ендігі бірлескен авторларға, жаңа бағыттардың жетекшілеріне және халықаралық зертханалармен байланыстырушы буынға айналды.

Академиктің ғылыми мектебі бүгінле Германия, Франция, Ресей, Жапония, АҚШ, Оңтүстік Корея және басқа елдердің орталықтарымен ынтымақастықта. Росток, Киль және Калифорния университеттерімен, ресейлік институттармен және ғарыш эксперименттеріне қатысушылармен бірлескен мақалалар жариялап, қазақстандық нәтижелерді халықаралық плазма физикасының айналымына енгізді. Бастысы, зерттеу базасы Алматыда негізі қаланып, дамыды. Қондырғылар, модельдердің тиімді жұмысынан бастап, жас мамандарды даярлау ісі ҚазҰУ мен ғылыми зерттеу институттарында дамып келеді.

Тілекқабыл Рамазанов 820-дан астам ғылыми еңбек жариялап, халықаралық конференцияларда 240-тан астам баяндама жасады. Алайда ғылыми мектептің өміршеңдігін жарияланымдардың сапасы мен ықпалдылығы айқындайды. Акдемик теориялық есептеу мен эксперимент арқылы ғылыми мәдениетті  жалғастыруда.

Ғылымды ұйымдастырушы тұлға

Рамазановтың ғылыми өмірбаяны ұйымдастырушылық қызметті қамтиды. 1998–2000 жылдары ҚазҰУ физика факультетінің деканы, 2000–2006 жылдары Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының директоры болды. 2006–2007 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2007–2008 жылдары ҚазҰУ-дың ғылымды қажетсінетін технологиялар және енгізу жөніндегі проректоры, 2010 - 2021 жылдары ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры болды.

Ғалым үшін мұндай жұмыс өз зертханасынан тұтас зерттеу ортасының архитектурасын басқаруты танытса керек. Іргелі жобаларды, кадр даярлауды, инфрақұрылымды, халықаралық байланыстарды, сараптаманы және нәтижелерді енгізуді өзара ұштастыру қажет. Өзара әрекеттесетін бөлшектер жүйесін зерттеуге дағдыланған академиктің тәжірибесі ғылымды басқаруда да септігін тигізді.

 Тілекқабыл Рамазанов ИНТАС халықаралық ғылыми қоры мен Еуропалық одақтың плазма физикасы жөніндегі бағдарламалар мен салалық журналдарға сарапшы болды. Ол ағылшын тіліндегі Physical Sciences and Technology журналының бас редакторы және ғылыми кеңестер мен халықаралық конференциялардың жұмысына қатысады. 2017 жылы ғалым Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды.

Оның еңбегі 2015 жылы Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығымен, 2017 жылы «Парасат» орденімен атап өтілді. Ол 2006, 2011 және 2021 жылдары үш рет «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанып, бес рет мемлекеттік ғылыми стипендияға ие болды. Бұл марапаттар зерттеуші, педагогтық және ұйымдастырушы қызметтің бір арнада тоғысуын танытса керек. 

Күшті байланыстар физикасы

Мерейлі алпыс бес жасқа Тілекқабыл Рамазанов Қазақстанда идеал емес плазма физикасы мен плазмалық нанотехнологиялардың дербес ғылыми мектебін қалыптастырған ғалым ретінде келіп отыр. Ғалымның жолы тығыз плазмадағы бөлшектердің өзара әрекеттесуін қалай дұрыс сипаттау керек деген сауалдан басталды. Сол сауалдан псевдопотенциалдық модельдер, молекулалық-динамикалық есептеулер, электрөткізгіштік пен күй теңдеуін зерттеу, тозаңды плазманың эксперименттік диагностикасы, плазмалық кристалдар, жаңа наноматериалдар және микрогравитация жағдайындағы жұмыстар өрбіді.

Бұл бағдарламаның ғылыми құндылығы - оның сабақтастығында. 1995 жылғы модель тарихи формула күйінде қалған жоқ. Оның логикасы экрандалған потенциалдарда, электрон–атом соқтығысуларының есептерінде, кванттық гидродинамикада және тығыз плазманың температуралық релаксациясына қатысты қазіргі міндеттерде жалғасты. Эксперименттік тармақ та зертханалық разрядтан күрделі тозаңды құрылымдарды диагностикалауға және ғарыш зерттеулеріне дейін дамыды.

Бұл ғылыми жолды дәл сипаттайтын бір метафора бар. Идеал емес плазма бөлшектерін енді жеке-жеке қарастыру мүмкін болмаған жағдайда қызықты бола түспек. Әр бөлшекте ұжымдық ортаның ізі сақталады. Ғылыми мектеп те дәл осылай құрылған. Оның нәтижесі бір авторға емес, ұстаз бен шәкірттердің, теория мен эксперименттің, Қазақстан мен әлемдік орталықтардың арасындағы байланыстарға негізделген. Тілекқабыл Рамазанов дәл осындай жаңа идеялар тудыруға қабілетті, өзара  тығыз байланысқан жүйе құра алды

Гүлмира Сұлтанбаева

Профессор 

Пікірлер
Басқа материалдар