Жетісу облысында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің 120 жылдығы аталып өтті. Қайраткердің өнегелі өмір жолына арналған ғылыми-мерейтойлық конференция ұйымдастырылып, спорттық жарыстар өткізілді, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ескелді ауданы Нұрмолда Алдабергенов ауылында өткен салтанатты іс-шара алдымен Батырлар аллеясына гүл шоқтарын қою рәсімінен басталып, ары қарай «Елге қызмет – ерге мұра» атты ғылыми-мерейтойлық конференциямен жалғасты. Жиынға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар және аудан тұрғындары қатысты.
Облыс әкімінің атынан конференцияға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов алдымен көпшілікке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
«Нұрмолда Алдабергенов ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы табысты жұмыс істеп, Жетісу өңірін көркейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол өзі басқарған шаруашылықтарды өркендетуге зор еңбек сіңіріп, ұлт мүддесіне қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Соның арқасында Социалистік Еңбек Ері атағын екі мәрте иеленді. Қоғам қайраткерінің есімі ел ішінде «Дала академигі» деген ардақты атпен танылды. Халқымыздың осындай қадірлі перзенттерін жұрт жадында сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Біз бір ел болып қабылдаған Конституцияда еңбекқорлық құндылығын орнықтыру мемлекетіміздің мызғымас қағидаттарының бірі ретінде бекітілді. Сондықтан адал еңбегімен жұртқа өнеге көрсеткен тұлғалардың жасампаз істерін жан-жақты дәріптеу айрықша маңызды», - делінген құттықтауда.
Д. Есдәулетов өз сөзінде Нұрмолда Алдабергеновтің есімін ұлықтау мақсатында облыста атқарылған шараларға тоқталып, оның өнегелі өмірінің жас ұрпақтың тәрбиесіне тигізер ықпалын ерекше атап өтті.
Мұнан соң Н. Алдабергеновтің ғибратты ғұмыр жолы туралы қысқа метражды деректі фильм көрсетілді.
Салтанатты шарада ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Тынышбай Досымбеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Ескелді ауданының Құрметті азаматы Төлеген Мұсапиров, еңбек ардагері Шайбала Тергеуова, қоғам қайраткерінің қызы Рабиға Алдабергенова мазмұнды баяндамалар жасап, жылы естеліктер айтты.
- Менің әкем кең жүректі, сабырлы, байсалды жан еді. Еңбекқорлығымен қатар өзінің адамгершілік қасиетімен де көпке үлгі болды. Жас ұрпақ әкемдей халық үшін еңбек ететін патриот, еліміздің қалаулы перзенті болсын. Еңбек еткен адам ешқашан елеусіз қалмайды. Бүгінгі мерейтойлық шараға атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтамын, - деді Рабиға Алдабергенова.
Осы күні мерейтой аясында спорттық іс-шаралар да ұйымдастырылып, волейболдан, футболдан жарыстар өткізілді.
Атап өтсек, қоғам қайраткерінің есімін есте қалдыру мақсатында 2023 жылы Талдықорғанда ескерткіш-бюст орнатылды. Бюст ағаш егіліп, гүлзар өсірілген сквердің ішіне қойылды. Сондай-ақ Алдабергенов ауылында орналасқан музейінің ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, нысан аумағы абаттандырылды.
Еске салсақ, Нұрмолда Алдабергенов Кербұлақ ауданында туған. Қазақстандағы алғаш колхоз құрушылардың бірі. Жетісу өңірінде бірнеше колхозды басқарған білікті ұйымдастырушы. Ол ауыл шаруашылығында егіншілік мәдениетін арттыру және мал тұқымын асылдандыру ісінде ғылым жаңалықтары мен озат тәжірибені өндіріске батыл енгізіп, жоғары өнімге қол жеткізді, сөйтіп ұжым экономикасын күрт жоғары көтерді. Ұжымшарда озат тәжірибе мектебі тұрақты жұмыс істеді, асыл тұқымды мал фермалары құрылды, ауылда қала үлгісінде құрылыс салу тұңғыш жүзеге асырылды. Оның еңбегі лайықты бағаланып, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанды.
