«Ленин! Фурманов!» көше атауларына қатысты даудан кейін блогер жазаланды

114
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0tov639BvQGIvPsgQjb8lI0Z2EXniJQbWyXUx1XY.jpg

Фото: Instagram/ @efw.kz

Алматы қаласының соты әлеуметтік желіде Mini Knopka атымен танымал Айгерім Бердалиеваны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды "Адырна".

Сот қаулысымен блогерге 60 550 теңге көлемінде айыппұл салынды. Оған Threads әлеуметтік желісінде көше атауларына қатысты пікір білдіріп, өзіне қарсы шыққан қолданушыларға дөрекі сөздер айтқаны үшін әкімшілік жаза тағайындалған.

Қалалық соттың баспасөз қызметі әкімшілік істің 8 қазанда қаралғанын мәлімдеді. Сот Бердалиеваның әрекетін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес саралаған.

Жанжалға блогердің Алматыдағы бірнеше көшенің бұрынғы атауларын қолданған жазбасы түрткі болған. Атап айтқанда, ол Ленин, Фурманов, Дзержинский, Мира және Комсомольская көшелерінің ескі атауларын атап, қазіргі атауларын пайдаланудан бас тартқан. Бұл жазбаға наразылық білдірген желі қолданушыларына блогер бейәдеп сөздермен жауап берген.

Кейін Айгерім Бердалиева өз жазбасына байланысты кешірім сұраған. Алайда оның мәлімдемесі әлеуметтік желідегі барлық қолданушының көңілінен шықпаған.

Оқиғадан кейін Eurasian Fashion Week (EFW) ұйымы да өз ұстанымын жариялады. Ұйым блогермен ынтымақтастықты тоқтататынын мәлімдеп, оның бейнесі бейнеленген жарнамалық материалдарды билбордтар мен экрандардан алып тастағанын хабарлады.

Пікірлер