Көкшетауда қайта жаңғыртудан кейін теміржол вокзалы жұмысын бастады

148
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0uyXN5l54IvDqKa01SeNBuH0OHoMNQSX9bI15psi.jpg

Көкшетау қаласында күрделі қайта жаңғыртудан кейін теміржол вокзалы ашылды. 1981 жылы салынған нысанның ғимараты жаңартылып, жолаушыларға арналған заманауи аймақтар мен жаңа инженерлік жүйелер іске қосылды. Вокзал тәулігіне  2 мыңға жуық  жолаушыға қызмет көрсетеді.

Насанға соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 20 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Осы уақыт ішінде ғимарат пен оған іргелес аумақ ескіргендіктен, қайта жаңғырту аясында вокзалдың негізгі элементтері толығымен жаңартылды. Бұл ретте ғимараттың қалыптасқан сәулеттік келбеті сақталды.

Вокзал ішінде заманауи күту залдары мен ақпараттық аймақтар пайда болды, кіреберіс топтары жаңартылып, қонақүй бөлмелері қарастырылды. Нысанның қолжетімділігіне де ерекше көңіл бөлінді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарт адамдарға және балалы отбасыларға қолайлы жағдай жасау үшін кедергісіз орта қалыптастырылып, лифттер мен эскалаторлар орнатылды.

Вокзал маңындағы аумақ та жаңартылып, жаяу жүргіншілер аймақтары абаттандырылды. Сондай ақ жарықтандыру жүйесі жаңартылып, жасыл желектер отырғызылды. Қосымша  теміржол платформаларына апаратын жерүсті өткелінің құрылысы жалғасуда. Жұмыстар аяқталғаннан кейін жолаушылар теміржол жолдарын қауіпсіз бағыт арқылы кесіп өте алады.

Көкшетау вокзалының ашылуы Ақмола облысындағы теміржол инфрақұрылымын жаңарту бойынша ауқымды жұмыстың аяқталуын білдіреді. Жалпы өңірде 16 вокзал жаңғыртылды. Облыс әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл еліміздің өңірлері арасында жаңартылған нысандар саны бойынша ең жоғары көрсеткіш.

«Бұл жұмыс ірі қалалардан бастап шағын елді мекендерге дейін бүкіл облысты қамтыды. Бүгін біз оны Ақмола облысының орталығында қорытындылап отырмыз. Алайда бағдарламаның аяқталуы өңірді дамыту жұмыстарының тоқтайтынын білдірмейді. Керісінше, бұл заманауи инфрақұрылымға, тұрғындар, бизнес пен туризм үшін жаңа мүмкіндіктерге және одан әрі дамуға жасалған тағы бір қадам», – деді Марат Ахметжанов.

Көкшетау үшін жаңартылған вокзалдың туристік маңызы да зор. Қала жыл сайын еліміздің әр өңірінен туристер келетін Бурабай курорттық аймағына бағыт алатын теміржол желісінде орналасқан. Сондықтан вокзалдың жаңғыртылуы жолаушылардың өңірге келген алғашқы сәтінен бастап сапарын жайлы етуге мүмкіндік береді.

Вокзал ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Дегенмен нысандағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Атап айтқанда, платформаларға апаратын жерүсті өткелінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Пікірлер