Астанада жеміс-жидек саудасымен 12 жылдан бері айналысып жүрген кәсіпкер кәсібінің қыр-сырын айтты

133
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/F03OraoTxMV9E9Q7YnVT1JfVL8vDhXdLT5UzRUjN.jpg

Астанада жеміс-жидек пен көкөніс сатумен 12 жылдан бері айналысып келе жатқан кәсіпкер Нұргүл Мидинқызы кәсібінің ерекшеліктері туралы айтып берді. Кәсіпкер бұл салаға қалай келгенін, өнімді қайдан алатынын және клиенттермен жұмыс істеу тәсілдерін “Адырна” порталының YouTube арнасына берген сұхбатында бөлісті.

Нұргүл Мидинқызының айтуынша, дүкенде жеміс-жидек пен көкөністің түр-түрі сатылады. Сұранысқа ие өнімдердің қатарында маусымдық жемістер мен күнделікті тұтынатын көкөністер бар. Кәсіпкер тауардың сапасына және тұтынушыға дұрыс өнім таңдауға көмектесуге ерекше мән беретінін атап өтті.

Сұхбат барысында кәсіпкер авокадо, қызанақ пен қиярды таңдаудың жолдарын да түсіндірді. Оның сөзінше, жеміс пен көкөністің сапасын сыртқы түріне, пісу деңгейіне және басқа да белгілеріне қарап анықтауға болады.

Нұргүл Мидинқызы жеміс-жидектің бір бөлігі шетелден жеткізілетінін айтып, бағаның қалыптасуына өнімді тасымалдау мен басқа да шығындардың әсер ететінін түсіндірді. Сонымен қатар кәсіпкер бизнесте 12 жыл бойы тұрақты жұмыс істеудің басты себептерінің бірі ретінде еңбек пен тұтынушы сенімін атады.

Кәсіпкер сұхбат барысында бизнес жүргізудегі қиындықтар туралы да ашық айтты. Арасында қарызға тауар алып, кейін ақшасын төлемей кеткен клиенттер болған. Мамандарды жұмысқа қабылдауда жауапкершілік пен адамдармен жақсы қарым-қатынас жасай білуге мән беретінін жеткізді. Оның айтуынша, дүкенде тұтынушыға сапалы өніммен қатар, «жақсы көңіл күй» де сыйлау маңызды.

Сұхбатта Нұргүл Мидинқызының Алматыдан Астанаға көшіп келгені, балаларын еңбекке баулу мәселесі және кәсіпті алдағы жылдары дамыту жоспары да сөз болды. Ол жеміс-жидек пен көкөніс саудасымен айналысатын кәсіпкерлерге қолдау мен жеңілдіктер қажет екенін атап өтті.

Кәсіпкер жастарға да өз ісін бастауға қорықпай, еңбек етуге және тәжірибе жинауға кеңес берді.

Сұхбаттың толық нұсқасын “Адырна” порталының YouTube арнасынан көруге болады.

Пікірлер