Мәскеуге жаппай дрон шабуылдады. МӨЗ өртеніп, үш адам қаза тапты

134
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/CcLfWyVUo181XumBqkp24EtdyaTXRTvDLIpQOhHC.jpg

Фото: Reuters

Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің мәлімдеуінше, жексенбіге қараған түні Украина Ресей астанасына бұрын-соңды болмаған ауқымды дрон шабуылын жасаған. Оның айтуынша, Мәскеуге қарай ұшқан 450-ге жуық дронның жолы кесілген. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Ресей Қорғаныс министрлігі түні бойы елдің түрлі өңірлерінде, Қара теңіз бен Қырым аумағында 1110 украиналық дронның «ұсталып, жойылғанын» хабарлады.

Шабуылдан Мәскеудегі Капотня ауданында орналасқан Мәскеу мұнай өңдеу зауытының аумағы зақымданған. Украина тарапы зауыттың мұнай өңдеу қондырғыларының бірнеше бөлігіне соққы тигенін мәлімдеді. Зауыт Мәскеу мен оған жақын өңірлерді жанармаймен қамтамасыз ететін маңызды кәсіпорындардың бірі саналады.

Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің мәліметінше, өңірге 249 дрон шабуыл жасаған. Раменск округіндегі Софьино ауылында дрон көппәтерлі үйге түсіп, 44 жастағы әйел қаза тапқан. Кейін ауруханада тағы екі адам көз жұмған.

Шабуыл салдарынан ондаған тұрғын жарақат алған. Ауруханаларда 17 адам емделіп жатқаны, олардың арасында екі баланың бар екені хабарланды. Бір баланың жағдайы ауыр.

Мәскеу облысының бірнеше ауданында тұрғын үйлер, көліктер және басқа да нысандар зақымданып, өрттер шыққан.

Украина президенті Владимир Зеленский шабуыл кезінде алыс қашықтықтағы дрондармен қатар түрлі зымырандар қолданылғанын мәлімдеді. Ол олардың арасында Pelican және «Фламинго» жүйелері болғанын айтты.

Украиналық BBC қызметінің мәліметінше, Pelican атауы Fire Point компаниясы әзірлеген FP-7 «Пеликан» баллистикалық зымыранына қатысты болуы мүмкін. Оның мәлімделген қашықтығы 200–300 шақырым. Алайда Мәскеу бұл қашықтықтан алысырақ орналасқандықтан, зымыранның нақты қолданылғаны әзірге расталған жоқ.

Шабуылға байланысты Мәскеу әуежайларында уақытша шектеулер енгізіліп, «Аэрофлот» бірқатар рейстерін кейінге қалдырды немесе тоқтатты. Кейбір ұшақтар қосалқы әуежайларға бағытталды.

Пікірлер