Фото:baibolsyn.kz
Қазақстан жылқы саны бойынша әлемдік рейтингте төртінші орынға тұрақтады. Бұл туралы Ranking.kz жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 74 медаль жеңіп алған еді. Оның ішінде 32 медаль – алтын. Ұлттық құрама әсіресе ат спорты бағытындағы жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) деректеріне сәйкес, әлемде жылқы саны ең көп елдердің қатарында Қазақстан да бар.
Рейтингтегі алғашқы бес ел:
- Мексика – 6,4 млн бас;
- Бразилия – 5,7 млн бас;
- Моңғолия – 4,7 млн бас;
- Қазақстан – 4,4 млн бас;
- Қытай – 3,5 млн бас.
2025 жылға қарай Қазақстандағы жылқы саны 4,6 млн басқа жеткен. Осылайша еліміз жылқы саны бойынша әлемдегі ірі мемлекеттердің біріне айналып отыр.
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жылқы саны бойынша айқын көшбасшы саналады.
Мәселен, Қырғызстан әлемдік рейтингте 17-орында тұр. Елдегі жылқы саны – 553,5 мың бас. Өзбекстан 283 мың жылқымен 30-орында болса, Тәжікстан 92 мың бас көрсеткішімен 51-орынға жайғасқан. Ал Түрікменстанда жылқы саны 27,6 мың басты құрайды.
Қазақстандағы жылқы саны да соңғы бес жылда айтарлықтай өскен. 2020 жылы елде шамамен 3,1 млн жылқы болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4,6 млн басқа жетті. Осылайша бес жыл ішінде жылқы саны шамамен 48,4 пайызға артқан.
Ал Қырғызстанда дәл осы кезеңдегі өсім 4,9 пайызды құраған.
Қазақстанда жылқы шаруашылығы бір ғана өңірге шоғырланбаған. Еліміздің әр аймағында ірі жылқы шаруашылықтары бар.
Жылқы саны бойынша алдыңғы қатардағы өңірлер:
- Түркістан облысы – 499,9 мың бас;
- Абай облысы – 409,3 мың бас;
- Ақтөбе облысы – 399,7 мың бас;
- Қарағанды облысы – 399 мың бас.
Сарапшылардың пікірінше, жылқы шаруашылығының дамуына Қазақстанның кең жайылымдық жерлері мен мемлекеттік қолдау шаралары әсер етіп отыр. Елдегі жайылымдардың жалпы аумағы 2,7 млн шаршы шақырымнан асады.
Жылқы шаруашылығына салынатын инвестиция көлемі де бірнеше есеге өскен. Егер 2020 жылы жылқы өсіру саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция 3,5 млрд теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 26,2 млрд теңгеге жетті.
Ал инвестиция көлемінің ең жоғары көрсеткіші 2023 жылы тіркеліп, 49 млрд теңгені құраған.
Қаржы негізінен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, асыл тұқымды жылқы санын көбейтуге және шаруашылық нысандарын салуға бағытталуда.
Жылқы санының өсуі мен салаға құйылатын инвестицияның артуы Қазақстандағы дәстүрлі жылқы шаруашылығының жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде ұлттық ат спортының дамуына және көшпенділер мәдениетін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік беріп отыр.
