Қызғылт қоқиқаздар мекені. Қорғалжында Flamingo Fest фестивалі қалай өтті?

181
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zv0SlmsOcMil0VhuQEpFvpa4JDfbB0GnlFSHlaxj.jpg

Бүгін Ақмола облысының Қорғалжын ауылында екінші рет мәдени-туристік Flamingo Fest фестивалі өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Ауқымды шараға облыстың әр ауданынан, сондай-ақ Астана мен көршілес өңірлерден келген тұрғындар мен қонақтар қатысты.

Фестивальдің басты мақсаты – Қорғалжын өңірінің мәдениеті мен табиғи мұрасын танытып, экологиялық туризмді дамыту және қызғылт қоқиқаздарды қорғауға қоғам назарын аудару.

Шараның дәл осы өңірде өтуі заңды. Қорғалжын даласы мен көлдері алуан түрлі құс түрлерінің мекені саналады. Мұнда қызғылт қоқиқаздар мекендейді. Жыл сайын мыңдаған турист пен табиғат жанашыры осы бірегей құстарды тамашалау үшін өңірге келеді.

"Қорғалжын ауданында фестиваль екінші рет өтіп жатыр. Біздің табиғатымыз бен мәдениетімізді ұштастырып, туристерімізге көрсетпекшіміз. Біздің ауданда 84 көл, құстың 365 түрі бар. Осының бәрі біз үшін үлкен мақтаныш! Қорғалжын ауданына жылына екі мыңдай турист келеді. Оның саны екі-үш есе көбейсе, біздің ауданға экономикалық өсім әкелетіні сөзсіз", - деді Қорғалжын ауданының әкімі Алмас Алин.

Фестивальдің мәдени бағдарламасын Атбасар ауданынан келген «Молодость» халық ансамблі ашты. Өнерпаздар қоқиқаздардың әсемдігі мен қимылын бейнелейтін «Фламинго» хореографиялық қойылымын ұсынды. Музыкалық кешті Қорғалжын ауданының «Нұрлы саз» квартеті жалғастырды.

Мерекелік бағдарлама аясында Flamingo Art көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеге Ақмола облысының суретшілері туған өлкенің табиғатын бейнелейтін туындыларын ұсынды. Көрермендер кең дала, көлдер мен өңірдің көркем табиғатын суретшілер көзімен тамашалады.

Сонымен қатар жергілікті тұрғындар мен фестиваль қонақтары қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін тамашалап, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарымен танысты.

"Ата-бабамыз ең көп қолданған материал - күміс. Осы фестивальге күміс бұйымдарымды әкелдім. Әжелеріміз күміссіз қамыр илемеген. Қонаққа келген кісі үй иесі, әйелінің қолында күміс болмаса, ас ішпеген деседі. Бір жүзікті жасауға шамамен бір күндей уақытым кетеді", - дейді ата кәсіпті жалғастырған зергер Ертай Алтайұлы.

Фестивальдің негізгі шараларының бірі – қоқиқаздар мекендейтін табиғи аумақтарға ұйымдастырылған экскурсиялар. Қатысушыларға тәжірибелі гидтер мен қорық мамандары жол көрсетіп, өңірдің экожүйесі, құстардың тіршілігі және ерекше қорғалатын аумақтағы тәртіп талаптары туралы ақпарат берді.

Фестиваль қонақтары мен елшілік өкілдері арнайы Ұзынсор тұзды көліне барып, жабайы табиғат аясында қызғылт қоқиқаздарды тамашалады.

"Қоқиқаз ұнады, бірінші рет көрдім. Күлгін, кішкене ақ пен қызғылт түстес, мойны ұзын құс. Маған қатты ұнады", - дейді фестивальдің жас көрермені Құралай.

Flamingo Fest алғаш рет өткен жылы Қорғалжын ауданында ұйымдастырылған. Мәдениет, экологиялық ағарту және туризмді бір арнаға тоғыстырған фестивальге деген қызығушылықтың артуы оның биыл да өткізілуіне негіз болды.

Бүгінде Flamingo Fest Қорғалжын өңірінің табиғатын, мәдениеті мен дәстүрін кеңінен танытатын маңызды туристік алаңға айналып келеді. Ал жыл сайын осы мекенге қайта оралатын қызғылт қоқиқаздар өңірдің табиғи байлығы мен басты символдарының бірі саналады.

Пікірлер