Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылып жатыр – Иордания бақылаушысы

133
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/irLM7SNvDi0WPLaspB6HLVUiJU67Xa54RMCN2Y7H.jpg

Иордания Хашимит Корольдігі Тәуелсіз сайлау комиссиясының Комиссарлар кеңесінің мүшесі, халықаралық бақылаушы – Бушра Абу Шухут Қазақстан астанасындағы сайлау учаскелерін аралады.

Байқаушы сайлау учаскелерінің техникалық жабдықталу деңгейін, сайлаушыларды сәйкестендіру үдерісінің жолға қойылғанын және инклюзивтілікке ерекше көңіл бөлінгенін мәлім етті. Оның айтуынша, учаскелерде ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, кезектің алдын алу мақсатында сайлаушылар тізімінің әліпби ретімен бөлінуі логистиканың жан-жақты ойластырылғанын көрсететінін айтты.

«Мен халықаралық байқаушы ретінде бұған дейін де бірнеше рет жұмыс істедім, алайда Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін елде ауқымды саяси реформалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын көріп отырмыз. Соның бірі – жаңа бір палаталы Парламент үлгісіне, яғни Құрылтайға көшу. Қазақстанның парламенттік жүйені трансформациялау тәжірибесі бізде шынайы кәсіби қызығушылық тудырып отыр. Сондықтан оны мұқият зерделейтін боламыз» – деді ол.

Бақылаушының айтуынша, екі елдің сайлау жүйесінде айырмашылық болғанымен (Иорданияда екі палаталы Парламент сақталған), Қазақстан мен Иордания халықтарының ділі бір-біріне өте ұқсас.

«Байқау барысында бірнеше сайлау учаскесін аралап, ұйымдастырушылардың жоғары кәсібилігіне көз жеткіздік. Сайлау комиссияларының мүшелері өз міндеттерін жетік біледі және кез келген сұраққа толық жауап бере алады. Барлық санаттағы азаматтарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға тең жағдай жасаудың ең жоғары деңгейде қамтамасыз етілгенін ерекше атап өткім келеді. Қонақжайлық танытқаны үшін ҚР Орталық сайлау комиссиясына зор алғысымды білдіремін», – деді Бушра Абу Шухут.

Шетелдік бақылаушы Қазақстандағы сайлау барысының жоғары мәдениеті мен мінсіз ұйымдастырылуына да ерекше тоқталды. Оның бағалауынша, Қазақстан ашықтықтың, демократиялық қағидаттардың және заң талаптарын қатаң сақтаудың озық стандарттарын көрсетіп отыр. Сонымен бірге, ол сайлау комиссияларының мінсіз жұмысы, нақты жолға қойылған логистика мен заманауи технологияларды қолдану бойынша Қазақстанның сайлау өткізу тәжірибесін халықаралық деңгейде де жоғары бағаланатынын және бәріне бірдей бағдарға айналатынын айтты. 

Бақылаушының пікірінше, Қазақстан дауыс беруді жоғары деңгейде ұйымдастырып, елдегі әрбір азаматтың сайлау құқығына шынайы құрметпен қарайтынын көрсетіп отыр.

Пікірлер