Тоқаев АҚШ-та өтетін G20 саммитіне барады

284
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Ue9wkY0dVrZe73LiQ8dtXYIwViBbLNYArOZD5Hcw.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев желтоқсанда АҚШ-та өтетін G20 саммитіне қатысады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Майами қаласында өтетін саммитке мемлекет басшысы АҚШ президенті Дональд Трамптың шақыруымен барады.

Саммитке дайындық мәселелері Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Пол Капурдың кездесуінде талқыланды.

«Кездесу барысында 2026 жылдың желтоқсанында Майамиде өтетін G20 саммитіне дайындық мәселелері бойынша пікір алмасу болды. Саммитке мемлекет басшысы АҚШ президенті Дональд Трамптың шақыруымен қатысады. Осыған байланысты тараптар жоғары деңгейдегі күн тәртібін мазмұнды түрде толықтыру мақсатында өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін білдірді», – делінген хабарламада.

Кездесуде Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен кеңейтілген стратегиялық әріптестіктің даму перспективалары қарастырылды.

Тараптар экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне де ерекше назар аударған.

«Америка тарапы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады және энергетика, стратегиялық маңызы бар минералдар, озық технологиялар, цифрландыру, көлік және инвестициялар салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге үлкен әлеует бар екенін атап өтті», – деп мәлімдеді СІМ.

Ермек Көшербаев Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы айтып, елдің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын жеткізді.

Кездесуде 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы да сөз болды. СІМ бұл науқан жаңа конституциялық модельді іс жүзінде жүзеге асырудағы маңызды кезең болатынын атап өтті.

Сондай-ақ тараптар Қазақстанның су ресурстарын жаһандық басқару жүйесін нығайту жөніндегі бастамасын талқылады. Әңгіме Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі ретінде Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысы төңірегінде өрбіді.

Пікірлер