Астана қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлия Мақаеваға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Істің нақты қай бап бойынша тергеліп жатқаны әзірге белгісіз.
«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген хабарламада.
Әлия Мақаева Ресейдің Новгород облысында дүниеге келген. 2001 жылы Орал мемлекеттік заң академиясының заң факультетін тәмамдаған. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын Астана қаласындағы Алматы ауданы ішкі істер басқармасының тәрбие және кадр жұмысы жөніндегі инспекторы ретінде бастаған. 2004–2018 жылдары Есіл ауданы көші-қон полициясының аға инспекторы қызметін атқарған. Кейін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелерімен айналысып, азаматтық және иммиграция бөлімінде ерекше тапсырмалар бойынша жұмыс істеген.
2022 жылдың наурызында елордалық полицияның көші-қон қызметі басқармасындағы азаматтық және иммиграция бөлімінің басшысы болып тағайындалса, кейін басқарма бастығының орынбасары қызметіне көтерілген.
