Кәсіпкердің кесірінен Түркістан облысының тұрғындары ауыз сусыз қалуы мүмкін

2736
Adyrna.kz Telegram
Фото: baq.kz
Фото: baq.kz

Кәсіпкердің кесірінен Түркістан облысының тұрғындары ауыз сусыз қалуы мүмкін, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Біздің шыдамымыздың да шегі бар. Бір кәсіпкердің әрекетінен жергілікті тұрғындардың барлығы зардап шегуде. Күн өткен сайын жұмыс қарқынды жүргізіліп, соның салдарынан өңірдегі су деңгейі төмендеп барады», – деп наразылықтарын білдірді Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылдық округінің тұрғындары “Отырар” басылымына  берген сұхбатында.

Айтуларынша, кәсіпкерлер 15 жылдан бері жүргізген карьер жұмыстарының кесірінен су деңгейі төмендеп жатыр. Қызыл кітапқа енген өсімдіктері бар аумақ шөлге айналған.

«Бізде су соратын құдық бар. Қазір суды сору өте қиын. Бұрын тұтқаны бір айдағанда 2 жарым литр су шығатын. Енді сол мөлшерде су алу үшін 10-20 рет сору керек», – дейді тұрғын Жасдәурен Өтенбаев.

Бұл ретте полицейлер арыздарды қабылдамай, карьердегі заң бұзушылықтарды көрмей отыр. Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Азат Оралбаевтың айтуынша, аталған кемшіліктер үшін компанияға қазірдің өзінде 51 миллион теңге айыппұл салыныпты.

Басылым карьерге иелік ететін компания жерді 2049 жылға дейін жалға алғанын атап өтеді. Тұрғындар үзілді-кесілді қарсы. Кәсіпкер жұмысын тоқтатпаса, үкімет пен президенттен көмек сұрауды жоспарлап отыр.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер