Атырау облысында пациенттерден тегін көрсетілуі тиіс медициналық қызмет үшін заңсыз ақы алған хирург-дәрігерге қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды “Адырна”.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, дәрігер 2023–2025 жылдар аралығында «Family Health Clinic» және «Ким В.» клиникаларында еңбек етіп, варикоз ауруына операция жасаған. Алайда ол бұл қызметтердің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін көрсетілетінін емделушілерден жасырған.
Тергеу барысында анықталғандай, дәрігер бір медициналық қызмет үшін екі рет табыс тапқан. Тегін жасалуы тиіс операциядан бейхабар болған 42 пациент оның жеке банк шотына жалпы сомасы 8 миллион теңгеден астам қаражат аударған.
Сонымен қатар, «DamuMed» ақпараттық жүйесіне операциялар МӘМС аясында тегін көрсетілді деген жалған мәлімет енгізілген. Соның негізінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аталған клиникаларға 14,8 миллион теңгеден астам қаржы аударған.
Бұған қоса, хирург қызметтік міндетін орындағаны үшін науқастардан заңсыз ақшалай сыйақы алып отырғаны анықталды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді. Күдіктіге қатысты «елден кетпеу туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
