Фото: ERR
Швейцарияда өткен Иран мен АҚШ арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздердің алғашқы раунды аяқталды. Иран билігінің мәлімдеуінше, тараптар Ливандағы әскери қақтығысты тоқтату бағытында айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізген, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Euronews-ке сілтеп.
Ақпаратқа сәйкес, келіссөздер нәтижесінде Иран мен АҚШ Ливандағы атысты тоқтату режимінің сақталуын бақылауға арналған арнайы үйлестіру орталығын құруға келісті. Бұл құрылымның жұмысына Ливан үкіметі де қатысады. Делдалдық міндетті атқарған Пәкістан мен Катар өкілдері кездесудің «оң және сындарлы жағдайда» өткенін хабарлады.
Тараптар алдағы апталарда техникалық консультациялар өткізіп, ықтимал бейбіт келісімнің нақты тетіктерін әзірлеуді жоспарлап отыр. Дипломатиялық процесс 60 күнге есептелген және оның басты мақсаты – Иранға қарсы әскери іс-қимылдарды толық тоқтату жөніндегі келісімге қол жеткізу.
Дегенмен келіссөздердегі негізгі түйткіл Ливан мәселесі болып қалып отыр. Иран Ливандағы әскери әрекеттерді тоқтату туралы тармақтың келісімге енгізілуін талап етсе, Израиль өз аумағына қауіп төндіретін қарулы топтарға қарсы операциялар жүргізу құқығын сақтап қалуды көздейді.
Келіссөздер барысында Ормуз бұғазы мәселесі де көтерілді. Иранның бұғаздағы жағдайға қатысты мәлімдемелерінен кейін тараптар халықаралық теңіз қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын талқылаған. АҚШ бұғаз арқылы кеме қозғалысы жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар ядролық бағдарламаға қатысты мәселелер бойынша да қызу пікір алмасу өткен. Сарапшылардың пікірінше, алдағы техникалық консультациялар келіссөздердің тағдырын айқындайтын маңызды кезең болмақ.
Айта кетейік, келіссөздердің басталуы алдында АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қатысты қатаң мәлімдемелері жағдайды күрделендірген еді. Соған қарамастан тараптар диалогты жалғастыруға уағдаласып, қақтығысты дипломатиялық жолмен реттеу мүмкіндігін сақтап қалды.
