Фото: sxodim.com
Almaty SuperSki жобасы заңнамада қарастырылған барлық келісу рәсімдерінен өтіп, қажетті рұқсаттарды толық алды. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
«Almaty SuperSki жобасы экологиялық сараптаманы, ғылыми талдауды және қоғамдық тыңдауларды қоса алғанда, заңда қарастырылған барлық келісу рәсімдерінен өтті. Қоршаған ортаға, топыраққа, суға, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне, сондай-ақ адамдардың денсаулығына ықтимал әсерлері зерттелді. Бүгінгі таңда барлық қажетті рұқсаттар алынды деп ойлаймын. Сондықтан қазір басты назар жобаны уақтылы іске асыруға аударылып отыр», – деді Мырзабосынов.
Өз кезегінде Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев Көкжайлау жобасының коммерциялық бөлігі тек жеке инвестициялар есебінен салынатынын айтты.
«Қонақүйлерді, орналастыру орындарын, туристік және коммерциялық инфрақұрылымды бюджет қаражатына салу дұрыс емес», – деп есептейді ол.
Ал инженерлік желілер, сумен жабдықтау жүйелері, аспалы жолдар мен шаңғы трассаларына келсек, оның айтуынша, бұлардың барлығы әлемнің кез келген елінде мемлекет қаржысы есебінен салынатын инфрақұрылымдық жобалар. Оның сөзінше, қазіргі уақытта жобаны дамыту жұмыстары «Бәйтерек» жүйесінің өз қаражаты есебінен жүргізілуде, ал мемлекеттік бюджеттен бұл жобаға қаражат бөлінбеген.
«Біздің болжамдарымыз көрсеткендей, бұл жоба инфрақұрылымдық сипатқа ие болғанына қарамастан, теміржолдар, автомобиль жолдары немесе көпірлер сияқты ұзақ мерзімді өтелімді қажет ететін нысандардан ерекшеленіп, салынған инвестицияларды жеткілікті түрде тез қайтарады. Көкжайлау немесе Almaty SuperSki инфрақұрылымдық жоба бола тұра, өзін-өзі ақтау мерзімі жағынан тиімді», – деп атап өтті Еркінбаев.
Ол жүргізілген есептеулерге сүйене отырып, егер курортқа бір миллион шетелдік турист келіп, олар Алматыда немесе Қазақстанда кем дегенде үш күн өткізсе, онда ел экономикасына жыл сайынғы тікелей кіріс көлемі 1 миллиард АҚШ долларын құрайтынын айтты.
