2026 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша Өзбекстан туристер ағынының өсу қарқыны жөнінен әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына енді. Есепті кезеңде республикаға келген шетелдік келушілер саны өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 37 пайызға артқан. Бұл мәліметтер БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік туризм ұйымының (UN Tourism) сарапшылары дайындаған баяндамада жарияланды, деп хабарлайды “Адырна”.
Аталған рейтингте Өзбекстан Тынық мұхитындағы аралдық мемлекет – Палаумен бірге туристер санының өсуі бойынша алғашқы бестікке кірді. Палауда да келушілер саны 37 пайызға көбейген.
Рейтингтің жоғарғы орындарында:
- Парагвай – +46%;
- Жаңа Каледония – +45%;
- Сальвадор – +43%;
- Моңғолия – +39%.
Шетелдік туристерден түскен табыс көлемі бойынша қарастырғанда, екі таңбалы өсім көрсеткен елдер қатарына мыналар енді:
- Пәкістан – +60%;
- Оңтүстік Корея – +38%;
- Марокко – +24%;
- Бруней – +22%;
- Бразилия – +12%.
Жалпы алғанда, 2026 жылдың бірінші тоқсанында халықаралық сапарға шыққан адамдар саны шамамен 307 миллионға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға өскен. Осы көрсеткішпен салыстырғанда Өзбекстандағы туристер ағынының 37 пайыздық өсімі айтарлықтай жоғары нәтиже болып отыр.
Баяндама авторларының мәліметінше, жыл басында әлемдік туристік ағымның өсімі 2,5 пайызды құраған. Алайда 28 ақпанда басталған Таяу Шығыстағы қақтығыс жағдайға кері әсерін тигізді. Нәтижесінде наурыз айында өсім сақталғанымен, көрсеткіш 0,4 пайызға дейін төмендеген.
Мәселе тек әуе қатынасының шектелуінде емес. Аймақ елдеріне жету қиындап, шетелдік туристердің келуі 14 пайызға азайған. Иранның АҚШ пен Израильмен қарулы текетіресі мұнай бағасының күрт қымбаттауына және авиациялық отын тапшылығына әкелді. Соның салдарынан әуе билеттерінің бағасы өсіп, рейстердің өткізу мүмкіндігі төмендеді.
БҰҰ Туризм жөніндегі бас хатшысы Шейха Аль-Нувайс бұл жағдайға қатысты:
«Таяу Шығыста жалғасып жатқан қақтығыс туристік ағындарға тек өңір ішінде ғана емес, одан тыс жерлерде де әсер етуде. Әсіресе көлік пен орналастыру салаларындағы инфляцияның өсуі байқалады. Бұл жағдай саяхатшыларға, кәсіпкерлерге және туристік бағыттарға қосымша қысым түсіруде. Сонымен қатар туризмнің экономиканы қолдау, жаңа мүмкіндіктер құру және жергілікті қауымдастықтарды сақтау ісіндегі маңызды рөлін тағы бір мәрте дәлелдейді», – деді.
Қазіргі күрделі геосаяси жағдайға байланысты сарапшылар алдағы кезеңге сақтықпен болжам жасап отыр. Бұған дейін 2026 жылы туристік ағын 3–4 пайызға өседі деп күтілсе, қазір бұл болжам 1–2 пайыздық тармаққа төмендетілді.
Соған қарамастан, мамандардың басым бөлігі маусым-шілде айларында рейтинг көшбасшысы Солтүстік Америка болады деп есептейді. Өйткені АҚШ, Канада және Мексика қабылдайтын футболдан әлем чемпионаты әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген жанкүйерді тартатыны сөзсіз.
Өзбекстанның Ресейдегі елшілігі Украинамен соғысу үшін батальон құрмақ болған Ресейдегі өзбек диаспорасына жауап берді
