Қазақстан мен Өзбекстанда мигранттарға арналған орталықтар ашылуы мүмкін – ЕО

100
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/lX8O8eGHaqFz8vr84ZyZWJtS9yYkTQUE5L6WHpQJ.jpg

Еуропалық парламент, Еуропалық комиссия және Еуроодаққа мүше мемлекеттердің өкілдері көші-қон саясатын қатаңдататын жаңа регламент бойынша алдын ала келісімге келді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ға сілтеп.

Құжат ЕО аумағында баспана алу өтініші қанағаттандырылмаған және елде заңды түрде қалуға құқығы жоқ мигранттарды үшінші елдердегі арнайы орталықтарға жіберуге мүмкіндік береді. Еуроодақ кеңесінің мәліметінше, жаңа регламент мигранттарды елден шығару рәсімдерін жеделдетуге және ЕО аумағында заңсыз жүрген азаматтарды қайтару көрсеткішін арттыруға бағытталған.

Кипр Республикасының көші-қон мәселелері жөніндегі министрінің орынбасары Николас Иоаннидестің айтуынша, жаңа ережелер Еуроодақтың көші-қонды басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Шетелдік ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, мигранттарға арналған мұндай орталықтарды құру идеясын Германия, Аустрия және Дания сияқты бірқатар мемлекеттер қолдап отыр. Болашақта Еуроодақпен әріптестік орнатуы мүмкін елдердің қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Руанда және Уганда аталады.

Жаңа регламент заңды негізсіз ЕО аумағында қалудан бас тартқан мигранттарға қатысты жауапкершілікті де күшейтеді. Атап айтқанда, оларды уақытша қамауға алу жиілеп, Еуроодақ елдеріне қайта кіруге тыйым салу шаралары кеңінен қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар заңсыз көші-қонмен күрес аясында әлеуметтік төлемдерді қысқарту немесе толық тоқтату тетіктері де қарастырылған.

Ақпаратқа сәйкес, жаңа регламент алдағы бірнеше апта ішінде Еуропалық парламент пен ЕО елдері тарапынан түпкілікті бекітілуі тиіс. Сарапшылар бұл рәсімнің негізінен формалды сипатта болатынын атап өтуде, өйткені бастама бұған дейін Еуропарламенттің профильдік комитеті мен депутаттар корпусы тарапынан қолдау тапқан. Ал құқық қорғау ұйымдары жаңа ережелерді сынға алып отыр. Олардың пікірінше, мигранттарды өздерімен ешқандай байланысы жоқ үшінші елдерге орналастыру адам құқықтарының бұзылуына әкелуі мүмкін.

Пікірлер