Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін өзіне және бапкерлер құрамына жалақы төлеу толық тоқтатылғанын мәлімдеді. Бұл туралы спортшы Тимур Балымбетовке берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол жаңа маусымға дайындалу уақыты келгенін жеткізді.
«5 айдан бері маған жалақы төленбей келеді. Қазір келесі маусымға дайындалуым керек, бірақ қалай дайындаларымды түсінбеймін. Оқу-жаттығу жиындары жоспарланған, бағдарламамды қоятын күндер де белгіленген. Бағдарлама қою шығындарын төлей ме деп бірнеше рет сұрадық. Әр адам әрқалай сөйлейді. Маған ештеңе түсінікті емес. Негізі мен «мені қолдамайды» деп ашық айтқанды ұнатпаймын. Жалақымды не үшін жариялағандарын да түсінбеймін. Бұған дейін ешқашан мұндай мәселе көтермегенмін. Тек 2025 жылы маған қолдау керек екенін, мұз айдыны қажет екенін айттым»,–деді спортшы.
Шайдоров өзіне қатысты қаржылық ақпараттың жария болуын заңға қайшы деп санайтынын атап өтті.
«Негізі бұл тақырыпта көп сөйлегенді ұнатпаймын. Барлығымен қарым-қатынасым да күрделі. Мен тек дамып, сырғанағым келеді. Мен үшін еліміздің алтын қорындағы спортшы болып қалып, көк туымызды әрдайым көтеріп жүру маңызды. Себебі менің әлеуетім өте жоғары»,–деді ол.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров 2026 жылғы Қысқы Олимпиадада Қазақстанға мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш алтын медаль сыйлаған болатын.
