Өнер мен руханият мерекесі: Көкшетауда мәдениет қызметкерлері марапатталды

174
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/B1XChRFuox58FJLlN9bqiIFi46PNqrSwcr13bcCO.jpg

Көкшетау қаласындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты марапаттау рәсімі мен ауқымды гала-концерт өтті.

Аймақтың түкпір-түкпірінен келген жүздеген өнерпаздар, музыканттар мен қолөнер шеберлері бас қосқан кештің басты оқиғасы – мәдениет саласының үздіктерін ведомстволық наградалармен марапаттау болды.

Мерекелік кеш алғашқы минуттардан-ақ көрермендерді ерекше атмосфераға бөледі. Мәдениет сарайының фойесінде ұйымдастырылған Art-аллеяда талантты суретшілердің туындылары мен қолөнер шеберлерінің бірегей жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме сахна төрінде жалғасатын өнер мерекесінің жарқын бастауы іспетті болды.

Кеш шымылдығы Дина Нұрпейісованың әйгілі «Науаи» күйін жас домбырашылар ансамблінің орындауымен ашылды. Өнерпаздардың шебер орындауы көрермендерді тәнті етті. Бұдан кейін Ерейментау ауданынан келген қобызшылар ансамблі, жетігеншілер ұжымы және Қазақ халық ұлттық аспаптар оркестрі қазақтың төл музыкалық аспаптарының әсем әуенін паш етті.

«Мәдениет – ұлттың жаны, ал өнер – оның рухани үні. Мәдениет қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында ұлттық құндылықтар, тарихи жады және ұрпақтар сабақтастығы сақталып келеді. Бүгінде Ақмола өңірінің өнер майталмандары қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде танытып, қоғамның рухани бірлігін нығайтуға зор үлес қосып жүр», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Кештің негізгі бөлігінің бірі – салтанатты марапаттау рәсімі болды. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен 11 сала маманы марапатталды. Атап айтқанда, Бурабай аудандық мәдениет үйінің директоры Айсулу Жамантықова, «Сазды әуен» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Амангелді Райханұлы, Көкшетау қаласы тарихы музейінің директоры Алмас Темірбай, сондай-ақ Салтанат Тәжбенова, Светлана Горбань, Бауыржан Нұрымбетов, Әсем Ибраева, Гүлмира Зарапова, Бейбіт Кешу, Виктория Манукян және Марал Жақыпова марапатқа ие болды.

«Мен бұл салада 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Бүгін мәдениет қызметкерлері күні біздің еңбегіміз жоғары бағаланып жатыр. “Мәдениет саласының үздігі” наградасын алу – мен үшін үлкен қуаныш. Музей саласында еңбек ете отырып, мәдени мұраны болашақ ұрпаққа жеткізуге өз үлесімізді қоса береміз», – деді Көкшетау қаласы тарихы музейінің ғылыми қызметкері Гүлмира Зарапова.

Сонымен қатар, Нұрболат Әлменов пен Рустам Жахин «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Ал Аян Қажыбай, Даулет Мұхтархан және Анара Сатыбаева салалық министрліктің алғыс хаттарына ие болды.

«Барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Бүгінгі гала-концерт – біз үшін үлкен мереке. Әдебиет және өнер музейінде 15 жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы уақыт ішінде өңіріміздің мәдениеті мен өнері айтарлықтай дамыды. Бұл сала біз үшін өте қымбат әрі жақын. Марапат алған барлық әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын», – деді Әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Нұрболат Әлменов.

Көкшетауда өткен бұл мерекелік кеш мәдениет пен өнердің Ақмола облысының қоғамдық өмірінде айрықша орын алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Сондай-ақ осы саланың дамуына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, қолдау табатынын көрсетті.

Пікірлер